Жаңартылған білім беру мазмұнының тиімділігі мен ерекшелігі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз мақаласында: «қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман», – деген болатын. Осы сөйлем арқылы білім беру ісіне қаншалықты басымдылық бергенін бағамдауға болады. Артық айтқан асылық сөз емес. Орынды сөз!

Білім беру мазмұнын жаңарту білім берудің қазіргі заманғы үрдісін және қазақстандық білім берудің үздік практикасын кіріктіруге бағытталғаны бесенеден белгілі. Білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде оқу бағдарламаларын әзірлеу кезінде қазақстандық педагогтардың және ғалымдардың ұсыныстары ескеріліп жасалған. Оқушылар барлық пәндерді оқу кезінде АКТ қолдану дағдыларын дамытады. Ақпаратты іздеу және өңдеу барысында ұжымда идеялармен алмасады, өз жұмыстарын бағалайды және жетілдіреді, түрлі жабдықтар пен қосымшалардың кең ауқымын пайдаланады.

АКТ оқушы білімінің, оларды тиімді қолдану бойынша дағдыларының дамуына жәрдемдеседі. Заманның ағымына ілесе алатын, көп ақпарды меңгерте білетін әлеуметтік қарым қатынасқа түсе алатын оқушыларды даярлау ұшін мұғалімнің кәсіби құзіреттілігін дамыту – басты міндет. Мұғалім «үйретуші мен білім көзі» емес, «үйрену процесін ұйымдастырушы», «менеджер», «үйренуге жағдай жасаушы» қызметтерін қос атқару керек.  Бұл ұстанымнан  «Шәкірт өздігімен үйрену керек», – деген түсінік қалыптасады. Мұғалімнің еңбегін төмендетпейді.

Мұнда мәселе – мұғалім міндеттерінің түбегейлі өзгеруінде. Педагог – білім тасушыдан – Білім әлеміне жол көрсетушіге айналуы тиіс. Жаңартылған білім беру жағдайында мұғалім тұрақты түрде өзін-өзі жетілдіруші, рухани дамушы, шығармашыл, педагогикалық құралдарды еркін меңгеру керек. Осы орайда мұғалімге қойылатын басты талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби шеберлігі, әдістемелік жұмыстағы шеберлігі.

Айтылғандарды жинақтай келіп, мұғалім — рефлексияға қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған әдіснамалық, зерттеушілік, дидактикалық-әдістемелік, әлеуметтік тұлғалы, коммуникативтілік, ақпараттық және тағы басқа құзыреттіліктердің жоғары деңгейімен сипатталатын рухани-адамгершілікті, азаматтық жауапты, белсенді, сауатты, шығармашыл тұлға болу керек. Еліміздің рухани көсемі А.Байтұрсынұлы: «Әрбір мұғалімнің негізгі мақсаты – сабақ сапасын көтеру, түрін жетілдіру» деген. 

Жаңартылған білім беру мазмұнын сапалы және тиімді түрде жүзеге асыру мұғалімнің кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты болып отыр. Білім мазмұнын жаңарту бойынша сабақты жоспарлау кезеңінде екі нәрсені нақты атап өтуге болады. Олар: бағалау критерийі мен тілдік мақсат. Сонымен қатар «Мәңгілік ел» бағдарламасы бойынша ұлттық құндылықтарды дәріптеу, саралау, бағалау бар.

«Мәңгілік ел» бағдарламасы бойынша ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше тоқталуға болады, сабақтың маңызды құрамдас бөлігі – интербелсенді әдіс-тәсілдердің қолданылуы. Интерактивті сабақтардағы мұғалімнің орны оқушылардың іс-әрекетін сабақ мақсаттарына жету үшін бағыттаумен шектеледі. Ал оқушының бағалау – ең жауапты нәрсе. Мұнда ескере кететін жайт – мұғалім оқушыны емес, оның жетістіктерін сабақтың өн бойында бойында жүргізіп отыруы тиіс. Бұл ретте мұғалім критериалды бағалаудың өзі қалыптастырушы және жиынтық бағалаудан тұратынын білуі керек.

Ұзақ жылдан бері жиналған педагогикалық тәжірибемнің арқасында жаңартылған білім беру жүйесінде көп қиындық көрмедім. Білімім мен біліктілігімді одан әрі шыңдап, жетілдіре түстім. Еліміздің білім беру саласына өз үлесімді әлі де қоса береріме кәміл сенемін.

Алия Асылбекқызы ШИПИНА,
№1 мектеп-лицейінің қазақ тілі

мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Қостанай қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий