Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі есуден АҚШ чемпионы атанды
Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2017-2018 оқу жылындағы түлегі Ануар Акчурин байдарка мен каноэде есу бойынша АҚШ-тың ашық чемпионатында бірінші орынды еншіледі. Әлемнің жетекші спортшылары қатысқан дода тамыз айының 21-24 күндері аралығында Оклахома-Сити (АҚШ) қаласында ұйымдастырылды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Ануар Акчурин – халықаралық санаттағы спорт шебері. Жас спортшы байдарка мен каноэде есу секциясына №4 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебіне барған, есу техникасын «Толқын» спорт кешенінде пысықтаған. Есу Ануарға шыдамды және мықты болуға көмектесті, алға қойған мақсаттарына жетуге үйретті. 200, 500 және 1 000 метрге есуден Қазақстандық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы.
Загрузка...Ануардың топтамасында 2016 жылғы Өзбекстанда өткен Азия кубогы, 2018 жылы Словакияда өткен Халықаралық регатадағы жеңіс, 2018 жылы Болгарияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 200 метр қашықтыққа есуден алған күміс бар. Ол – 2018 жылы Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен Азия чемпионатының 500, 200 метрге есуден екі дүркін чемпионы. Қазіргі кезде Ануар 4-курс студенті және Florida Institute of Technology профессорының ассистенті болып жұмыс істеуде.