Жолдау – 2021: Мемлекеттік қолдау педагогтарды ынталандырады

Биылғы жаңа Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім беру және ғылым саласындағы өзекті мәселелерді айшықтай отырып, ары қарай дамытуда айқын бағыттарын нұсқады. Жетпіс жыл көлемінде сапалы білім мен саналы тәрбие жолында еселі еңбек етіп келе жатқан біздің жоғары оқу орны үшін қазіргі нарыққа қажетті кәсіби мамандарды дайындау басты міндет.

Бұл ретте айта кетейін, оқу ордамыздың білім беру бағдарламалары “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бағалауында көш бастап тұр. Соңғы үш жылда облыс ішінде сұранысқа ие мамандықтар бойынша бакалавриат, магистратура және докторантураның 30-дан астам жаңа білім беру бағдарламалары іске қосылды. Биыл біздің университетке үш мыңға жуық талапкер оқуға түсті. Оның ішінде 900-ден астамы бюджеттік орындарға. Ел Президенті атап өткендей, педагогикалық мамандықтарға тапсырған студенттер саны шекті балл көрсеткіші 75-ке ұлғайтылғанына қарамастан, азайған жоқ.

Керісінше, өсіп отыр. Ерекше атап өтерлік жәйт, педагогикалық мамандыққа тапсырған талапкерлердің ұлттық бірыңғай тестілеу баллы орта есептен жоғары. Яғни, ұстаздық жолды үздік оқушылар таңдап отыр. Бұған университетімізге оқуға түскен «Алтын белгі» және ерекше үлгідегі аттестат иегерлерінің саны соңғы жылдары екі есеге артқаны айқын дәлел. Сонымен қатар, биыл Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен өңір түлектеріне төрт жүзге жуық грант берілді. Оның жартысынан астамы өңірде сұранысқа ие педгогикалық мамандықтарды қамтып отыр.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары педагогтарға жақсы мотивация беруде. Бұны биыл бір ғана біздің университетке магистратураға түсушілер қатарының былтырғы оқу жылмен салыстырғанда екі есе ұлғайғандығы аңғартады. Жалпы, соңғы үш жылда университет студенттерінің қатары екі есеге, яғни, 4 мыңнан сегіз мыңға дейін өсті. Қасым-Жомарт Кемелұлы педагогтардың еңбекақысын көтеруге 1,2 триллион теңге бөлінетінін айтып өтті. Бұл ретте бүгіннен бастап еліміздегі жоғары оқу орын мекемелерінде еңбекақы көлемі артқанын атап өткім келеді. Біздің университетте бұл жұмыс 2018 жылдан бері жүзеге асып келеді. 

Жолдауда айтылған өзекті мәселенің бірі – балалар арасында оқуды тастау үрдісі пайда болғаны. Бұл әлбетте, жақсы көрініс емес, сондықтан студенттер арасында тәрбие жұмысын қарқындату қажеттігін түсініп отырмыз. Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі білім беру жүйесі қолжетімді әрі инклюзивті болу тиіс деді. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстың ауқымын кеңейтеміз. Алдағы уақытта елдегі жоғары оқу орындары арасындағы алғашқы үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы ашылады. «Dana bala» жобасында цифрлық, жаратылыстану-ғылыми, техникалық және гуманитарлық бейіндегі көпдеңгейлі қосымша білім беру бағдарламалары қамтылған.

«Ѕтеам» және «Дарынды балалар» зертханалары, аппараттық психодиагностика және психокоррекция, сенсорлық интеграция және түзету, сондай-ақ логопедтік кабинет жұмыс істейтін болады. Мемлекет басшысы айқындап өткен мәселелер бойынша, әсіресе, жоғары білім сапасын арттыруда, ғылымды дамытуда еселі еңбек ететін боламыз.

Мұхтар ТӨЛЕГЕН,
“Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс
Қазақстан университеті” КеАҚ Басқарма
төрағасы-ректоры, Өскемен қалалық
мәслихаттың депутаты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий