Кәсіптік бағдар беру жұмысын тиімді ұйымдастырудың маңызы

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Баршаға арналған тегін кәсіби – техникалық білім» бағдарламасы міндеттерін орындаудың алғашқы қадамдары да басталып кеткендігі белгілі. Аталған міндеттерді жүзеге асыру – мемлекеттің ғана емес, қоғамның әрбір мүшесінің міндеті, соның ішінде білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі болып отыр. Ол білім беру жүйесінде кәсіптік бағдар беру жұмысы арқылы жүзеге асады.

Кәсіптік бағдар беру – қоғамның қажеттілігіне қарай әрбір оқушының қабілеттілігі мен бейімділігін ескере отырып, кәсіпке қызығушылығын қалыптастыруға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектесуде, мақсатты атқарылатын жұмыс. Кәсіптік бағдар беру жұмысы жас ұрпақтың саналы түрде болашақ мамандығын қателеспей таңдауға мүмкіндік жасайды. Кәсіптік бағдар беру ісін анда – санда бірнеше шаралармен немесе оқушылардың мектепті бітіріп шығу кезіндегі түсінік жұмысымен ғана шектеуге болмайды.

Сол себепті біздің арнаулы оқу орнында кәсіптік бағдар беру жұмысы жоспарлы түрде жыл бойы жүргізіледі. Оқу жылының басында кәсіптік бағдар беру жұмысының жоспары құрылып, бекітіледі. Кәсіптік бағдар беру жұмысының негізгі мақсаттары мынадай: болашақ талапкерлер ішінен колледжге қабылдау барысында сапалы таңдау жасау; колледждегі мамандықтарды насихаттау, бітіруші түлектерді дәріптеу, жарнамалау, танымал ету; мектеп оқушылары арасында кәсіби бағдар жүргіздің жүйесін құру.

Жоспарға сәйкес колледж оқытушылары аудан мектептеріне бекітіліп, кәсіптік жарнама жүргізу топтары құрылды. Кәсіптік бағдар беру жұмысын тиімді жүргізу мақсатында мамандықтар бойынша жарнамалық бейнероликтер мен слайдтар, лифлеттер, үгіт – насихат топтары даярланды. Оқытушылардан құралған кәсіби бағдар берушілер мектеп бітіретін 9 және 11 сынып түлектерімен кездесіп, колледждегі мамандықтар туралы презентациялар көрсетіп, оқушылармен түсіндіру жұмыстарын өткізді.

Оқушылармен жұмыс істеу – кәсіптік бағдар беру бағыттарының бірі, ал екіншісі ата – аналармен жұмыс жасау болып табылады. Ата – аналар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ата – аналарды оқушыларға кәсіптік бағыт беру ісіне белсенді қатысуға тартудың маңызы зор. Себебі, балаларының мамандық таңдап алуына  ата – аналардың өте үлкен ықпал жасауына орай, олармен жұмыс істеудің нәтижелі болары сөзсіз. Пандемия жағдайында да кәсіптік бағдар беру жұмыстары тоқтап қалған жоқ, қайта жемісті нәтиже берді деп ойлаймын.

Себебі, АКТ мүмкіндігін пайдаланып, түрлі әлеуметтік желілер (facebook, instagram, whatsapр, telegram, zoom, тағы басқалар) және ұялы байланыс телефондары арқылы оқу орныңды жарнамалап, кез – келген уақытта қалаған сұрақтарына жауап алуға қол жеткізе білді. Әсіресе, ата-аналармен байланысудың түрлі формалары қолданылды. Кәсіптік бағдар беру аясында төмендегідей іс – шаралар ұйымдастырылды: колледж базасында экскурсия , ашық есік күнін өткізу; колледж сайтына мамандықтар жайлы, қабылдау комиссиясының жұмыс тәртібі жайлы ақпаратты орналастыру; кәсіптік бағдар беру бағыты бойынша аудандық, қалалық іс – шараларға қатысу.

Және кәсіптік бағдар беру презентацияларын өткізу мақсатында үгіт жүргізуші топтарды жіберу; жарнамалау материалдарын дайындау және басып шығару; колледжде өткізілетін іс – шараларға (семинар, конференция онлайн форматта) мектеп оқушылары мен ата – аналарының қатысуын қамтамасыз ету. Кәсіптік бағдар беру жұмысының нәтижесі оқуға талапкердердің құжат тапсыруы кезінде белгілі болады. Қазалы аграрлы – техникалық колледжі де құжат қабылдауды Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларын бекіту туралы «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің (18. 11. 2018 ж, № 578) бұйрығына өзгірістер мен толықтырулар еңгізу туралы салалық ведомстваның жетекшісінің (06. 06, 2021 ж, №276) бұйрығын басшылыққа ала отырып, биылғы маусым айының 25-інен бастады.

Жаңа ережеге сәйкес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Ақша студентпен бірге жүреді» қағидаты негізінде гранттарды бөлудің жаңа тетігін әзірленген болатын, Яғни, бұрын гранттар колледждер арасында бөлінген болса, биыл олар талапкерлердің таңдауы бойынша берілді. Мемлекеттік тапсырыс талапкерлердің таңдауы бойынша колледждер арасында орналастырылды. Талапкерлер колледжге құжаттарды екі тәсілмен Egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы немесе тікелей колледжге әкеліп college.smartnation.kz порталы арқылы тапсырды.

Құжат тапсыру ережесі туралы барлық ақпараттар дер кезінде әлеуметтік желілерге салынып, виртуалды қабылдау комиссиясы тұрақты түрде жұмыс жасады. Биыл квоталық санаттар тізімі кеңейтілді, яғни квоталар тоғыз санат бойынша қарастырылды. Сонымен қатар алғаш рет барлық түлектерге Қызылорда облысының білім басқармаларының ақпараттық жүйелері арқылы кәсіби диагностикадан өту мүмкіндігі берілді. Диагностика түлектерге мамандық таңдауда көмектесуге арналған және ұсынымдық сипатқа ие.

 

Қорыта айтқанда, мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау. Ал, сол кірпішті дұрыс қалауда кәсіби бағдар жұмысының атқарар рөлі зор. Кәсіптік білім берудің мақсаты мен маңыздылығында қазіргі заманауи кәсіптік білім беру жүйесін дамыту мен білікті мамандарды даярлау қажеттілігі қарастырылған. Сондықтан да кәсіптік бағдар беру жұмысын жүйелі, мақсатты орындай білген кезде мол жетістікке жетеріміз анық.

Гүлазат Инабатқызы ЖАҢЫЛОВА,
Қазалы аграрлы – техникалық колледжі
директорының  тәрбие жұмыстары
жөніндегі орынбасары, Қызылорда облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий