Жаңа жүйе: Психологиялық қызметтің мүмкіндіктері

Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен білмекпіз, – дейлі ойшыл хакім Абай Құнанбайұлы. Біздің жергілікті орталықтың жанынан психологиялық әлеуметтік қолдау бөлімі ашылды. Бұл облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тікелей қолдауымен, білім басқармасының бастамасымен құрылды.

Бөлім мақсаты – оқушылар мен білім алушылардың эмоционалды әл-ауқатын жақсарту, психологиялық қызметтің ашықтығын, тиімділігін арттыру. Өзектілігі – педагог-психологтарға, мұғалімдерге, ата-аналарға қолдау көрсету. Бөлім 12 бағытта, тұжырымдама негізінде жұмысты жүзеге асырады. Жаңашылдығы – циклограмма, мобильді топ, психологиялық қызметтің «PSY-04» электронды журналы. Білім алушылардың әл-ауқатын жақсарту, медиа сауаттылығын, эмоционалды интеллектін дамыту, сонымен қатар педагог-психологтардың кәсіби біліктілігін арттыру, имиджін қалыптастыру, білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметті оңтайландыру психологиялық-әлеуметтік қолдау бөлімі мамандарының басым бағыттарының бірі болып табылады.
Қазіргі таңда әлеуметтік-психологиялық қызметке, кәсіби білікті психологтарға білім беру ұйымдары тарапынан сұраныстар артып келеді. Бөлім жұмысы осы мәселелердің шешімін табуға ықпал етеді. Психологиялық диагностика, психологиялық ағарту, психо-түзету, профилактикалық жұмыстар дұрыс жолға қойылып, проблемалық мәселелер өз шешімін табатын болады. Сонымен қатар оқушылар мен білім алушылардың толыққанды тұлғалық, психикалық дамуына оң септігін тигізеді. Бөлімнен осындай жоғары нәтижелер күтіледі.
Психологиялық-әлеуметтік қолдау бөлімінің ашылу салтанаты облыстық тамыз кеңесі аясындағы секциялық жұмыстың пленарлық отырысында өтті. Пленарлық отырысқа облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертлеуова, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Психология, тәрбие және тұлғаны дамыту» орталығының жетекші сарапшысы PhD доктор Балабек Сақтағанов, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің әдістемелік кабинет меңгерушілері, әдіскерлер, облыстық жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Лескенқызы бөлімнің мақсаты мен міндеттерін, бағыттарын, жаңашылдықтарын таныстырып, психологиялық қызметті ұйымдастырудың өзектілігі мен мүмкіндіктеріне тоқталды. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Психология, тәрбие және тұлғаны дамыту» орталығының жетекші сарапшысы PhD доктор Балабек Кеніштайұлы білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметті ұйымдастырудың тиімді тұстарын баяндап, бөлімнің жұмысына сәттілік тіледі.

Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтар мен ұсынымдар тыңдалып, кеңес барысы психологиялық қызметтің мәселелерін талқылау алаңына айналды. Сонымен қатар бөлімнің ашылуын үлкен қуанышпен қабылдап, бірлесе жұмыс жасауға дайын екендіктерін білдірді. Жаңа сатылық жүйедегі психологиялық қызметтің ерекшелігінің бірі – облыстық білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің «PSY-04» электронды журналының іске қосылуы. Басты мақсаты – психологиялық қызметті жүйелендіру және оңтайландыру болып табылады.
Жобаны құрастырушы авторлары облысымыздың IT маманы Бисекенов Мақсат Айткалиевич пен психологиялық-әлеуметтік қолдау бөлімінің мамандары. Авторлық жоба өз кезегінде облысымыздағы педагог-психологтардың жұмысын жүйелі реттеуге және психологиялық қызмет негізінде жүргізілген жұмыстың сараптамасын жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құпиялықтың сақталуын, кез-келген жағдайға байланысты қажетті профилактикалық жұмыстар жүргізуге жағдай жасайды.

«PSY-04» электронды журналы 2021-2022 оқу жылынан бастап облысымыздағы барлық білім беру ұйымдарында енгізілетін болады. Психологиялық-әлеуметтік қолдау бөлімі жаңа мүмкіндік беретін жаңалық, үлкен жақсылықтарға алып келетін тәжірибе ретінде облысымыздағы педагог-психолог мамандары үшін өзіндік практикалық мектепке айналмақ. Орталық жұмысы нәтижелі болатынына сенеміз.

Ақтөбе облысындағы ғылыми
тәжірибелік орталығы