Павлодар NIS-тың оқушысы халықаралық Stockholm Junior Water Prize (SJWP) байқауының финалисті атанды ⠀

Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12А сынып оқушысы Томирис Смогулова Стокгольм қаласында өткен Stockholm Junior Water Prize (SJWP) халықаралық байқауына қатысып, финалисті атанды. Республикалық кезеңде Томирис өзінің «Water saving in oil bioremediation techniques» тақырыбындағы ғылыми жобасын қорғап, ақтық кезеңге жолдама алды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Жоба жетекшілері Адамова А.А және Алықпашова Н.А. Айта кетерлігі, дода онлайн форматта өтті. Халықаралық байқаулың финалында әділ-қазылар алқасы оның жұмысына жоғарғы баға берді. Томиристің айтуынша, ол үшін бұл үлкен тәжірибе болды. Алған білімін алдағы уақытта ғылыми конференцияларда қолданбақшы.

– Бұл байқауға қатысу мен үшін оңайға соқпады. Дайындық өте күрделі болды. Құжаттарды тапсыру кезеңінен қорғау уақытына дейінгі мерзімде қатты қобалжыдым. Бір қызығы, жобамды қорғау кезінде мүлдем басқа сұрақтар келді. Сол үшін қобалжыдым, бірақ бар күшім мен білімді жинап, өзімді жақсы көрсетуге тырыстым. Халықаралық байқауға қатысуым алғаш рет. Өмірімде болып жатқан оқиғалардың барлығы бекер еместігін түсіндім. Сондықтан, бұл мен үшін мықты стимул болды.

Павлодар NIS-тың 12А сынып оқушысы Томирис Смогулованы қоршаған орта мен су проблемалары бұрыннан алаңдатады. «Мұнаймен ластанған экожүйелердің биоремедиациясы» тақырыбындағы жобамен 2020 жылдың соңынан бастап айналысып келеді. Stockholm Junior Water Prize (SJWP) – 15 пен 20 жас аралығындағы жастарға арналған халықаралық премия. Байқау Стокголь қаласындағы дәстүрлі халықаралық су апталығының шеңберінде ұйымдастырылды. Шараға әлемнің 30 елінен жастар қатысқан болатын.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий