Баянды болашағымыз – балалар

«Тәрбие тал бесіктен» дейтін ұлтымыздың асыл сөзі мектепке дейінгі тәрбие мен білім берудің маңыздылығын айғақтайды. Баланы тәрбиелеуге зор мән беру арқылы біз қоғам болашағына кепіл болатын ұрпақты қалыптастырамыз. Президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың берген тапсырмасын іске асыру мақсатында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделі бекітіліп, мектепке дейінгі білім беруді дамытудың басымдықтарын айқындап берді.

Модель ұлттық құндылықтарды балаларды ерте жастан толыққанды дамытудың заманауи теорияларымен үйлестіруге бағытталған. Қазіргі әлемде білімге деген көзқарас – балалар өмір сүріп, өсіп жатқан, жылдам өзгеріп отыратын болмыспен бірге өзгеруде. Білімді баланың туылған сәтінен бастап өмір бойы жалғасатын процесс ретінде қарау, бізді білім беру процесін ұйымдастырудың икемді стандарттарын қабылдауға алып келе жатыр.

Біздер, әдіскерлер, өзгерістер бағытындағы бұл жұмыстарға жұмыс тобында, бірге, белсенді ат салысудамыз. Балалар көп уақытын білім беру ұйымдарында өткізеді, бұл балалардың мәдени және этникалық болмысына құрмет көрсетілетін үйлесімді, мейірімді, дамытушы, инклюзивті, әділ орта болуы керек. Сонымен бірге, ерте жастан дамыту практикасын жетілдіру бағытында бала – ата-ана – педагог үшітігің бірлікте, ынтымақтастықта болуы аса маңызды. Сондықтан, ата-аналарды білім беру процесіне қатысушы ретінде тарту – біздің алдымызда тұрған міндет.

Бұл өзгерістерді кімдер жасайды? Әрине, бұл – балалық шағының әрбір күні көз алдында өтетін тәрбиешілер мен мектепке дейінгі білім саласының педагогтері! Біздің қатарымыз 96 мыңнан асатын педагогтерді құрайды. Олар дені сау, дербес, білуге құмар, көпшіл, сын тұрғысынан ойлайтын балаларды тәрбиелеу мен оқытуға бар күш-жігерін салуда. Бұл орайда, «Педагог мәртебесі» заң қабылданғанға дейін менің еңбекақым 70 мың болған болса, қазір екі есе көбейгенін айтқым келеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен мектепке дейінгі білім саласының педагогтеріне де еңбек жалақысының 4 жылдың ішінде жүз пайызға көтерілетінін және аттестауды жаңа форматта өткен жағдайда үстемақы қосылатыны бізді жаңа жетістіктерге ынталандырады. Мектепке дейінгі білім беру сапасы – кәсіби деңгейі жоғары, құзіретті педагогтердің болуына байланысты. Педагогтер жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтуде, дегенмен курстан өтушілердің санын көбейтуді сұраймыз.

Сонымен бірге, қазір балабақшаларда маман жетіспейді, келгісі келетін кәсіби білімі жоқ педагогтер үшін қайта даярлау курстары қажет.  Сәбилер мен мектеп жасына дейінгі балалардың ерекшелігі – олар белсенді әрекеттер мен практика арқылы үйренеді. «Ойын – баланың негізгі  әрекеті және дамытудың негізгі құралы» екені моделден көрініс тапқан. Сондықтан, баланың даралығы мен субъективтілігін қолдауға бағытталған трансформацияланатын ойын және тақырыптық аймақтар, инклюзивті дамытушы орта құруды іске асырудамыз.

Біз өз тәжірибемізде,  биылдан бастап «ІТ – балабақша» пилоттық  жобасын қолға алдық. Балаларға заманауи құрылғыларды пайдалану арқылы, цифрлық ресурстардың көмегімен өмірлік қажетті дағдыларын қалыптастыру, қызығушылығын арттыру мүмкіндігі жасалды. Білім беру деңгейлерінің сабақтастығына байланысты – бұл өз кезегінде сапалы мектепке дайындауға жол ашады деп сенеміз. 

Интерактивті панельдерге орнатылған Bilim kids, Bilimland, І mektep платформаларының ресурстары, Steaм кабинеті және ән-әуез залын, Bilimbook  интерактивті панельді тақталарын пайдалану балалардың ынтасын арттырып, педагогтардың да талпынысына серпін берді. Аталған платформаларда берілген ойын тапсырмаларын балалар жоғары қызығушылықпен орындап, белсенділік танытуда. Сонымен бірге, балабақшадағы білім беру процесін ұйымдастыруда қандай оқу-әдістемелік құралды қолданамыз деген сұрақ жиі қойылады.

Педагогтің әрқашан ресурстарды өзі таңдап, шығармашылықпен жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Биыл оқу-әдістемелік кешендердің тізімдемесіне ерте жастағы (2 жасар) балалардың тобына арналған 234 цифрлық ойын сабақтарының енгізілгенін қуана қабылдадық. «Бес жасқа дейін жүргізілген барлық тәрбие ісіңіз – бүкіл жұмысыңыздың мазмұны», – деп шығыс ғұламасы Жүсіп Баласағұн, балалық кезеңдегі тәрбиенің маңызын анық көрсеткен.

Американдық қоғамдық денсаулық журналында жарияланған зерттеу нәтижесі, баланың балабақшасындағы әлеуметтік және эмоционалдық дағдыларының өмір бойы табысқа жетуін болжай алатындығын анықтаған. Бүгінгі бал қылықты бүлдіршін – еліміздің еңселі ертеңі, біздің баянды болашағымыз! Сондықтан, барлық әріптестерімді өзгеруге шақырамын!

Және сөзімнің соңында қосарым, неге ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, көпшілік тамақтану орындары жұмыс істеп тұрғанда, балабақшалар жабық болады! Осы ұсынысымызды құзіретті органдарға жеткізе отырып, балабақшалар мен мектептердің штаттық режимде, санитарлық талаптарды сақтап, ашылғанын қалаймыз!

Тахмина Шәріпқызы ШАМАХУНОВА,
“Алтын ұя” ІТ бөбекжай бақшасының
әдіскері, Қызылорда қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий