Білім беруді жаңғырту жағдайында инженер-педагогтардың кәсіби біліктілігін кәсіпорын базасынан жетілдірудің өзекті жолдары

Ел экономикасын тұрақты дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асырудың табыстылығы еңбек ресурстарының, адами капиталдың сапасына тікелей байланысты. Осыған сәйкес, техникалық және кәсіптік білім беру еңбек нарығы жұмыс берушілер мен әлеуметтік серіктестіктердің сұраныстарына көбірек бағдарлануда. Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев айтқандай: “Кәсіптік-техникалық білім беру бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген ағымдағы және келешектегі қажеттіліктерін барынша қанағаттандыруға бағдарлануы тиіс … Жеке бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі әсіресе білім беру саласында көрініс табуы қажет”.

Бұл жағдайда білім беру мекемелері мен бизнес өкілдері арасындағы қатынастардың жаңа жүйесі өзекті болып отыр. Бүгінгі таңда ТжКБ жүйесінде  дереу әрекет етуді талап ететін бірқатар келеңсіз жайттар кездеседі. Оның ішінде өндірістік оқыту шеберлерінің жетіспеушілігі, білікті кадрлардың қартаюы, жалақының төмендігінен жас мамандардың әлсіз уәждемесі сияқты проблемалық мәселелер туындап отыр. Сонымен қатар, өндірістен оқшаулану білім беру процесіне қазіргі қоғамның кәсіби кадрларды даярлауға қойылатын талаптарына жауап беруге мүмкіндік бермейді.

Сондықтан Қазақстан Республикасының Білім министрлігі ТжКБ жүйесінің мазмұнын жаңғырту, ТжКБ тартымдылығын арттыру, жұмыс берушілермен серіктестікті дамыту, колледж педагогтарының кәсіпорындарда тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру сияқты мәселелерді шешу бойынша тұжырымдамалық шаралар қабылдауда. Тағылымдама- өндірістік оқыту шеберлері мен оқытушыларға арналған қосымша кәсіптік білім берудің негізгі ұйымдастырушылық нысандарының бірі болып табылады. Оқыту олардың кәсіби шеберлігін жетілдіруге, біліктілігін арттыруға және тәжірибе алмасуға бағытталған.

Тағылымдама әлеуметтік серіктестікті дамытуды қамтамасыз етеді және кәсіпорындарда  жаңа жабдықтармен танысуға, өндірісте қолданылатын инновациялық технологияларды, еңбекті заманауи ұйымдастыруды, өндіріс жаңашылдарының еңбек әдістері мен тәсілдерін зерделеуге мүмкіндік береді. Осылайша, колледж оқытушылары өндірісті ішкі жағынан көреді, теориялық білімді талдайды және практикалық дағдыларды алады. Мұның бәрі бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға ықпалын тигізеді.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен 2017 жылдан бастап оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерін тағылымдамадан өткізу бағдарламасы іске қосылды. Осы уақыт ішінде “Қайнар АКБ” ЖШС, “Метакон ТК” ЖШС, “Жетісугаз корпорациясы” АҚ, “Тавиди” ЖШС, “Сайман” ЖШС және тағы да басқа аймақтың кәсіпорындарында ТӨИ және ЖТ педагогтарының тағылымдамасы туралы ережеге және кәсіпкерлер палатасы арасындағы келісімге сәйкес,біздің колледждің 20-ға жуық маманы автокөлік жөндеу слесарі, барлық атаудағы дәнекерлеуші, БӨҚжА слесарі, газ жабдықтарын жөндеу слесарі біліктіліктері бойынша тағылымдамадан өтті.

Соңында қатысушыларға тағылымдамадан өткені туралы сертификат берілді. Колледж педагогтары тағылымдама бағдарламасы қосымша кәсіби құзыреттер алуға және практикалық сабақтарды жоғары кәсіби деңгейде өткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Мазмұнды жаңартуға ықпал ететін инновациялық жобалардың бірі – “Жас маман”. Осы жоба аясында біздің колледжге грант бөлінді, “Дәнекерлеу ісі”мамандығы бойынша жетекші әлемдік брендтердің заманауи жабдықтары сатып алынды және оқу процесіне енгізілді. 

“Жас маман” жобасын іске асыру колледждің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға мүмкіндік берді, бұл өз кезегінде заманауи еңбек нарығында оңай бейімделетін және сұранысқа ие мамандарды даярлау тиімділігін арттырады. Колледж кәсіпорындар – әлеуметтік серіктестер мен жұмыс берушілердің жұмысшы кадрларын қысқа мерзімді даярлау және қайта даярлау бойынша колледж базасында жұмыс жүргізеді. Енді “Жас маман” жобасының арқасында колледждің осы бағыттағы мүмкіндіктері кеңейтілуде.

Worldskills чемпионатына студенттердің қатысуы да нәтижелі болады деп күтілуде, өйткені енді колледж түлектерінің біліктілік жұмыстарын қорғау Worldskills ережелеріне сәйкес демонстрациялық емтихан түрінде өткізілетін болады. «Газ  құбырларын  пайдалану және жөндеу слесарі» біліктілігі бойынша колледж бен жұмыс беруші-кәсіпорындары арасында жақсы серіктестік қарым – қатынасы қалыптасты. Сонымен қатар, “Жетысугаз “корпорациясы” АҚ инженері В.П. Спичакова және “Тавиди” ЖШС инженері Б. С. Ким практиканттарға тәлімгерлікті қамтамасыз ететін колледж оқытушылары болып жұмыс атқара отырып, кәсіпорындарда арнайы пәндер мен өндірістік оқыту бойынша жекелеген тақырыптарды өткізуді тиімді қолданады.

Колледжде қазіргі заманғы техника мен өндіріс технологиясын зерделеуді ұйымдастыру, жаңа оқу кабинеттерін, шеберханаларды, зертханаларды құру және жұмыс істеп тұрғандарын қайта жабдықтау бойынша жұмыс жүргізіледі, ол үшін: жабдықтарды жеткізу бойынша жетекші халықаралық компаниялардың қатысуымен оқыту семинарларын ұйымдастыру (Welding Group компаниясы); шеберлік сыныптарын өткізу (СовПлим Қарағанды компаниясы, Ресей компаниясының филиалы).

Осылайша, Талдықорған өнеркәсіптік индустрия және жаңа технологиялар колледжі кәсіпорындары базасында инженер-педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыруды келесі бағыттарда жүзеге асырады: арнайы пәндер оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің кәсіпорындарда тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру; колледж педагогтарының сабақтарға міндетті түрде қатыса отырып, колледжде жекелеген пәндерді немесе модульдерді оқыту үшін кәсіпорын мамандарын тарту; колледж базасында әлеуметтік серіктестер кәсіпорындарының қызметкерлерін қысқа мерзімді оқытуды ұйымдастыру және олардың біліктілігін арттыру.

Құзыреттер орталығының мүмкіндіктерін “Дәнекерлеу технологиялары” құзыреттілігі бойынша заманауи жабдықта олардың қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және Worldskills-ке дайындау мақсатында өңірдің басқа колледждерінің, жұмыс берушілерінің қызметкерлерін тарту үшін пайдалану. Заманауи техника мен өндіріс технологияларының жетістіктерін көрсете отырып, шетелдік компаниялар мамандарының дәрістерін, өңірдің жетекші кәсіпорындары мамандарының оқыту семинарлары мен шеберлік сыныптарын ұйымдастыру.

Нәтижесінде, колледжде 2019 жылы халықаралық аккредиттеуден сәтті өткен білікті педагогикалық ұжым жұмыс атқарады және де колледж даярлау жүргізілетін 6 негізгі мамандық бойынша бес жылға білім беру қызметіне сертификаттар алды.

Гульнара Балтабековна КОКУМБАЕВА,
Талдықорған өнеркәсіптік  индустрия және
жаңа технологиялар колледжі директорының
кәсіптік оқыту жұмысы жөніндегі орынбасары,
Алматы облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий