Таратуға тұрарлық идеялар: TEDx – жаңа мүмкіндіктер алаңы
Қазіргі заманауи оқушылардың жан-жақты дамуына қандай жағдай жасау керек? Ойын еркін білдіре алатын, жан-жақты мықты тұлғаны қалыптастыру үшін қалай көмектесуге болады? Осы мақсатты жүзеге асыруда TEDx форматындағы шаралардың маңызы зор. «Таратуға тұрарлық идеялар» форматындағы TEDx конференциялары оқушыларды өмір бойы оқуға, әлеуметтік белсенділік, ашықтық, қарапайымдылық, көшбасшылық, құрмет және әлеуметтік маңыздылық сияқты құндылықтарға тәрбиелейді.

Саналы, білімді өскелең ұрпақ қалыптастыруда TEDх жобасының орны ерекше. Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі TEDx NIS клубтары 2012 жылы WikiBilim қоғамдық қорының қолдауымен құрылған. Бұл Қазақстанда ашылған алғашқы TEDx клубтарының іргетасы болып табылады. Бүгінгі таңда аталған клубқа ел аумағындағы Зияткерлік мектептердің мыңдаған оқушысы мүше болып қабылданған. Клуб мүшелері орыс, қазақ, ағылшын тілдерін жетік меңгерген көшбасшы ғалымдардың, өзге салада жүрген тұлғалардың көпшілік алдында оқыған дәрістері мен идеяларын талқылайды.
Мұнымен қатар, өздері таңдаған тақырыптарда TED форматына сай мәтін баяндама дайындайды. Клуб мүшелері логистикалық талаптарға сай дағдыларды, шешендік өнерді, ұйымдастырушылық қасиетті, спикерлікті, интернетті толықтай меңгереді. Қарсыласының пікірін сыйлап, өзінің көзқарасын қорғауды, топ пен жеке басы үшін шешім қабылдауды үйренеді. Бұл жобаны Назарбаев Зияткерлік мектептеріне енгізудің мақсаты айқын. Өз ойын еркін білдіре алатын оқушыға әлем есігін айқара ашып, өмір жолында шексіз мүмкіндіктер кезігетіні де талас тудырмайды.
Бұл сөзімізге «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың сөзі дәлел: – TEDх – «Таратуға тұрарлық идеялар» концепциясының алар орны ерекше. Қазақта «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» деген сөз бар. Оқушылар қысқа да нұсқа сөйлеп үйренуі, өз ісін көрсете білуі қажет. Бұл орайда, олардың бойында ғылыми-зерттеу, әріптестік қатынастар, шешендік өнерді дамытуда «Зияткерлік мектептің TEDx» клубы жұмыс істейді. Өзін еркін көрсете алмайтын бала, өзі жасағанын ұсына алмайтын бала ертең еңбек нарығында жұмыссыз қалады. Осыған байланысты балаға тек білім ғана беріп қоймай, оның мінезін, жауапкершілігін, еркін сөйлей алуын дамытуымыз қажет. Ортада өзінің ойын еркін жеткізе алуға, жасаған дүниесін ұсына алуға үйрететін болсақ нұр үстіне нұр, − дейді Күләш Ноғатайқызы.
Нұр-Сұлтан және Талдықорған қалаларындағы Зияткерлік мектептер, елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп NIS тәжірибесін таратуда маңызды бағыт болып табылатын серіктес мектептердің қатысушыларын тарта отырып, халықаралық деңгейдегі «Tedxnis» конференцияларын жүйелі түрде өткізіп тұрады. Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Ажар Еркін TEDx форматындағы «Көшбасшылар форумында» аутоиммунды ауруларды емдеудегі қазақ халқының мұрасының рөлі жайлы жобасын таныстырды. Ол өзінің күні бүгінге дейін күресіп келген ауру жайындағы орамды ойын көпшілік назарына ұсынды.

– Мен бес жасымнан бастап атопиялық дерматитпен күресіп келемін. Педиатр дәрігерлердің айтуынша, бұл ауру әлі де толық зерттелмеген деседі. Науқастан айығу жолдарын іздей келе, қазақтың ұлттық тағамдары мен еттің сорпасын тұтынуға негізделген кето диетаны күнделікті ұстана бастадым. Нәтижесінде көп жылдық дертіме шипа тауып, өмірлік тәжірибемді «ой саларлық идеялар» санатында сіздермен бөлісіп отырмын, – дейді Ажар. Ажар Еркін дамыған заманауи технологиялардың заманына қарамастан, өзіміздің тарихымыз бен мәдениетімізді ұмытпауға шақырады.
Зияткерлік мектептерде TEDx форматындағы конференциялар жүйелі түрде ұйымдастырылады. Сонымен қатар, TED-ed clubs (ed.ted.com) клуб жүйесінде тіркелген TEDed club NIS клубтары бар. Аталмыш ұйым оқушыларға шешендік өнерді үйрету арналған арнайы ресурстарды ұсынады. Сондай-ақ, TEDx форматындағы конференцияларды ұйымдастырудың әдіс-тәсілдерімен бөліседі. Бұдан бөлек, TEDxNIS жиындарында әртүрлі жастағы топтың балалары өздерінің тың идеяларымен және тәжірибесімен бөліседі. Мұндай шаралар оқу тоқсанында кем дегенде 1 рет өтеді. Зияткерлер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде пікір алмасып, белгілі бір тақырыптың мәселелерін ортаға салып, ой қозғайды.
Клуб жұмыстары аясында оқушылар әлемнің алдыңғы қатарлы ғалымдары мен өнертапқыштарының қазақ, ағылшын, орыс тілдеріндегі қысқа қоғамдық дәрістерін тыңдап, оларды талқылайды. Сондай-ақ, өздері таңдаған тақырыптарға TED форматында баяндамалар дайындайды. Айта кетерлігі, мұндай жиындар TEDxYouth жүйесінде сертификатталып аккредиттеуден өткен. TEDx форматындағы шаралардың бірі Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Time management деген не?» тақырыбында ұйымдастырылды. Мақсат – уақытты тиімді басқарудың маңыздылығын айқындау. Уақытты тиімді пайдалану – жетістікке жеткісі келген кез келген адамды толғандыратын мәселе.
Жиын спикерлері уақытты тиімді пайдаланудың әдістерімен өзара бөлісті. Шара спикері, 12 сынып оқушысы Тания Тлеубаеваның айтуынша, тайм менеджмент – өмірдің маңызды бөлігіне айналды. – Қазіргі кезде қоғамда әрқайсымызда тәулігіне 24 сағат бар. Оны қалай пайдаланатынын әркім өзі шешеді» деген жалпылама пікір қалыптасқан. Мен мұнымен келіспеймін. Мысалы, мектепке дейінгі жолға біреу 15 минут, ал кейбіреулері оған 2 сағат жұмсауы мүмкін. Бұл бізге байланысты емес жағдайлар. Пікір алаңының тағы бір спикері Томирис Смогулова, өз сөзінде, сүйікті ісіңмен айналаса жүріп, оң нәтижеге қол жеткізу үшін оған көп уақыт жұмсаудың қажеті жоқ екендігін айтты.

– Мысалы, мен бимен айналыса бастаған кезден бастап, әр бос уақытымды биге арнайтынмын. Менің түсінгенім, уақытты өткізудің түрлі тәсілдерін қарастыру керек, бір нәрсеге көп уақыт бөлудің қажеті жоқ екен түсіндім. Кездесу қатысушылары «Уақытты тиімді пайдалану өмірдің сапасын арттырады» деген ортақ ойды құптады. Сонымен қатар, оқушылар уақытты тиімді пайдалану, басқару мәселесі әсіресе, карантин жағдайында, қашықтық білім алу кезеңінде көпшілікке проблемаға айналғандығын жасырмады. Жиынды соңында зияткерлер – уақытты дұрыс басқару үшін, осы тақырыпқа арналған кітаптарды оқуға кеңес берді.
Загрузка...Сонымен қатар, NIS желісінде жазғы мектеп кезеңінде TEDx кездесулері тұрақты ұйымдастырылады. Талқыға салынған өзекті мәселердің бірі – Оқушылар салауатты өмір салты, әскери-спорттық ойындардың маңыздылығы секілді өзекті мәселелерді талқыға салады. TED клубы – оқушыларда өзінің мүмкіншіліктерін қалыптастыру, этикалық, танымдық, әлеуметтік, психологиялық мәселелерді талқылап, қалыптастырады. Сонымен қатар, балалар, дәлелді сөйлеп, пікірін дәйекті қорғай білу және топтық шешімдердә қабылдауды үйренеді. Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі TED клубының мақсаты – «Таратуға тұрарлық идеялар» концепциясын басшылыққа алып оқушының бойында тыңдай білу, ой-өрісін кеңейту арқылы оқушының бойында саналы тұлға ретінде дамуына үлес қосу.