Абай шығармашылығының өміршеңдігі неде?

Жас ұрпақты тәрбиелеу  қоғам дамуының  қай кезеңінде болмасын уақыттың талап-тілегіне сай үздіксіз жүзеге асырылып  отырады. Осы ретте  барлық  ұстаздар қауымының алдында тұрған басты мәселе-өзіндік пікірі бар, ойлы, сезімді, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Дана Абай ақыл, қайрат, жүрек үшеуінің төрешісі ретінде  ғылымға негіздеп,  адамның жақсы өмір сүруіне жол көрсетеді. Абай шығармашылығы қашанда өзекті, өміршең. Ақын сөзіне үңіле білген адамзат баласы сұрағына жауап алып, өз бағытын анықтай алады. 

Адам баласы қаншама жаңа өзгеріс  пен дамудың сатысынан өтсе де, рухани мұра мәйегінен сусындау үшін ақынның сарқылмас мұрасына қайта-қайта үңіліп, сусындай береді. Өйткені ақын сөзі-адамгершілік пен  терең ойдың қазынасы. Ұлы Абай атамыз  жас ұрпақтың терең  білім алып, ғылым саласын  жан-жақты меңгеруіне айрықша назар аударғандығын  оның өлеңдері мен қара сөздерінен  оқып біле аламыз. Қоғам үшін, ел үшін  білім мен ғылым өркениетке бастар алғы шарт екендігін ұлы ойшыл жете түсініп, жан-тәнімен терең ұғынып, білім алу бүгінде әрбір адам баласы үшін басты мақсат, үлкен жауапкершілік екенін түсіндіреді.

Бүгінгі күні елімізде  білім-ғылымға  ерекше  көңіл бөлініп, жас ұрпақ  үшін жан-жақты жағдай жасалып, түрлі елдермен тәжірибе алмасып, жаңа технологиялар мен әдіс-тәсілдер тиімді іріктеп алынуда. Олай болса  ұлы Абайды толғандырған білім мен ғылым мәселесінен біздер бүгінде нені ұғамыз? Елім, жерім дейтін жас  ұрпақтың бойында  білім алуға, ғылым саласын терең зерттеп, елінің пайдасы үшін иіглікті ісетер жасайтын қасиеттерді байқай алып жатырмыз ба?

Ұлы ақынның «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты өлеңінде ақын ғылымды жас кезден бастап  үйреніп,  білуге ерекше назар аударады.  Жас күнінде  біліммен дос болып, ғылымның құпияларын зерттеп, тануға қызығушылықтарын арттыру үшін үзбей оқуға шақырады. Уақытында алынған білімнің пайдалы екенін, ер жеткен соң бәрі кеш екендігін ұқтырады. Сол себепті де бүгінгі  әрбір жас ұрпақ білімнің  ұлы күш екендігін   ерекше сезінгені, саналы түрде тереңнен қабылдағаны дұрыс болар. Білімді тек пәнді оқу мақсатында ғана емес,  әр пәннен алған білімі мен дағдысын өмірде кеңінен қолданып, ел дамуының алғы шарты ретінде дұрыс қолдана білу.

Сол себепті бүгінгі жас ұрпаққа саналы тәрбие мен терең білм беруде ұлы Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін оқытып,  өзіндік ой,  қорытынды  жасата білу. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтап  қалу үшін жас ұрпаққа Абай атамыздың шығармаларын оқытып, тәрбиелеу өте маңызды. Оқушыларға білім беруде  тек  пәндерді игерту ғана емес, адами қасиеттерге тәрбиелеуге баса назар аударуымыз қажет. Жас ұрпаққа білім мен тәрбиенің егіз екенін ұғындырып, әрбір саналы азаматтың адами қасиеттерден арылмай, өмірде өз орнын тауып, жақсы мен жаманды ажырата алатын, алған білімін елінің пайдасына, мемлекеттің алға қарай дамуына қолдана алатын саналы, отансүйгіш азамат тәрбиелеу.

Сонда ғана біз берген білім мен тәрбиенің пайдасын көре аламыз деп ойлаймыз. Яғни  Абай атамыздың шығармаларын терең зерделеп, одан қоғамға, өзімізге  қажет нәрселерді ала біліп,  қорытынды шығарсақ,  білім ешқашанда бір орында тұрмайды. Білімді терең түсінген сайын  білімнің  өрісі кеңейіп, дамып отырады. Қазіргі XXI ғасырда оқымаған,  білімсіз адам мүлде жоқ. Әрбір жас буын  білім алып, білімін өмірдің түрлі салаларында қолдануда. Ал осы білім бүгінгі күні қаншалықты тиімді? Жастар алған білімдерін пайдаға жаратып, еліміздің дамуына  қолдана алып жатыр ма?

Ұлтымыздың  өнерін, мәдениетін көтеріп, білім арқылы әлемді бағындыру, ұлтымыздың салт-дәстүрін паш ету бүгінгі жас ұрпақтың борышы болмақ.  Абай атамыз да өзі өмір сүрген қоғамда осыны армандап, бүгінгі ұрпаққа меңзейді. Әр жастың бойында талап, ниет  болса, білуге, оқуға деген қызығушылық артса,  онда оның болашағынан  үлкен үміт күттіретініне сенім артады. Жалпы білім сөзі Абай шығармаларында білім алуды ғана емес,  зиялылықты, адами парасатты көрсетеді.

Абай Құнанбаев  ұрпаққа елдіктің ұғымынан алшақтамаудың қадір-қасиетін ұғындырады. Ұлттың тағдырын шешетін нәрсе оның құндылықтары, құндылықтарын сақтай алмаса ұлт қанша мықты болғанымен ұзақ өмір сүре алмайтыны анық. Сондықтан қай уақытта болмасын елдің мықтылығын, мәдениеттілігі мен өркениеттілігін, құндылықтарын ақыл таразысына салып, ұлттық мүддені қорғаудан, оның өмірін жалғайтын дүниелерді қалыптастырудан шығып отырған.

Сол себепті рухани жаңғыру заманында елдігімізді сақтап қалу үшін, ұлттық құндылықтардан ажырамай, салт-дәстүрімізді берік сақтап, ұлы Абай шығармаларын оқыту  арқылы ойлы да, саналы ұрпақ тәрбиелей білейік. Саналы да тәрбиелі  ұрпақ еліміздің  болашағын ойлап, ұлттың тағдырына алаңдап, ұлттық мүддені қорғай алары сөзсіз. Еліміз үшін білім мен ғылымның  маңызды екенін терең түсіне білуіміз керек.  Ал оны жас  ұрпақтың санасына жеткізіп, елін, жерін сүйетін нағыз азамат тәрбиелей білуіміз керек. 

Дана Абай атамыздың ұлағатты сөздерін бойтұмардай сақтап жүруіміздің сыры да осында. Абай есімі – қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның  озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек…надандық…еріншектік…залымдық… Олай болса жастарды  халқы үшін, елі мен жері үшін адал еңбек етуге, өнер үйренуге, білім, ғылым жолына түсуге шақыруды мақсат етейік.

Назгүл БАЙБУСИНОВА,
Семей қаласындағы физика-математика

бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий