Оқы. Үйрен. Талаптан: NIS бейсенбілері даналықтың жаршысы

Жаһандағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты соңғы екі оқу жылының қашықтан жүргізілгені мәлім. Ол тәрбие жұмыстарына да тың серпін берген еді. Бұл ретте Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі «жаңа тыныс» алған жобалардың бірі – «Даналық бейсенбі». «Даналық бейсенбі» – түрлі саладағы өз ісінің шеберлері, айтулы азаматтар, кәсіби майталмандармен жүздесу кештері. Аталмыш жобаның екі негізгі мақсатын айқындау дұрыс болар.

Біріншісі – өскелең ұрпаққа үлгі боларлық, өңірге есімі танымал тұлғалармен кездесулер оқушыларға мотивация беріп, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алуы мүмкіндігі. Ғылым, білім, денсаулық, саясат, экономика, кәсіпкерлік, спорт салаларының өкілдерімен кездесу өткізу дәстүрге айналған. Оқушылар медицина ғылымдарының докторы, профессор, танымал кардиолог Юрий Пя,  әлемнің төрт дүркін чемпионы, зілтемірші Илья Ильин,  отандық QazVac вакцинасын әзірлеуші Биологиялық қауіпсіздік проблемасы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары, ең жас  композитор, пианист Бейсеқожа Нұрәлі, «National Geographic Qazaqstan» журналының редакторы Арай Ізбай, ақын және жазушы  Сәуле Досжан, Google бағдарламасының әзірлеушісі Дархан Кубигенов, Қазақ күресінен әлем чемпионы Бейбіт Ыстыбаев сынды тұлғалармен онлайн жүздесті.

Айрықша жүздесулердің қатарынан қызылордалық NIS-те белгілі  кардиохирург Юрий Пямен өткен кездесуді атауға болады. Юрий Владимирович Пя – «University Medical Center» корпоративтік қорының басқарма төрағасы, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының хирургия және ғылым директоры, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстанда алғаш жүрек ауыстыру отасын жасаған ел мақтанышы. «Teams» платформасында оқушылармен қашықтан өткен кездесуде Қазақстанның белгілі дәрігері табысқа жету тарихымен таныстырып, жастық шағының естеліктерімен бөліскен еді.

 – Мамандық таңдауға келгенде қай бағыт өзіңе жақын келетінін түсіну  қиын. Жас кезімде физика ғалымы болуды армандадым. Алайда мүмкіндіктерім мені Мәскеудегі медициналық университетке апарды. Алғашқы жылдары кедергілерді жеңу үшін өздігімнен көп жұмыс жасап, өз-өзімді үнемі жетілдіріп отырдым. Негізі әрбір адам оңай жол іздемеу керек,  қиындықтар әлеуетімізді ашып, тұлғалық қасиеттерімізді дамытуға көмектеседі, – деп санайды  Юрий Владимирович.

Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде рухани-танымдық жобаның құрметті қонағы ретінде әлем ғылымына танымал академик Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев болды. Мектеп тілшілері танымал математиктен сұхбат алды: – Сабақ берудің ең керемет әдісі тақтаның алдында тұрып бормен жазып түсіндіру. Оған жететін ештеңе жоқ. Бірақ қазіргі уақытта ол мүмкіндік жоқ. Амалдың жоқтығынан біз оған көнуіміз керек. Індетке байланысты үйде отырыңдар, көп араласпаңдар деп айтып жатыр. Соны тыңдау керек.

Жақсы жағы да бар, оқушылар жан жақта отыр. Қостанай, Алматы, Ақтау… Сол жағдайда қашықтықта оқып, білім алуға болады. Оның ұтымды жақтары аз емес. Оқимын, білемін деген адам интернеттен көп мәлімет ала алады, зерттейді, қосымша білім алады. Бірақ бұл жерде ұлкен мәселе бар – ол ғаламтордағы керек емес, қоқыс заттардан құтыла білу. Өйткені,  ғаламтордағы ақпараттың 90% керек емес, спам. Соны ажырата білуді үйрену керек, – дейді әйгілі математика.

Мәселен, танымал «Ауылдан шыққан миллионер» кітабының авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, ақын, журналист Сәуле Досжан Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушыларымен онлайн форматта кездесу өткізді. Сәуле Досжанның балаларға арналған жаңа кітабы еліміздегі барлық аймақтың жас оқырмандарының сүйікті шығармасына айналып үлгерді. Бүгінгі таңда «Ауылдан шыққан миллионер» − қазіргі қазақ балалар әдебиетінің теңдессіз шығармаларының бірі. Осы кітап желісі негізінде Зияткерлік мектептерде түрлі шаралар өткізілді.

Павлодарлық оқушылар кітап кейіпкерлері мен сюжеті бойынша суреттер салса, Шымкенттегі химия-биология бағытындағы мектеп оқушылары зияткерлік ойын өткізіп, анимациялық буктрейлер жасады. “Ауылдан шыққан миллионердің» авторымен өткен кездесуге төрт мыңға жуық NIS оқушылары қосылды. − Сөз өнері ылғи жүрегімде жүретін. Балалар әдебиетінде бір керемет шығарма жазсам екен деп армандайтынмын. Және қазақ балалары кішкентайынан нарық заңын біліп өсіп, өмір сүрудің құпияларын біліп өссе екен деп армандайтынмын. Сол көп жылдан бері ойлап жүрген арманыма былтыр пандемия кезінде жеттім, − деп Сәуле Мағазбекқызы ағынан жарылды.

Көкейлерінде жүрген сұрақтарды қойған оқушыларға басты кейіпкер Жомарттың болашақтағы өмірі қызық болды: ол өз махаббатын тапты ма, достарымен қарым-қатынасы жалғасты ма, Роза тәтенің дүкені әлі де жұмыс істеуде ме. Үздік деп танылған пікір мен сұрақ авторлары жазушының қолтаңбасы қойылған кітапқа ие болды.  Қазіргі таңда жазушы Жақсылық Үшкемпіров жайында балаларға арналған романын жазу үстінде. Семей қаласындағы Зияткерлік мектеп қушылары мен ата-аналары даңқты балуан Айбек Нұғымаровпен онлайн кездесу мүмкіндігін алды. TEAMS платформасы арқылы бүкіл елімізге таратылған кездесу барысы әсерлі әңгімеге толы болды.

Шара қазақтың тұңғыш кәсіби балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығын атап өту аясында ұйымдастырылды. Сұхбат барысында Айбек Серікболұлы қазақ күресінің қыр-сыры, өзге күрес түрлерінен ерекшелігі жайлы айта келіп, ұлттық спортымыздың даму барысы жайлы әңгімелеп берді. – Кездесу көңілімнен шықты. Емен-жарқын әңгімелестік. Қойылған сұрақтардың да өскелең ұрпақ үшін маңызы бар. Шамамның келгенінше дұрыс жол сілтей білдім деп ойлаймын. Ерекше атап өтерлігі, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басшылығы тарапынан еліміздегі білім мекемелерінің алғашқыларының бірі болып, ұлттық күресті мектеп бағдарламасына енгізуге деген талпыныстары қуантады. Енді осы бағыттағы жұмысты федерация, мектеп, балуандар біріге атқарамыз деген ойдамын, – дейді Айбек Серікболұлы.

Кездесу барысында балуанның өмірі, спорттық мансабы жайлы бейнесюжет үзінділері көрсетіліп, көрермендер тарапынан сұрақтар қойылды. Қашықтан оқыту форматы жобаның екінші бағыты шетелдік ғалымдар мен шетелдегі түлектерді жұмылдыруға мүмкіндік берді, яғни кәсіптік бағдарлауға бейімдеу. Бұл – кәсіби мамандармен еркін әңгімелесу, толғандырған сұрақтарға толыққанды жауап алу, қызығушылық танытқан мамандығының қыр-сырын игеріп, қиындығы мен қызық тұстары жайлы толық мәлімет алу. Биылғы оқу жылында аталмыш жоба аясында барлық Назарбаев Зияткерлік мектебі ұйымдастырған іс-шаралар саны – төрт жүзге жуық.

Оның басым бөлігі, яғни 150 шамасындағы шара жоғарыда айтып өткен кәсіптік бағдарлау бағыты бойынша өткізілген. Бұл – Carnegie Mellon University, Hong Kong Baptist University, Pusan National University, University of Applied Sciences Würzburg-Schweinfurt, Politecnico di Milano, University of Tasmania, Monash University сияқты бірқатар шетелдік танымал жоғары оқу орындарының, сонымен қатар Назарбаев Университеті бастаған отандық үздік білім ордаларының ғалымдарымен өткен кездесулер.  

Оған қоса, шетелдің танымал білім ордасында үздік профессорлардан дәріс алып, өзі қалаған мамандықта табысты еңбек етіп жүрген түлектерімізді арнайы шақыру да маңызды болды. «Даналық бейсенбі» жобасының кезекті онлайн шығарылымында Өскемен қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі, Қазақстанның IT саласында өзіндік үлесін қосып, ІOS мобильді қосымшасын және Kaspi.kz, Еgov mobile, Tele2.kz, Altel.kz  жобаларын құрастырушылардың қатарында жүрген жас маман Алмас Зайнолдин қонақта болды.

Алмас IT маман болудың артықшылықтары, жалпы бұл саланың қарқынды дамуы, оның ішінде Қазақстан нарығында дамуы туралы ойын ортаға салды. – IT маман болудың көп артықшылықтары бар, соның бірі – географиялық орналасу еркіндігі, яғни, толықтай қашықтықтан жұмыс жасау мүмкіндігі. Бұл дегеніміз, Қазақстанда тұрып-ақ, мысалы, АҚШ компаниясында қызмет атқаруға болады, – дейді Алмас. Болашағын аталмыш саламен байланыстыруды жоспарлап отырған оқушыларға бұл кездесу көп мағлұмат берді. Алмас мықты ІТ мамандар дайындайтын отандық жоғары оқу орындарын да атап өтті. Қатысушылар көкейлеріде жүрген сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды.

«Даналық бейсенбінің» онлайн-кездесулері географиялық шекараларды жойып, заман ағымына сай бейімделіп қана қоймай, кемелдене түсті. Ол мектепшілік ауқымнан желілік форматқа ауысып, жаңа басымдықтарға ие болды. Ел бастайтын келешек ұрпақ үшін дұрыс жол сілтеп, келешегін айқындауға мүмкіндік беретін бұл жоба тек өрлей бермек.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий