Ізгілікті ізденіс пен ерен еңбек иесі
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз, – деп Абай атамыз айтқандай, алға қойған мақсатына жетуге ұмтылудан шаршамайтын, білім беру саласының үздігі, өз мамандығының хас шебері, ұлағатты ұстаз, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы № 48 мектеп-лицейінің директоры Садықова Зәуре биыл алпыстың асқарына келіп отыр. Осы ғибратты ғұмырының 39 жылын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұстаздың әрбір күні «маңдай тер төгілген» еңбекке, тынымсыз ізденіске толы.
Зәуре Жақанқызы Ақмола облысының Ерейментау ауданында 1961 жылы тамыз айының 28-і күні дүниеге келген. Әкесі Жақан Смағұлұлы өкінішке орай, өмірден ерте озған. Анасы Шолпан Үсенқызы көп жылдар бойы мектепте математика пәнінен сабақ берген, ата-аналары мен шәкірттерінің аузындағы сыйлы адам болған. Бүгінде қайтыс болып кеткен. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген қазақтың мақалы бекер айтылмаған. Бүгінде Зәуре Жақанқызының әке-шешесінің көзін көрген кісілер «кезінде бір жүріп едік, ешқашан көмектерін аямайтын, өте жақсы, сыйлы адамдар болған» деп елде айтып отырады.
Отбасында үш баланың тұңғышы, сіңілісі Сауле – дәрігер, інісі – Зауыр, кәсіпкер. Ата-аналары перзенттеріне жақсы тәлім-тәрбие, жоғары білім берген. Зәуре Жақанқызы 1982 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институтын орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдады. Алғашқы еңбек жолын Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Бестоғай ауылының Бестоғай орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдігінен бастап, Ерейментау ауданы, Қызыл ту ауылының негізгі орта мектебінде және Ақкөл ауданы, Қырыққұдық ауылының орта мектебінде директорлық қызметін абыроймен атқарды.
Одан кейінгі жылдары елордасындағы ер балалар қазақ-түрік лицейінде (БИЛ) директордың орынбасары, «KATEV» (БИЛ) халықаралық қоғамдық қорында (қазақ-түрік лицейлерінің дирекциясы) директордың орынбасары болып қызмет жасады. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы № 48 мектеп-лицейі ұжымының жетекшісі ретінде жемісті қызмет атқаруда. «Жақсы адам жарық жұлдыз сияқты, жан-жағына шуағын шашып жүреді», – демекші Зәуре Жақанқызы жылы жүрегімен, үлгі-өнегесімен, адами асыл қасиеттерімен ерекшеленеді.
Оның қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, қайсарлығы мен ақжарқындығы, қызметіне деген адалдығы жас мамандар үшін үлгі. Талай шәкіртті білім нәрімен сусындатып шыңға шығарды. Мәртебелі ұстаз үшін сол шәкірттерінің жеткен жетістіктері мен ыстық ықыластарынан асқан марапат жоқ. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, бүгінгі күні шәкірттері әр саладан өз орнын тауып, абыройлы еңбек етіп жүр. Зауре Жақанқызы дарынды балалармен жұмыс істеу тәжірибесі арқылы республикаға кеңінен танылған ұстаз. Осы саладағы ерен еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің және «Дарын» РҒПО-ның құрмет грамоталарымен марапатталған.
Оның қоржынында жиырмадан аса ғылыми мақала бар. Сонымен қатар, ол «Жетістіктер мектебі» озық тәжірибесінің және «Көптілді оқыту жүйесінде дарынды балаларды дайындаудың дидактикалық жағдайы» атты ғылыми жұмыстың авторы. Білім және ғылым министрлігінің «Үздік авторлық бағдарлама» сайысында 2012 жылы III дәрежелі диплом алса, 2019 жылы жүлделі екінші орынға ие болды. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» дегендей Зәуре Жақанқызы өмірден көргені де, түйгені де мол тұлға. Ол қазіргі кезде Білім және ғылым министрлігі «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының Әдістемелік кеңесінің мүшесі және Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми-әдістемелік кеңесі мен осы университет түлектерінің жұмысқа орналасу мәселесі бойынша комиссиясының құрметті мүшесі.
Зауре Жақанқызы басқарып отырған № 48 мектеп-лицей қала бойынша осы ЕҰУ-мен меморандум аясында бірлесе жұмыс жасап отырған жалғыз мектеп болып табылады. Меморандум негізінде университеттің атақты профессорлары, ғалымдары мектеп ұстаздарына тәлімгерлік етеді және оқушылардың ғылыми жобаларына басшылық жасайды. Зауре Жақанқызын әріптестері, дос-құрбылары рухани байлығы мол, қайсар мінезді, елінің патриоты, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін сөзіне берік, тұлға ретінде мойындайды.
Алаш алыбы Ахмет Байтұрсынұлының атын № 48 мектепке беру бастамасын көтеріп, сол мақсатқа түбінде қол жеткізуі оның осы қасиеттерінің дәлелі болса керек. Өзі ұстаз болса да, оқудан, ізденуден шаршамайтын, жаңашылдықты жаны қалайтын және кез келген мәселені креативті, сыни тұрғыдан ойлайтын Зәуре Жақанқызы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Педагогикалық шеберлік орталығының Кембридж университеті Білім беру факультетімен бірлесіп әзірлеген Қазақстан Республикасы жалпы орта білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша біліктілік курсынан өткен.
Францияның Лион қаласындағы Клод Бернард-Лион 1 университетінде «Профильді мектеп жүйесінде көп тілді оқыту» атты тәжірибе алмасуда болған. Ол мұғалімдердің біліктілігін көтеруіне үнемі қолдау көрсетіп, жас педагогтерге қамқорлық көрсетуден жалыққан емес. Әрдайым ақыл-кеңесін айтып, көмек беруге дайын. Озық педагогикалық тәжірибелерді мұғалімдердің өзара бөлісуі мен оларды жас мамандарға тарату жұмыстарын үздіксіз жүргізу нәтижесінде Зауре Жақанқызы басқарған білім беру ұйымы Білім және ғылым министрлігі «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастырған «Үздік мамандандырылған білім беру ұйымы – 2017» республикалық конкурсының ІІІ дәрежелі дипломымен марапатталған.
Педагогикалық ұжым өз басшысының еңбегін өте жоғары бағалап, құрметтейді. Ұлағатты ұстаздың білім саласындағы қажырлы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 1998 жылы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» және 2007 жылы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталса, 2010 жылы «Жаңашыл мұғалім» атағына ие болды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы (2002 ж.) мен 25 жылдығы (2016 ж.) мерекелік медальдарымен, 2018 жылы Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің бірнеше «Алғыс хатына», Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарына ие болған. Зауре Жақанқызы әрқашан мұғалім мәртебесін көтеру үшін бар күшін салып жүрген ұстаздардың бірі. Ол жөнінде ұстаз: «Мұғалім мәртебесі дегеніміз – қоғамның мұғалімдерге, мектепке деген дұрыс көзқарасы. Ұстаз ата-анадан кейінгі екінші тұрған адам. Бала үшін мұғалімнің орны ерекше, күніне 4-5 сағат мектепке барып келсе де, мұғалімнің үйреткені, өнегесі, берген тәрбиесі баланың есінен ешқашан кетпейді.
Бүгінгі күні мұғалімдердің атқарып отырған жұмысы оңай емес. Сондықтан да, қоғамымыз мұғалімді сыйлай білсе, меніңше, мұғалім үшін одан артық мәртебе жоқ. Ұстаздармен сөйлескен кезде оларды ағай, апай емес «мұғалім» деп атаса, бұл да мұғалімнің мәртебесін тағы бір саты көтереді деп ойлаймын. Тағы бір айтарым, көпшілік мұғалім мәртебесін көтеру – оның айлық жалақысын көтеру деп ойлайды. Әрине, мұғалім жалақысының көтерілгені жақсы. Бірақ оның сыртында өзге де бір дүние бар. Мұғалімнің мерейін, мәртебесін көтеру үшін мұғалімнің өзінің кәсіби деңгейі де жоғары болуы керек.
Себебі, халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді…» дейді. Өзінің ана тілінен басқа орыс және түрік тілдерінде еркін сөйлейтін Зәуре Жақанқызы тәжірибелі ұстаз, білікті басшы ғана емес, шығармашыл, өнерлі жан. Әуелетіп әсем ән де салады, би де билейді, яғни, «сегіз қырлы, бір сырлы». Бүгінде Зәуре Жақанқызының жолдасы Бота Мұхамеджанұлымен 34 жыл отбасылық жұптасқан өмірлерінде 3 баласы, 3 немересі бар.
Ынтымағы жарасқан, үлгілі отбасы мүшелерінің бәрі өнерлі. Үлкен ұлы Арман жұбайы Сымбатпен домбыра тартып, ән айтады. Екінші ұлы Дәурен гитарамен, жұбайы Алтынай домбырамен ән салады. Кенжесі, сүйікті қызы Әйгерім ағылшын тілінің маманы, әрі дауысы керемет әнші. Осындай отбасы мен адал еңбегінен өзінің бақытын тапқан тәжірибесі мен тағылымы мол әріптесіміз Зәуре Жақанқызын мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, өзіне және туыстарына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, еңбекте тың табыстар мен өмірдің асқақ абыройын тілейміз.
Нұр-Сұлтан қаласының
мектеп директорлары