Студенттердің колледжге бейімделуі

Бейімделу – бұл оқу үрдісін ұйымдастыру мен студенттің оған деген қарым – қатынасының өзгерісі. Колледжде бірінші курс студентінің бейімделуінің әлеуметтік деңгейі көптеген факторларды анықтайды: адамның жекелеген тұлғалық – психологиялық ерекшелігін, тұлғасын, іскерлік қабілеттілігі мен тәртібін, құндылықтарын, академиялық белсенділігін, денсаулық жағдайын, әлеуметтік ортасын, отбасылық деңгейін.

Жасөспірімдердің студенттік өмірге қалыптасуы әлеуметтік және биологиялық өзгерістердің толықтай жетілмегендігінен, қиын әрі көпжақты үрдіс. Сондықтан да, бірінші курс студентінің колледж жағдайына бейімделу мәселесі жалпы теориялық мәселелердің бірі. Кешегі мектеп оқушысының студенттік өмірге «енуі» мәселе міндеттерінің өзектілігін анықтап береді. Бірінші курс студенттерінің студенттік өмірге тез бейімделу үрдісі олардың өмір сүру үрдісінде жаңа кезең болып саналады.

Оқу кезеңінің алғашқы баспалдағында олардың оқу – іс-әрекетіндегі психологиялық ерекшеліктері мен өзгерістерін, психологиялық жағдайын зерттеуді қажет етеді. Бірақ, бірінші курстағы оқу – іс әрекетін ұйымдастыру ісі колледж жағдайына орай студенттің бейімделуіне бағытталған. Студенттік өмір бірінші курстан басталады. Сондықтан да бірінші курс студентінің колледж өмірі мен оқу әрекетіне тиімді бейімделуі тұлға ретінде болашағының жақсы дамуына, жақсы кәсіби маман болып қалыптасуына кепіл бола алады.

Мұнымен оқытудың әртүрлілігі мен қалыптасудың қарама – қайшылық мәселелері  зерттеулік, және тәжірибелік қызығушылық туындайды және анықталады. Кешегі мектеп оқушысының жаңа жағдайға нәтижелі қалыптасуын шешу үшін алғашқы оқу жылында студенттің көпшілігі кездесетін типологиялық мәселелерді себеп – салдарымен нақты анықтап алу керек. Жасөспірімнің студенттік өмірге қосылуы жолында тұрған кедергі оның колледжге қалыптасқан динамикалық стеоротиппен келуімен байланысты.

Колледжге қабылдануымен қатар бұрынғы қалыптасқан стеоротип бұзылып, жаңа түрі қалыптасады. Бірінші курсқа түскен студенттерге колледждің оқу үрдісі мен тәртібін қабылдау оңайға соқпайды. Бұл мектеп кезі мен үйде баланың үнемі мұғалім мен ата – ана қамқорлығында болуымен тікелей байланысты. Студенттер өздерін өзі бақылауға әлі қалыптаспаған, үйренбеген. Колледжге түсушілердің негізгі бөлігі аудандардан (елді-мекендерден, өзге аудандардан) келеді.

Қалаға келісімен олар ата–ана қамқорлығынан тысқары болып, өздерінің жеке өмірлерін бастайды. Сондықтан да ата–ана тарапынан үнемі бақылау мүмкін емес. Студент пен оқытушының арасындағы баспалдақ колледждің оқу үрдісінде оқытудың әдістері мен ұйымдастырылуы негізінде анықталады. Студент колледждің оқу үрдістерінің талаптарына қалыптасуы үшін біршама уақыт кетеді. Көпшілігіне бұл үлкен еңбекпен келеді. Осыдан барып іс – әрекеттің түрлілігі, мектепте оқыған адамның колледже білім алуы барысында қорытындыланады.

Бейімделу үрдісін комплексті түрде: оның әр түрлі деңгейде дамуы, яғни, жекелеген тұлғалық қарым–қатынас деңгейінде, жекелеген іс–әрекетінде, психофизиологиялық реттеу тұрғысынан қарастыру қажет. Қалыптасу үрдісіне белгілі бір деңгейде тікелей әсер ететін психикалық бейімделу бұл орайда маңызды рөл атқарады. Студенттердің бейімделу мәселесін шешуге бағытталған педагогикалық үрдістерді ұйымдастырудың біркелкі емес әрекеттерінің: оқытушылардың келіспеушілік әрекеттері, жетекшілердің бұл мәселені шешуде аз көңіл бөлулері нәтижесінде студенттердің оқу–тәрбие үрдісіне қалыптасуы қиындайды.

Орта кәсіби білім беру педагогикасында студенттердің оқу–ісі әрекетін қабылдауда қиындық тудыратын психологиялық–педагогикалық себептер әлі де жеткілікті анықталмаған. Сонымен қатар оқу–тәрбие үрдісінде студенттің әлеуметтік – психологиялық қалыптасуын қамтамасыз ететін психологиялық – педагогикалық жағдайлар да анықтауды қажет етеді. Психологиялық қолдау – жасөспірімдер үшін ең маңызды. Мейірімділік, көңіл бөлу колледждегі оқу – тәрбие үрдісіне бейімделу уақытын азайтуға мүмкіндік тудырады.

Топ кураторы студенттердің сабақ үлгерімі мен сабаққа қатысуын бақылап, ата-аналарын хабардар етіп отырады. Әркімге жекелей қарым-қатынас жасау – бұл біздің топ кураторларының жұмысының негізгі мақсаты. Олар әркіммен ортақ тіл табысуға, ашық сөйлесіп, кеңестері мен ұсыныстарын білдіруге, студенттің мағлұматты өз бетінше игеруге көмек көрсетуге, өзінің білімі мен қабілеттілігін бағалай білуге үйретуге тырысады. Психологтар студенттер арасында қолайлылық қалыптастыруға аз тер төкпейді, күш жұмсамайды.

Мысалы, бейімделу кезінде бірінші курсқа түскен студенттерге комплексті диагностика өткізіп, қорытындысы бойынша консультацияға шақырады. Психологиялық кеңес берулер барысында студенттердің әртүрлі проблемалары анықталып,  бақылауға алып, топ кураторларына ұсыныстар береді. Өткізілген кеңестерден кейін студенттің жеке бақылау картасы толтырылады. Сонымен қатар колледжде студенттердің бір–бірімен жақындастыруға, ортақ тіл табыстырып, достастыруға, курстастардың өзара және жоғарғы курс студенттерімен қарым–қатынас жасай білуге бағытталған әр түрлі мерекелік және тәрбилік іс–шаралары ұйымдастырылады.

Әсіресе психологтар емтихан алдындағы мазасыздықтарын басу мақсатында топ сағаттарын, емтихан алдынға дайындалуға кеңес ақпарат парақшаларын таратады. Сонымен қатар мазасыздықтары жоғары әр студенттермен сессия уақытында психологиялық қолдау көрсетіледі. Біздің колледждің бірінші курс студенттерінің басым бөлігі колледждің белсенді студенттері қатарында. Олар үшін туындаған әр түрлі мәселелер мен сұрақтардын шешуде топ кураторлары, топ шеберлері, пән оқытушылары көмектеседі.

Әр адамның өзін – өзі бағалай білуі, тұлғалық даму құқығы бейімделудің психологиялық жағдайын құрудың негізгі мақсаты болып табылады. Егер біз студентке жаңа оқу ұжымына енуіне көмек көрсетсек, оны колледждің барлық орталықтарымен (үйірмелер, қоғамдық ұйымдар, жастар комитеті, дебат клубтар) бірге жүзеге асыруымыз керек.

Осылайша орта кәсіби білім жүйесіне енгелі тұрған бірінші курс студенті алдындағы туындаған қиындықтар мен оларды шешу жолдары студенттің академиялық белсенділігі мен білім үрдісіндегі жетістігін арттыра түседі. Психологиялық қолдау жасөспірімге өзінің қоғамға қажеттігін сезінуге көмектесуге негізделген. Сондықтан әлеуметтік бейімделу тұлғаның қоғамдағы қалыптасу жетістіктерінің маңызды аспектілерінің бірі болып табылады.

Ерқасым БАЕКЕЕВ,
Қазалы аграрлы – техникалық
колледжінің 
педагог – психологы,
Қызылорда облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий