Ұстаздың ұлылығы – еңбегінде

Адамның  өмірге  келгендегі  басты  мақсатының бірі – өз орнын табу, өзіне  берілген  міндеттемені абыроймен  алып  жүру. Бұл жолда орнын тапқан, еліне ерен еңбегі сіңіп, ұстаздық жолында адалдық пен білім парасатын  биік  ұстаған тұлға деп Ахат Нұртас Ахатұлын айтуға  болады.

Ол, 1987 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогика институтын, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша аяқтаған. Білім саласында ең алғаш қызметін 1987 жылы Зеренді  ауданы, Ақан орта  мектебінде қазақ  тілі және әдебиеті мұғалімінен бастады. Кейіннен өзінің біліктілігімен  директордың тәрбие жөніндегі орынбасары болды. 1990 жылдары  Көкшетау қазақ педагогика училищесі директорының тәрбие жөніндегі орынбасары, оқу  ісі жөніндегі орынбасары міндетін атқарды.

1993 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры қызметін жүйелі атқарып келеді. Білім саласы, ұстаздық  жолы аса шыдамдылық  пен еңбекті қажет етеді. Бұл жолда Нұртас Ахатұлының еңбегі ерен. Өзі де  білімнің биік шыңына жетуде талай еңбектеніп, өз шәкірттерін білікті маман етіп дайындаудан тынбады. Білім саласындағы сол еңбектері еленіп  2004 жылы Филология ғылымдарының кандидаты, 2020 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, 2021 жылы ҚПҒА академигі ғылыми дәрежелеріне ие болды.

Сондай-ақ, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» медалі, ҚР Білім беру ісінің үздігі»,  «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі секілді көптеген кәсіби жетістіктері бар. Ұстаздың ұлылығы – еңбегінде, Нұртас Ахатұлы ұстаздық жолында білімін шыңдау үшін аянған емес. Қызметімен қатар, шығармашылық жолында талай еңбектері, шығармалары  жарық көрді. «Тұрмыс-салт жырларындағы ұлттық педагогика  мәселелері», «Орынбай ақынның әдеби мұрасы», «Алаштың Алмас ақыны» (монография), «Қос арна». «Келешек – 2030», «Қазақтың ары – честь казаха» сынды еңбектері қазақ әдебиетіне қосқан алтын кітаптар десе болады.

Оның еңбектерінен адам рухани тәрбие мен тарихқа терең үңіле  алады. Алғашқы еңбегі «Тұрмыс-салт жырларындағы ұлттық педагогика  мәселелері» кітабында Нұртас Ахатұлы қазақтың әдет-ғұрыптарының, салт-дәстүрлерінің терең мағынасын ашып, оның бала тәрбиесіндегі, ұрпақ  болашағына әсері туралы жазды. Кеңес дәуірінде  салт-дәстүрімізден алыстап қалғанымызға өкініш білдіре отырып, бүгінде соны қолға алып, халықтық педагогиканы  жаңғырту үшін көптеген  мәселені  қозғады.

Бұл еңбектен ғалымның аса біліктілігі мен  ақыл ойының парасаттылығын  байқауға болады. Оның философиялық ойлау қабілеті мен  тарихты жетік меңгеруі, педагогикалық қасиетінің жоғары екенін көрсетеді. «Қос арна» еңбегінде,  білім беру  саласының негізгі  мәселелеріне тоқталады. Ауылдық білім беру  мектептерінің жағдайларын атап өтеді. Ол жердегі қиындықтар мен оны шешу үшін нақты талаптар мен пікірін ашып жазған.

Сондай-ақ, өз жерінде туған, Көкшетаудың ерекше тұлғалары  туралы  ойын жазып, олардың өзгешеліктері  мен қасиеттерін көрсете  білді. Жазушының қаламының ұшқырлығын оның кез келген мақаласынан да көруге болады. «Ел» кітабында жиырма бірінші ғасырдағы жаһандануда мемлекетіміздің дамуы туралы қарастырылады. Еліміздің әлемдегі орны мен қазақ елінің өткені мен бүгініне жаңаша өз көзқарасын білдіреді. Жазушының ойының ұшқырлығын тарих пен қоғамды байланыстырудағы өзекті  мәселелерін қозғауынан көруге болады.

Оқытушы үшін  білім сапасы өте  маңызды. Шын мәнінде, бұл білім алушылардың  оқу жетістіктеріне әсер ететін ең негізгі фактор. Ахат Нұртасұлының бойына  ұстаздыққа тән барлық қасиет бар. Оның білімі, біліктілігі, адами қасиеттері  досқа  адал, шәкіртке үлгі болуы оның  бүгінгі  күнге дейін Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры қызметін атқарғандағы еңбек жолынан көре аламыз. Өз жұмысына  адал, колледж қызметкерлеріне жол көрсетер көшбасшы, мекеменің талай ұстаздары мен түлектерін қазіргі заманға лайық маман ретінде  дайындауда  тынбай еңбектенді.

Өзінің  білімін  шыңдай отырып, шәкірттердің де, ұстаздардың да біліктілігін  арттыру  үшін білімге, ғылымға жетеледі. Білгеннің үстіне біле түсуге «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқытудың кредиттік-модульдік технологияларын енгізудің ерекшеліктері» курсынан, сондай-ақ, «Платон» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі», «Педагогтердің IT құзыреттіліктерін дамыту және жетілдіру» секілді түрлі курстардан  өтіп, тәжірибемен алмасты. Колледж директорының қызметі өте ауқымды жұмыстарды қамтиды. 

Нұртас Ахатұлы білім беруден бастап, студенттердің әл-ауқатын қорғауға, сыни ойлауға және адамгершілік құндылықтарға шабыттандыруға дейін бақылап, олардың өмірінен маңызды орын алды. Оның бойындағы асыл қасиет көбінесе өмір бойы оқуға деген құштарлығы мен білімге құмарлығы талай шәкіртке үлгі болды. «Адамның адамшылдығы… жақсы ұстаздан болады» – деп, Ыбырай Алтынсарин айтып өткендей, Нұртас Ахатұлынан тәлім алған шәкірттер,  колледж студенттері, болашақ педагогтардың  білікті  ұстаз, білгір маман болатынына  нық сенім білдіремін.

Өзінің еңбек жолын мектеп  мұғалімінен бастаған оның білім көкжиегіндегі тұлға  екенін қызметтес әріптестері жақсы білеміз. Ұстаздық жолындағы адал еңбектері еленіп, халықтың елім деген азаматына айналған тұлға. Ахат Нұртасұлымен «Білім» бейіні бойынша  республикалық оқу-әдістемелік бірлестіктерде бірігіп атқарған жұмыстарымыз өз нәтижесін беруде. Кәсіби педагог, академик, білікті қаламгермен бірге жұмыс жасау біздің де көңілімізді қуантады.

Есжан Сарманқұлұлы ӘМІРОВ,
Қарағанды  жоғары гумантарлық
колледжінің директоры, “
Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері”

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий