Заманауи мектеп: Ынтымақтастық, өзін-өзі оқыту және қамқорлық

Біз  жаңаша ойлап, өзгерістерге жаңаша қарауды қажет ететін жаһандану, жаңа технологиялар және инновациялар заманында өмір сүріп отырмыз. Бүгінгі күні қарқынды әрі өзара байланысты өзгерістер орын алуда. Жаңа уақыт болашақ тұлғаларды дайындауға қатысты талаптарды күшейтіп келеді:  бүгінгі бала – ертеңгі ел тірегі болар азамат өзгермелі заман талаптарына ілесе алатын, жетістікке жету үшін өмір бойы білім алуға бейім, кәсіби бағыты мен қарым-қабілетін қолдану саласына қарай жылдам өзгертуге дайын, сыни тұрғыдан ойлана алатын және функционалды сауатты тұлға болуы тиіс.  Ал бұл талаптар мектепте білім беруді ұйымдастыру тәсілдеріне әрдайым өзгеріс енгізіп отыруды талап етеді. 

Адам өмірінің барлық салаларына жаңа ақпараттық және білім беру технологияларын белсенді енгізу қоғамның жаңа даму кезеңінің ең басты ерекшелігі болып табылады. Екінші жағынан, тұлғаның жеке басының адами қасиеттерін дамыту, яғни айналасындағыларға сүйіспеншілікпен қарауға, олармен достық қарым-қатынаста  бірлесе жұмыс істеуге, өз көңіл күйін басқара білуге, өзіне, сөзіне және іс-әрекеттеріне жауапты болуға үйрету бұрынғыша білім берудің негізгі міндеттері болып қала береді. Осындай міндеттер мен жаңа талаптар жүктеп отырған өзгермелі заманда бізге бірлесе жұмыс істей алатын, өзін-өзі оқытуға бейім және қамқор мектеп қажет.

Қазіргі таңда қашықтан оқыту бұрын болмаған жаһандық сынақ деп қарастырылады, бірақ бұл адамзат үшін жаңалық емес. Сонау 1700 жылдары Америкада студенттерді хат алмасу арқылы оқыту қолға алынған болатын, радио мен теледидар пайда болғаннан кейін қашықтан оқыту тіпті қарқын ала  түсті.  Ал компьютер мен интернеттің пайда болуы қашықтан оқыту тәсілдерін түрлендіруге мүмкіндік берді. Қашықтан оқыту ісі  күтпеген өзгеріс емес, мәселе дәстүрлі оқытудан қашықтан оқытуға көшудің ауқымы мен жылдамдығында болар.

Ұлыбританиялық ғалым, әл-ауқат саласының маманы Энди Коуптың теориясы бойынша, қазіргі өзгерістер 30 жыл бұрынғы немесе осы мыңжылдықтың басындағы өзгерістерге қарағанда соншалықты жылдам әрі сан қырлы қалыпта өтіп жатқаны сонша,   адамдар оларға бейімделіп үлгере алмай жатыр. 2020 жылдың наурыз–тамыз айларында бізде онлайн оқытудан басқа амал қалмады. Жеткен жетістіктеріміз бен білім беру үдерісінің сапасын сақтау біз үшін аса маңызды міндет болды. 

Мұғалімдердің бір-бірімен, ата-аналармен, оқушылармен және қоғаммен  ынтымақтаса отырып, жаңа форматта оқыту технологияларын меңгеруі, оның ішінде өз бетінше оқу, сонымен қатар әдеттен тыс жағдайларда оқу орнының дамуға бағытталған қамқорлық көрсету қағидаттарын жүзеге асыратын мектеп қоғамдастығын құру арқасында біз бұл міндет үдесінен шыға алдық және   оны ауыз толтырып айта аламыз.

Кембридждің Бағалау кеңесімен бірлесіп өткізілген Зияткерлік мектептер түлектерінің пәндерден сыртқы жиынтық бағалау нәтижелері бүкіл әлемде А-level бағдарламасы бойынша білім алған басқа мектептердің түлектеріне қарағанда айтарлықтай жоғары болды. Нұр-Сұлтан қаласындағы Зияткерлік мектеп түлектерінің 92,7%-ы шынайы уақыт режимінде жүргізілген сыртқы бағалау нәтижелері бойынша Халықаралық Бакалавриат дипломын алды, ал әлемде бұл көрсеткіш 88,9%-ды құрайды.  Бұл – соңғы 6 жылдағы ең үздік нәтиже.

Біздің түлектердің орташа көрсеткіші 34 баллды, ал бүкіл әлемдегі көрсеткіш – 29,9 баллды құрады. 12-сынып түлектерінің халықаралық IELTS емтиханының нәтижелері өткен жылдармен салыстырғанда жоғары болды: орташа балл 6,7 баллды құрап, әрбір екінші түлек 7,0 және одан жоғары балл алды. Биыл біздің 7 түлегіміз Айви лигасының университеттерінен оқуға шақыру алды, ал өткен 10 жыл ішінде мұндай түлектердің саны небәрі 12 болған. Оқу жылының соңындағы жақсы көрсеткіштерге қарамастан, біраз оқушылар білім беру бағдарламасын толық меңгере алмады, бұл өз кезегінде, олардың алдағы оқуына жағымсыз ықпал етуі мүмкін.

Біз оны түсінеміз. Сондықтан ондай жағдайлардың алдын алу  үшін бірқатар шараларды жүзеге  асырмақшымыз. Маусым айында пәндерден Тақырыптық кеңес беру мектептері өткізілді, оған 7 мыңнан астам оқушы қатысты. Оқушылар есептер шығарып, қашықтан оқыту кезеңінде жасалмаған зертханалық және тәжірибелік жұмыстарды жасады және тілдік дағдыларын дамытты. «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің педагог мамандарының қашықтан оқыту жағдайындағы кәсіби проблемалары мен талап-тілектері» тақырыбына зерттеу жүргізіліп, мұғалімдерге қиындық келтірген үш негізгі бағыт анықталды, олар: оқыту әдістемелерін пайдалану; оқушылардың жетістіктерін бағалау; оқу бағдарламасындағы белгілі бір тақырыптарды оқыту.

PISA нәтижелерін, оқушылардың оқу жетістіктерін бақылау және сыртқы жиынтық бағалау нәтижелерін талдау оқушылардың оқу сауаттылығын дамытуға, пәнаралық және пәнішілік мазмұнды кіріктіруге ерекше назар аудару қажеттігін  көрсетті. Педагогикалық өлшеулер орталығы оқу жылы барысында өткізілген барлық бағалау нәтижелерін талдап, сыныптар мен пәндер бөлінісінде оқушылар ең төмен нәтижелер көрсеткен тақырыптарды анықтады. Соның негізінде оқушыларға білім берудегі  нақты олқылықтарды жою мақсатында мүғалімдерге бағалау жұмыстарын талдау нәтижелерін пайдалануды түсіндіретін бірқатар оқыту семинарын дайындауда.

Білім беру бағдарламалары орталығы мұғалімдер үшін оқушылардың оқу бағдарламаларын меңгерудегі олқылықтарын жоюға бағытталған әдістемелік ұсынымдар дайындады.  Біз 10 және 12-сынып оқушыларының сыртқы жиынтық бағалау нәтижелерін ескеріп, нақты дағдыларды дамытуға әдістемелік қолдау көрсету мақсатында осы оқу жылында оқушылар мен мұғалімдерге арналған Желілік онлайн-сабақты іске қосамыз. Мұндай кешенді жұмыс біздің мектептеріміздің өзара бірлесе қызмет ететін мұғалімдерінің ұйымдасқан кәсіби қауымдастығы арқасында жүзеге асырылды. Аталған қауымдастық идеясы халықаралық зерттеулерде атап көрсетілді.

Массачусетс технологиялық институтының ғалымы Питер Сенгенің пікірінше, мұғалімдер кәсіби дағдыларды бір-бірінен, басшыларынан, серіктестерінен, бәсекелестерден үйреніп меңгереді. Бүкіл ұжымның құбылмалы сыртқы ортаның талаптарына орай белсенді әрі ұйымшыл әрекет етуінің  арқасында  жан-жақты оқыту әсеріне қол жеткізіліп, әрбір кәсіби маман өз әріптестеріне ықпал етеді. Соңғы 25 жыл ішінде бүкіл әлем бойынша 300 миллионнан астам студентті қамтыған, басқа ғалымдардың 80 мың зерттеуін талдаған Мельбурн университетінің профессоры Джон Хэттидің мета-зерттеуіне сәйкес оқытуға көбінесе мұғалімдердің бірлесе жұмыс істеу тиімділігі әсер етеді.

Педагог мамандардың бірлесіп, ынтымақтаса жұмыс істеуі олардың елеулі көрсеткіштерге қол  жеткізуіне мүмкіндік береді. Хэттидің тұжырымының дәлелі ретінде 2017-2019 жылдары Нұр-Сұлтан қаласындағы ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебі мұғалімдерінің жүргізген зерттеуінің үлгісін қарастыруға болады. «Үлгерімі төмен» сыныптардың бірінде жұмыс істейтін мұғалімдер балалардың үлгерімі, оқуға ынтасы және тәртібіне қатысты проблемаларды шешу үшін топқа бірікті. Пән мұғалімдерінен басқа, бұл топқа мектеп психологы да қосылды. Мұғалімдердің 3 жыл бойы топтасып жұмыс істеуінің арқасында осы сыныптағы балалар үшін аса қиынға соққан  математика пәнінен білім сапасы 26%-ға артты.

Оқушылар кіріктірілген олимпиадаларда жеңіске жете бастады. Бұл фактордың Хэттидің мета-зерттеуінде өте маңызды шарт ретінде көрсетілуі бекер емес. Үстіміздегі жылы Зияткерлік мектептер мұғалімдері арасында  өткізілген сауалнамада жақсы әрі тату ұжым педагог жұмысының қадірін арттыратын фактор ретінде бірінші орында тұр. Қазақстанның бір облысының 50 мектебіндегі жағдайды талдау нәтижелеріне сәйкес мұғалімдерге ұжымда кәсіби әріптестерімен топтаса жұмыс істеудің ерекше ұнайтыны анықталды, олар ынтымақтаса әрі бірін-бірі қолдай  оқытудың маңыздылығы мен жағымды әсерін атап көрсетті.

Біздің мектептерде пән мұғалімдерінің әдістемелік бірлестіктері, мұғалімдердің Action Research, Lesson study зерттеу топтары, сабақтарды тігінен және көлденеңнен жоспарлау топтары, Зияткерлік мектептер психологтерінің қоғамдастығы жұмыс істейді. Халықаралық аккредиттеу үдерісі ынтымақтастықтың жарқын мысалы болып табылады. Мектептердің қызметін өз бетінше бағалау мақсатында әр мектепте мұғалімдер, мектеп әкімшілігі, оқушылар және ата-аналар қатарынан жұмыс комитеттері құрылды.

Тек осындай әріптестік пен ынтымақтастықтың арқасында ғана қойылған міндеттерді орындауға болады. Соның нәтижесінде біздің барлық мектептеріміз халықаралық аккредитациядан өтті. Әріптестік қарым-қатынас құратын мектеп тек өз ішіндегі қарым-қатынаспен  шектелмейді, сонымен қатар  жергілікті қоғамдастық деңгейіндегі құрылымдармен іскери байланыс орнатуға да назар аударады. Олардың қатарына тек білім беру ұйымдары ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер, бизнес-құрылымдар, үкіметтік емес ұйымдар және халықаралық серіктестер де кіреді.

Былтыр онлайн форматта өткен «Туған елге тағзым» жобасы өңірлердегі оқушылар, мұғалімдер, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерінің белсенді қарым-қатынасының жарқын үлгісін танытты.  Байқауға 600-ден астам педагог пен мыңдаған оқушы қатысты. 2020 жылғы байқаудың барлық жеңімпаздары өздерінің жеке бағыттарындағы зерттеулерінің тәжірибелік бөлігін 2021 жылдың маусым айында аяқтады. Бизнес-құрылымдармен орнатылған ынтымақтастық арқасында жүзеге асырылған жобаларымыз жөнінде атап өткен жөн.

Республика мектептері үшін цифрлық білім беру ортасын құруға бағытталған «OnlineMektep» жобасы Bilim Media Group компаниясымен бірлесіп іске асырылды. 1-11-сыныптардың барлық пәндерінен 24 мыңға жуық сабақты қамтитын платформа – әрбір оқушыға сапалы білім алуға тең мүмкіндік беретін жоғары технологиялық экожүйе. Сондай-ақ біз 2020 жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан «Ауыл мектебі» жобасы ауыл мектептерінің мектеп инфрақұрылымы мен білім беру ортасын жақсартуға, жөндеу жұмыстарына, техникалық тұрғыдан жарақтандыруға бизнес-ұйымдардан 1 миллиард теңгеден астам инвестиция тартуға мүмкіндік берді.

Мектептердің талап-тілектеріне мониторингтік зерттеу жүргізіліп, 948 мұғалімге қолдау көрсету мақсатында 1638 әдістемелік іс-шара өткізілді, білім беру қызметтерін ұсыну шарттары мен сапасын жақсартуға бағытталған ұсынымдар әзірленді. Жаһандық деңгейдегі ынтымақтастықты да атап өту керек. ЮНИСЕФ-пен арада орнатылған ынтымақтастық бізге «Оқушылардың мектептен шығып кетуінің алдын алу жүйесі», «Берік отбасы», «Балалардың жарақаттануы мен зорлық-зомбылықтың алдын алу және олардың репродуктивті денсаулығын қорғау» бағдарламаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді, бұл бағдарламалар оқушылар, мұғалімдер, ата-аналар және әкімшілік-басқару қызметкерлеріне  көңіл аударатын, толыққанды, өзін-өзі оқытатын, қамқор қоғамдастық құруға бағытталған.

«Серіктес мектептер» жобасы аясында әрбір Зияткерлік мектеп қазақстандық және шетелдік серіктес мектептермен қарым-қатынас құрады. Балалар бірлескен ғаламдық жобалар – БҰҰМ клубтары мен конференцияларына, «Хат алмасатын дос», Global Classroom Project (мектеп ортасын бес бағытта зерттеу: Биоалуантүрлілік, Энергия, Жаһандық азаматтық, Денсаулық, Қалдықтарды басқару, Көлік және су), қашықтан өтетін олимпиадалар мен конкурстарға қатысады; бірлескен эксперименттер жүргізіп, қабылдаушы мектептің оқыту тіліне бойлайды.

Жаңа оқу жылында біз қызметтің екі бағытына ерекше назар аударуды жоспарлап отырмыз, оған барлық мектептердің педагог мамандары мен Орталықтардың қызметкерлері өзара қарым-қатынас құратын кәсіби қоғамдастықтар белсенді қатысатын болады.  Ол — ағымдағы өзгерістерді ескере отырып, NIS Programme білім беру бағдарламасын жақсарту және эксперименттік режимде бейімдей оқытуды енгізу. Бағдарлама аясында жұмыс жүріп жатыр, оған 100-ден астам мұғалім тартылып, өзін-өзі реттеу, эко-Мен, жаһандық құзыреттер, қарекет ету, әлеуметтік өзара қарым-қатынас құру сияқты оқушылардың негізгі дағдыларын дамытуға бағытталған толықтырулар ұсынды.

Біз педагог мамандарды кәсіби тұрғыдан дамытуға бағытталған ауқымды жұмыс жүргіздік. Бұлардың қатарында үш деңгейлі курстар, сондай-ақ елімізде, шетелде және мектеп ішінде жүргізілетін курстар бар. Зияткерлік мектептерде мектепішілік оқыту үшін елімізде және шетелдерде түрлі бағдарламалар бойынша оқыған 952 педагог маманнан тұратын тренерлер кластері құрылды. Тренерлер «тең-теңімен» қағидатына сәйкес әріптестерін 22 бағытта  оқытады. Оған балалардың дарындылығын дамыту, ықтималдық теориясы, сыни ойлау және тағы да басқа бағыттар кіреді.

Халықаралық зерттеулерге сәйкес, алдын ала оқымай тұрып, өзара оқыту мүмкін емес. Оңтүстік Каролина университетінің профессоры Хэйс Мизелл дербес оқылым, зерттеу топтары, коучинг және тәлімгерлік сияқты кәсіби дамудың үлгілік тәсілдерін  атап көрсетеді. Осы іс-шаралардың барлығы мектептегі тұтас біліктілікті арттыру жүйесін құрайды, мұнда мұғалімдер жұмыс орнында жүріп, кәсіби дағдыларын дамыта алады.

Өз бетінше білімін жетілдіретін  мектептердің идеяларын одан әрі дамыту қажет. Бұл – оқыту технологияларын, қызметкерлерді оқыту стильдері мен әдістерін үйренетін және ұжым саналы түрде білім алатын, оқу үдерісін зерттейтін және жетілдіретін мектеп.  Оның негізгі идеясы – мектеп пен оның ұжымының қызметі жинақталған және қолданыстағы тәжірибесіне ғана сүйеніп қоймай, сонымен қатар туындайтын проблемаларды шешу дағдылары мен  профессор-оқытушылар құрамының өз тәжірибесінен үйрену қабілетін дамыту.

Кейбір ресейлік сарапшылардың (Д.Ф. Ильясов, В. В. Кудинов, А.Х. Зарипов) пікірінше,  бұл жерде тәжірибені тұжырымдау туралы айтылып отыр. Тәжірибені тұжырымдау мұғалімнің педагогикалық іс-әрекетін педагогикалық практика үшін маңызды болып табылатын педагогика мен психологияның қазіргі ғылыми жетістіктері тұрғысынан қайта қарастыруға ықпал етеді. Бұл ретте мұғалімдерде белгілі бір қиындықтар туындайды. Мұғалімдер оқытушы мен оқушылардың міндеттері, құралдары, оқытудың әдіс-тәсілдері және қол жеткізілген нәтижелер арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды анықтауда қиындықтарға тап болып отыр. 

Мұғалімдер көбіне оқушыларды оқыту мен тәрбиелеуде қол жеткізген жетістіктерге негіз болған  шынайы байланыстар мен заңдылықтарды көрсете алмайды. Тәжірибе жұмысының психологиялық және педагогикалық шарттары әрдайым ашыла бермейді. Бұл сабақтарды талдау, оқу үдерісінің нәтижелерінен жинақталған деректерді пайдалану негізінде зерттеулерді түсіндіру тәжірибесінің жеткіліксіздігіне байланысты. АҚШ-тың коммерциялық емес оқу бағдарламаларын бақылау және дамыту қауымдастығы математика мұғалімдерінің тәжірибесін зерттеу нәтижелеріне сәйкес, мұғалімдер көбінесе «Біз нені жақсартуымыз керек?» және «Біз оны кім үшін жақсартуымыз керек?» деген сұрақтарды талқылады.

Бұл тәсілдер қолдауды қажет ететін оқушыларды анықтауға көмектесті, бірақ жалпы оқыту сапасын жақсартуға  септігі тимеді. Қауымдастықтың пікірінше, өз тәжірибесін жақсарту үшін мұғалімдер өздеріне «Неге?» және «Қалай?» деген сұрақтарды қою керек. Яғни әр мұғалімнің тапсырманы жете түсінуі және өз қызметіне қатысты сұрақтар  қоя білуі мектептің одан әрі дамуы үшін өте маңызды. Оқушылар жаңа әлемде, жаңа жаһандық жағдайда  сұранысқа ие болу үшін олардың бойында мүлдем басқа дағдыларды қалыптастыру керек екені мәлім.

Пандемия кейбір мамандықтардың ғана емес, сондай-ақ кейбір салалардың түгелдей қажетсіздігін көрсетті. Экономика жиі өзгеретін және оны болжау мүмкін емес әлемде отбасылар мен мектептер болашақ нарықтық катализаторларды алдын ала болжап, оларға бейімделе алғаны өте маңызды. Ол үшін педагог мамандар «Қалай оқыту керек?» деген сұраққа жауап берулері керек. Бұл сұраққа 15 елден 18 мың адам қатысқан Маккензи компаниясының зерттеу нәтижелері жауап беруі мүмкін.  Зерттеулерге сәйкес мектептер оқушылардың танымдық, тұлғааралық, цифрлық және өзін-өзі басқару дағдыларын дамыту үшін оқыту ісін қайта құру қажет.

Ол үшін әрбір мұғалім өзінің дағдыларын, оқыту әдістері мен стратегияларын кәсіби тұрғыдан тексеріп, «Бұл дағдылар менің оқыту ісімде қолданыла ма? Әр сабақта қолданып жүрмін бе?  Мен өзімнің мінез-құлқым мен оқытуым арқылы білім берудегі заманауи үрдістерге деген бейілділігімді қаншалықты көрсетіп  жүрмін?»  деген сұрақтарға жауап беруі керек. Питер Сенгенің айтқанына қайта оралсақ: өзін-өзі оқытатын ұйым өзінің мақсаты мен стратегиясын жаңа жағдайларға бейімдеуге, қызметкерлердің жеке қабілеттерінің тиімділігін арттыруға, жүйелік көзқарас пен шығармашылық ойлау дағдыларын қалыптастыруға, ерекше тәсілдер мен әдеттен тыс қадамдар ойлап табуға, ұйымның практикалық міндеттері мен барлық қызметкерлердің өзара қарым-қатынасын дамытуға баса назар аударады.

Өзін-өзі оқыту ұйымы тиімді жұмыс істеуі үшін онда міндетті түрде білім беру үдерісіне қатысушылардың өзара қамқор қоғамдастығы болу керек. Білім беру саласындағы бірқатар зерттеушілердің  пікірінше, мектептің қамқоршыл қоғамдастығы  білім беру тәжірибесінің берік іргетасына айналып,  мұғалімдер мен оқушылардың талап-тілектерінің үдесінен шығуға  көмектеседі. Оқушылар, мұғалімдер және ата-аналардың талап-тілектері қанағаттандырылатын қамқор мектеп қоғамдастығын құру нәтижесінде оқушылардың мектепке деген сүйіспеншілігі мен оқуға ынтасы артады, соның нәтижесінде олар  сол қоғамдастық мүшесіне сай болуды көздеп, соған лайық әрекет ете бастайды.

Қамқоршыл мектеп қоғамдастықтары оқушыларға көптеген мүмкіндіктер бере отырып, мына тұрғыдан әлеуметтік және зияткерлік дамуына жағдай жасайды: жалпы академиялық және әлеуметтік мақсаттарға қол жеткізу үшін басқа адамдармен ынтымақтасу; басқаларға елеулі көмек көрсетіп, қажет болған жағдайда көмек алу; басқалардың талап-тілектерін, сезімі мен көзқарастарын түсіну және бағалау мақсатында олардың тәжірибесін талқылау және пайымдау; өзінің мінез-құлқы мен басқалардың мінез-құлқын талқылау және талдау.

Өйткені бұл — әділеттілік талабы; басқаларға қамқорлық пен құрмет көрсету, сондай-ақ әлеуметтік жауапкершіліктің негізгі құндылықтарын бағалау;  маңызды әлеуметтік құзыреттерді дамыту және қолдану; дербестік таныту, сыныптағы нормалар, ережелер мен сабақтарға қатысты шешімдер қабылдауға қатысу, демек, мектеп өміріндегі өзіне қатысты салалар  үшін жауапкершілікті сезіну (Battistich et al., Solomon et al., 1992; Watson et al., 1989). 

Америкалық әлеуметтанушы Рональд Инглхарттың айтуынша, «…адам бастапқы қажеттіліктердің (тамақ, баспана, киім) жетіспеушілігі жағдайында өссе, оның бойында жоғары бағаланатын бедел, ұтымдылық, тәртіп және қауіпсіздік секілді өмірлік құндылықтарға қарағанда көштен қалмай күнелту дағдылары қалыптасады. Ал баланың негізгі қажеттіліктері өтелген  жағдайда  ол есейе келе  төзімді,  ұстамды, азаматтық тұрғыдан белсенді,  қоршаған ортаға қамқор  және өзін  қадірлеп, бағалайтын  азаматқа айналады».

Мектепте қауіпсіздікті қамтамасыз ету — қамқорлықтың белгісі. Біздің ұйым пандемия кезінде мектептерді қауіпсіз ету үшін бар күшін салуда. Зияткерлік мектептер қажетті дезинфекциялық құралдармен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген, сонымен қатар санитарлық жабдықтарды жаңарту жұмыстары жүргізілуде, ал мектептер Ashyq жобасына қосылған. Адам жүзін тану жүйесі енгізіліп, бейнебақылау және «Локдаун» жүйелері жетілдірілді, Касперский зертханасының ақпараттық қауіпсіздік курсы өткізіліп, камераларды жергілікті полиция қызметіне қосу жұмысы жүргізілуде.

Ата-аналар мектепке келу үшін алдын ала Microsoft Booking бағдарламасында тіркеліп, ғимаратқа Ashyq қосымшасы арқылы кіру керек. Осы қадамдардың барлығы мектептерде әлеуметтік және зияткерлік дамуға бағытталған тұрақты оқу үдерісін ұйымдастыруға көмектеседі. Сарапшылардың пікірінше, қызметкерлерге өздерін бақытты  сезінетіндей жағдай жасау  қазіргі менеджменттің басты міндеттерінің бірі болып табылады. Адамдар маңызды әрі игілікті  іспен айналысқан кезде өздерін бақытты сезінеді.

Бостонда 75 жыл бойы жүргізілген зерттеу барысында адамды қол жеткізген жетістіктері мен сатып алған заттары  емес, айналасындағы жандармен құрған жақсы қарым-қатынасы бақытты ететіні анықталды. Осы зерттеудің нәтижелеріне сәйкес әріптестерін «ойын ойнаушы жолдастарына» айналдырған адамдар ең бақытты қатысушылар болды. Мұғалімдер әріптестеріне  сенім артып және ынтымақтаса жұмыс істеп, өздерінің кәсіби даму қажеттіліктерін қанағаттандыра алғанда олардың қадірі артады, ал мұның барлығы мұғалімге деген қамқорлық ретінде қарастырылады.

АҚШ-тағы Ұжымдық оқыту орталығының зерттеулеріне сәйкес мұғалімдердің қанағаттанушылық сезімі қолайлы оқыту жағдайына, олардың жұмысының тиімділігін тануға, директордың құзыреттілігіне, мұғалімдер мен оқушылар арасындағы жағымды қарым-қатынас пен ата-ананың қолдауына байланысты болады. Пандемия кезінде ата-аналар балаларының оқу үдерісін ұйымдастыруға қатысқандықтан, мұғалімнің жұмысына деген бұрынғы көзқарасын өзгертті.

Ата-аналар жүйе әкімшісі, психолог, мұғалім және тәлімгер болуға  дайын болмады, оларға қолдау қажет болды. Мектептер ата-аналарды тиімді серіктес ету үшін оларға қалай қолдау  білдіре алады? Кері байланысты талдау белгілі бір мәселелерге қатысты ақпараттың жетіспеушілігін көрсетеді. Оқыту мен коучинг форматындағы кездесулер отбасы мен мектеп арасындағы тиімді қарым-қатынасқа негіз бола алады. Мектептер ата-аналарға Қамқоршылық кеңестер, Ата-аналар университеті және ата-аналар комитеттері арқылы білім беру және тәрбие саясатына қатысты шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндігін беруі тиіс.

Өткен оқу жылында мектептерде ата-аналық сана-сезімді дамыту, жауапты ата-ана ұстанымы мен позитивті ата-ана дағдыларын қалыптастыру мақсатында Ата-аналар университетінің қызметі ұйымдастырылды, оның жұмысына 12 мыңға жуық ата-ана қатысып, қарым-қатынас құру, қауіпсіздік, психологиялық қолдау және отбасылық құндылықтар тақырыбында 357 кездесу өткізілді. Мектеп пен ата-аналар арасындағы серіктестік шиеленістерге қарағанда сапалы білім беру үдерісі үшін әлдеқайда маңызды. Өнімді ынтымақтастық екі жаққа да бірдей қатысты.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, ынтымақшыл, өзін-өзі оқытатын ұйымдар мен қамқоршыл қоғамдастықтарды дамыту үшін: өзара көмек көрсетіп, бірін-бірі оқытатын ортада жұмыс істейтін топпен күнделікті күрделі мәселелерді шешу мақсатында бәсекелестіктен ынтымақтастыққа қарай; деректер мен зерттеулер нәтижелері негізінде стандарттаудан дербестендіруге қарай даму керек, ол қолдау және қамқорлық жағдайында оқушылардың өз талап-тілектерін толық көлемде жүзеге асыруы үшін тәжірибені дербестендіруге мүмкіндік береді.

Педагог мамандардың қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курстарынан ынтымақшыл ортаның өзара оқыту жағдайындағы жүйелі кәсібилікке қарай;    жеке мұғалімдердің артықшылығы мен «жұлдыздығынан» топтық жұмысқа және әр мұғалімнің мықты жақтары мен сіңірген еңбегін тануға, топтың әр мүшесінің мүмкіндіктерін күшейту мақсатында бірігуге қарай; жеке пікірлерге негізделген тәжірибелер мен саясаттан шынайы ғылыми зерттеулерге негізделген тәжірибеге қарай; оқыту сапасын, мұғалімдердің кәсіби дағдыларын біржақты пікірлер.

Шағымдар немесе сыбыстар негізінде емес, ашық критерийлер негізінде бағалауға қарай; бақылаудан сенімге қарай, тестілеуге негізделген есептіліктен сенімге негізделген өз ісіне берілген кәсіби мамандардың жауапкершілігіне қарай қадам басу керек. Америкалық жазушы Дэйв Керпеннің айтуынша: «Өзіңмен-өзің тұйықталатын вакуум жағдайында жетістікке жету немесе бақытты болу мүмкін емес. Барлығы адамдармен құрған  қарым-қатынасыңа  келіп тіреледі». Жауапкершілікті бірге көтеріп,  өзара ынтымақтаса  қызмет ететін, өз бетінше білімін жетілдіретін қамқор мектептер — таяу жылдардағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің даму векторы болып табылады.

Күләш ШӘМШИДИНОВА,
“Назарбаев Зияткерлік мектептері”
дербес
білім беру ұйымының
Басқарма төрайымы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий