Жас түлек: Жарайсың, Нұрболат!

«Білім инемен құдық қазғандай» – деп дана халқымыз айтпақшы, расында адам баласы дүние есігін ашып, оның дұрыс өмір сүре білудегі басты құралы ол – білім. Ал білімнің қайнар бастауы – мектеп қабырғасында. Ұстаз үшін шәкіртінің біліктілігі мен білімді болуынан асқан бақыт жоқ. Себебі әрбір баланың бойына тәрбие мен білімді қатар ұштастыра білу үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Жаңа оқу жылы мектеп өмірі үшін ерекше құбылыс. Білім табалдырығын аттап,кішкентай бүлдіршіндеріміз қосылса, 11 жылдық ұясынан түлектеріміз ұшып, жаңа өмірге қадам басады. Шәкірттеріміздің жаңа белесті бағындыру жолындағы ең күрделі сынақтың бірі – ол ұлттық бірыңғай тестілеу екенін бәріміз білеміз.ҰБТ-дан жоғары балл жинап, грант иегері атану –  ол тек оқушының ғана емес, ұстаз бен ата-ананың да үлкен арманы мен басты мақсаты. Осындай үлкен қуаныштың бірі – биылғы оқу жылында біздің білім ордасындағы түлектердің тестілеу сынақтарында жоғары көрсеткішпен двралануы болды.

Отыз бес оқушыдан құралған 11 «ә» сыныбында 3 оқушы ерекше аттестат иегері атанып, 9 оқушы «Алтын белгі» иеленді. Барлығы бірдей 110 баллдан жоғары нәтиже көрсетті. Ал үздіктердің көшбасындағы Сатыбалды Нұрболат, Назарбаев зияткерлік университетіне тапсырып, ең жоғары 140 балл жинап, мемлекеттік грантты жеңіп алды. Бұл дегеніміз – үлкен жетістік. Нұрболат шәкіртім тек мектептің ғана емес, қала мен ауданымыздың мақтанышы. Облыстық және республикалық деңгейдегі түрлі байқаулардың жүлдегері.

– Бесінші сыныптан бері келе жатқан сүйікті шәкірттерімнің бірі. Мінезі салмақты, жауапкершілігі мол, білімге деген сүйіспенішілігі ерекше. Достарының арасында да сыйлы, беделді. Әрбір пәнді өзінше жақсы көріп оқиды. Оның даралығы өз алдына бір төбе!, – дейді сынып жетекшісі Салима Мұхтарова. Озық оқушыны тәрбиелеп, біліммен сусындатып, әркез қолдау көрсете білген №178 мамандандырылған лицейдің директоры Шадиев Қайратбек Хамзаханұлы мен сынып жетекшісі Мұхтарова Салима, сондай-ақ барлық пән мұғалімдеріне алғыс білдіремін.

«Ұстаздан шәкірт озар» демекші, тәрбиелеп отырған балапандарымыз тек білімділігімен басып озып, топ жара білсе, біз үшін үлкен абырой. Себебі әрбір оқушының болашақта өз орнын таба білуіне үлкен әсер етуші – мұғалімдер қауымы. Ал мұғалімдерге  қолдау көрсетіп, баласына көмек қолын соза алатын әрие қамқоршы ата-аналары. Нұрболат Сатыбалды бүгінде лицей ұжымындағы ұстаздар мен оқушылардың ғана емес, жергілікті басшылардың ерекше үлгі тұтатын дарабоздардың біріне айналды.

Әрбір оқу жылының нәтижесі осы талантты шәкіртіміздей мықты ұл-қыздардың жетістігімен тола берсін. Болашағынан мол үміт күттіретін оқушыларымыз көп болып, білімді ұрпағымыздың саны арта берсін. Бүгінгі білімді ұрпақ –ертеңгі жарқын болашақ.

Назгүл Бақытқызы ЖЕНСИКБАЕВА,
№178 мамандандырылған лицейдің
мұғалімі, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий