Ата Заңды құрметтеу – парасатты парыз
Әлемдегі кез-келген мемлекетті ғасырлар бойы өз құнын жоғалтпай, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан заңдар жинағы болады. Осындай Ата заң Қазақстанда ел тәуелсіздігін нығайту барысында 1995 жылғы тамыз айының 30-ында Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Бұл ел тарихында алтын әріппен жазылған күн. Бұл Республикамыздың тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі екінші Конституциясы.

Мемлекетіміздің Конституциясы – бұл заң қарпінде өрнектелген жалпыұлттық идея. Ол біздің ата-бабаларымыздың көптеген ұрпақтарының азаттық және өз тағдырын өзі шешу мүмкіндігі туралы, билік барша халықтың мүддесіне қызмет ететін мемлекет туралы, бүкіл әлемге белгілі әрі құрметтелетін тәуелсіз ел туралы армандарының осы заманғы құқықтық түсініктерін бейнеледі.
«Конституция» сөзі латын тілінен аударған «құрылыс», яғни мемлекет, ел, болудың нұсқасы деген ұғымды білдіреді. Бұл біздің қазақ халқы үшін жат емес. Себебі, не бір тар жол тайғақ кешулердің басынан өткерген халқымыз Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның Жеті жарғысының қағидаттарын басшылыққа алып, даналықпен ұштасқан дала билігі бойынша өмір сүрді. Ұлттық құндылықтарымыздың негізін айнытпай орындаудың нәтижесінде аз ғана уақыттың ішінде тұғыры биік, көк туы биік мемлекетімізді орнатып, тәуелсіздігізді паш еттік.
Сондықтан, Конституция біздің еліміздің тұтастығы мен бірлігінің белгісі іспеттес. Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Осы Ата заңымыз қабылданған сәттен бастап, Тәуелсіздік туын желбіретіп, дербес, егеменді елдердің қатарына қосылып, алға қарай дамуымыздың жаңа сатысына көштік. Ата Заңнын 1 тармағында «Қазақстан өзін ең қымбат қазынасы – адам және азаматтың өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» делінген.
Заңда белгіленген барлық тұжырым, қағидалар өмірдің салаларын өркениетті заң жүзінде басқаруға мүмкіндік береді. Сондықтан, Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің негізгі заңының асқақ рухы мен маңызын, тарихын жақсы білуі қажет. Конституцияны құрметтеу және сақтау ғана – біз өз елімізді Отанымызды, тарихымызды құндылықтарымызды құрметтейміз. Елімідің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз.
Өскелең ұрпақтың бойына Конституциямыздың қадір-қасиетін сезінуге, азат елімізді сүйіп, оның өсіп-өркендеуіне жеке үлес қосуымыз керектігін сіңіру өте маңызды. Біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз тең қана нығая берсін. Осы мереке күні барша қазақстандықтарға, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ, молшылық пен табыс тілеймін. Келешегіміз кемел, елімізде бейбітшілік болсын!
Гаухар АБИЛОВА,
Павлодар қаласы химия-биология
бағытындағы Назарбаев Зияктерлік
мектебінің жатақхана тәрбиешісі