“Әліппенің” оралуы – ұлттық рухтың жаңғыруы

Білім сапасы негіздерін қалыптастыратын бастаукөз – «Әліппенің» мазмұны мен технологиялық тиімділіктерін жетілдіру қажеттілігіне ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қай кезде де жұрт назарын аударып отырғаны баршамызға мәлім. Елбасы алға қойған талаптар мен бағдарларды жүзеге асыру жолында ҚР БҒМ-нің ұйымдастыруымен бірнеше авторлық топтар құрылып, жаңа «Әліппе» оқулығын дайындаумен айналысты.

Авторлық топтарға үздік майталман маман мұғалімдер, білікті әдіскер ғалымдар тартылып, олар тиісті курстардан өткізіліп, мемлекеттік тапсырысты орындап шықты. Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында нақты тапсырмалар бергені «Әліппе» дайындау жұмысына да серпінді ықпал етті. Елімізге белгілі әрі мектеп оқулықтарын басып шығарудың заманауи технологиясын жетік қолданатын «Атамұра» баспасынан жақында жаңа «Әліппенің» жарық көруі бүкілхалықтық үміттің ақталуындай қуанышқа бөледі.

Жаңа «Әліппені» дайындау барысында бұрын-соңды болмаған бірқатар жұмыстар атқарылды. Мысалы, соның тек біреуін ғана айтар болсам, бұрын оқулықтарды сараптамадан өткізген кезде оқулықтарды «Оқулық» орталығының сайтынан ғана көруге болатын, ал осы жолы «Әліппе» оқулығы бірнеше ай бойы әлеуметтік желіге қойылып, қоғамдық талқылауға салынды. Мұнда барлық Қазақстан азаматтарына оқулық туралы ой-пікірлері мен ұсыныстарын қалдырып, таңдау жасауға толық мүмкіндік берілді. Бұл ҚР БҒМ-нің құптарлық креативті бастамасы болды.

Мен де тәжірибелі ұстаз ретінде осы бастаманы қолдап, «Әліппе» оқулығының дайындалу барысын жіті қадағалап, «Әліппенің» қайта оралуына тілекші болып отырдым. Көптен күткен жаңа «Әліппемізді» қолыма алып, тәжірибелі ұстаз ретінде осы оқулықтың ерекшелігімен, жаңалығымен бөлісуді жөн көріп отырмын. Осы орайда едәуір күрделіліктер туындатып отырған пандемия қарсаңында, жалпы қоғамдық дағдарыс жағдайында «Әліппені» дайындап, жарыққа шығаруды қамтамасыз еткен министрлікке және оның басшысы Асхат Қанатұлы Аймағамбетов мырзаға алғысымыз шексіз.

Білім әлемінің табалдырығын аттаған мыңдаған баланы, олардың ата-аналарын, ұстаздарды, жанашыр қауымды қуанту бақытына ие болып отырмыз. Министріміз Асхат Қанатұлының Ахмет Байтұрсынұлы әдістемесін жаңғырту бастамасымен «Әліппе» оқулығы әзірленіп, ортамызға оралды. Бұл оқулық балаларды оқу-жазуға үйрету қызметімен ғана емес, ғасырдан астам тарихымен де қымбат. Сондықтан «Әліппенің» оралуы – бүкіл еліміз үшін ұлттық рухтың жаңғыруы деп санаймыз. Ең бастысы, «Әліппе» бас ұстазымыздың тапсырмасымен оқу жылының алғашқы күні мектеп табалдырығын аттаған 1-сынып оқушыларына табысталады.

Бұндай іс-шараның тәрбиелік мәні зор. Білім әлемінің «даналығына» жетелейтін «Әліппені» салтанатты түрде тапсыру балалардың бойына  ұлттық рухани құндылыққа деген сүйіспеншілікті қалыптастырары сөзсіз. Бұл «Әліппенің» тек аты ғана емес, құрылымы мен мазмұны да, қойылатын талабы да бұрынғыдай сақталыпты. Оқулықта оқу мен жазуға даярлау және жаңа дыбыс пен әріпті таныту, оқу-жазуға үйрету оқу тапсырмалары жүйелі де мазмұнды берілген. Әсіресе, «Әліппенің» әдемі, қазақы танымға лайық суреттері кітаптың мұқабасы мен ішкі мазмұнында үйлесімді көрініс тапқан.

Оқулықты ашқаннан-ақ, білім алуға қадам жасап жатқан балдырғандар білім ошағы – мектеппен, жарқын жүзді мұғаліммен, өздері сияқты балалармен, өз елінің Елтаңбасы, Туы және Әнұранымен танысып, осы суреттермен сөйлем, әңгіме құрауға үйрене алады. Оқулықта әр сабақтың  оқу материалдары мен тапсырмаларының Ахмет Байтұрсынұлының дыбыстық әдіс  жүйесін қолдануды мүмкін ететін формада берілгенін байқауға болады. Әліппенің даярлық кезеңінде қазақ тілінің дыбыстары мен олардың таңбаларын меңгертуге негіз болатын тілдік ұғымдарды (сөйлем, сөз, буын, дыбыс) практикалық түрде үйрету мақсатында оқулықта арнайы сызба-модельдер қолданылған.

Мысалы, оқулықтың 9-12-сабақ оқу материалдары мен  тапсырмалары әдіскер ғалымның «Дыбыспен жаттығу» еңбегінде көрсетілген «әуелі балаларға әртүрлі дыбыс бар екенін білдіру»; «балаларға таныс сөздерді алып, олардың ішіндегі қандай дыбыстар барын айырту»; «бөлек-бөлек дыбыстарды тіздіріп, сөз айтуды білдіру»; «сөз ішіндегі дыбыстарды, екі, үш буынды сөздің, тұтас сөздің ішіндегі дыбыстарды айырту»; «дыбыстарды қосып, сөз айтуды үйрету» әдістемелік талаптарының негізінде жүзеге асырылған.

«Әліппе» авторларының «Жаңа дыбыс пен әріпті танытуда дыбыстық жалқылаулы-жалпылау әдісін жүйелі қолдану оқушылардың дыбыстық талдау және жинақтау дағдыларының дамуын, оқу мен жазу жолдарын меңгеруін, түрлі оқу әрекеттерін үйренуін мүмкін етеді», – деген пікірлерінде дидактикалық мазмұны салмақты ой танылады. Яғни, дыбыстық әдісті басшылық орынға ұстай отырып, мұғалім оқушының дыбыстық талдау және жинақтау дағдыларын, оқу мен жазу дағдыларын, басқа да оқу әрекеттері дағдыларын қалыптастырып, дамыта түседі.

Авторлардың «дыбыстық әдіспен» жұмыс жасау процесін іштей кезең-кезеңге бөліп көрсеткен тұсы оқулықта өте ұтымды шыққан. Мысалы, кез-келген жаңа дыбыс пен оның әрпін танытудың көкшіл түспен берілген оқу материалдары – сюжетті сурет, дыбыстық талдау сызбасы бар жеке сурет, дыбыстың айтылу сұлбасы, әріптің баспа және жазба түрлері, әріптің сұлбасын түрлі заттармен жасау үлгісі арқылы оқушылардың дыбыстық талдау дағдыларын дамыту көзделген. Қызғылт түспен берілген  буын, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін арқылы  оқушылардың дыбыстық жинақтау дағдыларын дамыту жүзеге асырылған.

Бұдан Ахмет Байтұрсынұлының жалқылаулы-жалпылау әдісінің негізінде талдау және жинақтаудың белгілі бір дыбыс пен оның әрпін танытуда бірінен кейін бірінің жүргізілетінін, бұл әдістің өміршеңдігін байқауға болады. «Әліппенің» әр бетінің соңғы бөліктерінде саралау материалдарының берілуі оқулықтың жаңашылдық бағыттылығын көрсетеді. Өйткені, 1-сынып оқушыларының қабілеті мен мүмкіндігіне және ерекшелігіне қарай саралап оқыту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бізге шын мәнінде, оқыту әдіс-тәсілін  жаңарту керек, жақсарту керек.

Бұл тұрғыда оқулық материалдарының  зерттеушілікке бағыттайтын, болжам жасауға, қарама-қарсы пікір айтуға, белгілі тақырыпқа пікірталасқа түсуге  жетелейтін және  «не білемін?, нені білгім келеді?, нені үйрендім?» тұрғысынан өз әрекетін талдауға үйрету мақсатын көздейтін  тапсырмалар жүйесінен  тұруы да «Әліппенің» артықшылығын көрсетеді. Оқулықта әртүрлі заттардан әріп сұлбасын жасау және  орны ауыстырылып берілген сөйлемдерден мәтін құрастыру (Ахмет Байтұрсынұлыша «Қайсысын қайда қою?») оқу тапсырмалары өте жүйелі берілген.

Мұндай тапсырмалардың оқушыларды белсенді әрекетке түсіріп, оларды нәтижеге жеткізетіні сөзсіз. Әліппенің «Сөз тану» шартты белгісімен берілген тыңдау материалдарының 1-сынып оқушысы бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталғаны көңіл құптарлық. QR код арқылы жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, өлеңдерді тыңдату және олардың әрқайсысымен жұмыс ұйымдастыру оқушылардың ойын, тілін, есте сақтауын дамытып қана қоймайды, оларды  ана тіліне, Отанына, халқына, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарай білуге де үйретеді.

Демек Ахмет Байтұрсынұлы әдістемесінің негізінде  ұлттық табиғи логикамен жазылған «Әліппе» ұлттық рухани құндылықтарды бойына сіңірген жеке тұлғаның қалыптасуына негіз бола алады деген сенімдеміз.

Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстан Республикасының Еңбек Ері,
“Алтын жұлдыз”, “Отан” ордендерінің иегері,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген
қайраткері, Қазақстан Республикасы білім беру
ісінің Құрметті қызметкері, Қазақстан педагогикалық
ғылымдар академиясының академигі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

“Әліппенің” оралуы – ұлттық рухтың жаңғыруы

  1. Сәлеметсіздер ме! “Атамұра” баспасы көптен күткен “ӘЛІППЕ” оқулығын басып шығарды. Басылым өте жарқын, қызық мазмұнда басылған. Ішіндегі оқу материалдары оқушының жан-тану ерекшеліктеріне сай жасалған. Оқулықтың әдемі суреттері, мәтіні сапалы және оқулықтың мазмұнымен байланысты болып келеді. Мен, ата-ана бола отырып менің балаларымның осындай өте жақсы басылым бойынша білім алатындарына қуаныштымын. Мен өз атымнан “Атамұра” басылымына алғыс білдіремін.

  2. “Әліппенің” оралуы ұзағынан болсын! Ахаң жазған Әліппені қалай дәріптесе де артық емес. Сол үлгіде болса балаларға жақсы базарлық. “Атамұра” баспасының игілікті ісіне рахмет! Қостанайдан Ақылбек Шаяхмет

  3. Қайырлы күн! “Әліппеміздің” қайта оралғанына өте қуаныштымыз? Керемет жаңалық?Кітаптың сапасы да мақтауға тұрарлықтай! Атамұра баспасына рахмет!!!

Добавить комментарий