Ұстазым медаль таққан күн

Қыркүйек айының біріндегі Білім күні де жақындап келеді. Мектепке асыққан оқушы мен шәкірттерін асыға күткен ұстаздардың қауышатын күніне де санаулы күндер қалды. Қазақтың бас ұстазы Ыбырай Алтынсариннің «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөзі әр қазақтың жүрегінде. Ұстаздық қызмет атқарғаныма жиырма жыл. Осы жылдарда мен өзгермейтін, табиғи жаратылысынан айнымаған бір ұстазды көрдім.

Ол қазақтың қайсарлығы бойына біткен, елдің алғысына бөленген, байсалдылығы бір басына жеткен ұстазым – Орымбас Бағдат Ақжігітқызы. Өзгермейтін, жаратылысынан айнымаған дейтінім ұстазым ұстаздық жолды бастаған жыл – менің мектеп табалдырығын аттаған жылым. Міне, апай сол жылдардан бері менің көз алдымда сол қалпында. Бүгін ұстазым Ы.Алтынсарин медалін алғанда қатты толқыдым. Толқығаным – өзім мектепте апайға қарап ұстаз болсам деп армандап өсіп, еңбек жолымдағы ұстазым, ақылшым, жол сілтерім, жиырма жылдан астам уақыт аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі болған ұстазымның лайықты марапатқа жеткен күнінің куәсі болғаным.

Бағдат Ақжігітқызы 1961 жылғы желтоқсан айының 1-і күні Қазалы ауданында дүниеге келген. Отбасындағы ұстаздық қызметтегі аға – апаларына қарап, ұстаздық жолды таңдады. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін тарих мамандығы бойынша бітірген. Ұстаздық жолды таңдаған Бағдат апай қырық жылға жуық уақытында осы жолда аянбай еңбек етіп келеді. Мектепте мұғалім, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметтерін атқарды. Аудандағы кез – келген шәкіртті тоқтатып, ұстазы туралы сұраңызшы, қандай тебіреніспен, мектепке, ұстазға деген шәкірттік көңілдеріне куә боласыз.

 

Ал апайдың ұжымдастарынан сұрасаңыз, ол тіпті адамға қанат байлайды. Ол деген сөз ұстазымның адамға жел болып тимейтін жылы мінезінің, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары екендігінің, әр педагог пен қызметкермен сыйластық қалпын сақтай алатын болмысының жемісі. Бағдат Ақжігітқызының қай қызметте де өзінің жұмысқа деген құлшынысы мен қызығушылығын байқататындығы, жұмысқа деген ыждағаттылығы 1995-1997 жылдары Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы тарихи – мемориалдық музейінің директоры қызметін атқаруға әкелді.

Бұл салада да тарихшы ұстазымыз музейдің экспонаттарын толықтыру мен тарихи – танымдық іс – шараларға жете назар аударды. Ұлы ғұла­ма­лардың да ұстазы болған. Адам тәрбиелеп отырған ұстаздар қауымына халқымыз қашанда ерекше құрметпен қараған. Бағдат апай да осы қырық жылға жуық ұстаздық қызметтегі өзіне ақыл – кеңесін аямаған, үнемі үйретуден жалықпаған, кейбірі бұл күнде марқұм болып кеткен ұстаздарының есімін сағынышпен еске алса, көзі тірі ұстаздарын алтындай қастерлеп, құрмет тұтып келеді.

Жаны ұстаз боп жаралған, мамандығын адаспай тапқан Бағдат Ақжігітқызы 1997 жылы Қазалы аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушілігіне тағайындалды. Сол уақыттан бері табан аудармай 22 жыл ауданымыздың ұстаздарына әдістемелік көмек пен қолдау көрсетіп, аудан ұстаздарының түрлі кәсіби байқаулардан жүлделі орын иеленуіне, шәкірттердің облыс, республика, халықаралық дәрежедегі олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпазы болуына мұрындық болды.

2014 жылы Оңтүстік Кореяның Кенги провенциясында халықаралық тағылымдамадан өтіп, шетелдік технологияны Қазақстандық мектептерге енгізуде де зор үлесін қосты. Қай уақытта болса да алдына келген ұстазға қолдауы мен қамқорлығын аямаған Бағдат Ақжігітқызы ауданға ғана емес, облыс пен республикаға танылған әдіскер. Бағдат Ақжігітқызы Қызылорда облысының педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтымен тығыз байланыста болып, аудан ұстаздарының жұмысын насихаттап қаншама облыстық дәрежеде семинарлар мен конференциялар ұйымдастырды.

Аудан ұстаздарының педагогикалық ізденістері мен іс – тәжірибелерін насихаттап, тарату мақсатында әдістемелік құралдар мен нұсқаулықтар құрастыруға жетекшілік етті. Ұстаздарға білгенін үйретуден жалықпаған әдіскер ұстаз, өзі де облыстық, республикалық дәрежедегі түрлі кәсіби байқауларға, ғылыми – практикалық конференцияларға  қатысып, аудан мен облыстың мерейін өсіруге үлесін қосты.

Бағдат Ақжігітқызы жетекшілік еткен ауданымыздың әдістемелік кабинеті «Үздік әдістемелік қызмет – 2008» облыстық байқауында бас жүлде алса, «Үздік әдістемелік қызмет – 2009» республикалық байқауында бірінші орынды иеленді. Ұлағатты ұстаздың білім саласындағы еңбегі әр жылдары лайықты бағаланып келеді. Түрлі кәсіби байқаулар мен ғылыми – практикалық конференцияларға қатысып, іс – тәжірибесін насихаттағаны үшін Қазалы аудандық білім бөлімінің, Қазалы ауданы әкімінің, Қызылорда облысының білім басқармасының марапаттарына ие болды.

Білім саласындағы озық іс – тәжірибелері мен ауданымыздың білім саласының дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен және 2015 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалі табысталды. Биылғы «Білімді ұлт – тұрақты даму кепілі» атты облыс ұстаздарының тамыз кеңесінде аймағымыздың білім саласында еңбек етіп жүрген бір топ ұстаздар құрмет пен абыройға бөленді. 

«Ы.Алтынсарин» төсбелгісін кеудесіне таққан таққан ұстаздар қатарында – Қазалы ауданындағы №276 орта мектеп директорының оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары Орымбас Бағдат Ақжігітқызы да бар. «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға.  Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» – деп Ұлы Абай атамыз айтқандай, бұл бар ғұмырын білім саласына арнаған  ұстаздықтың ұлылығын ұқтырған ұстазға берілген лайықты марапат.

Шәрбану Толыбайқызы БАЕКЕЕВА,
Қазалы аграрлы – техникалық колледжінің
әдіскері, 
Қызылорда облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий