Түркістан облысы: 78 мектептің құрылысы жүргізілуде

Оңтүстік өлкеде жыл соңына дейін пайдалануға берілетін 44 жаңа мектептің он бесі биылғы білім күні пайдалануға берілді. Солардың бірі – Сауран ауданындағы жаңа Шаға ауылдық округіне қарасты Ынтымақ елді мекенінде орналасқан бес жүз оқушыға арналған 30 мұғалімі бар №13 жалпы білім ордасы, – деп хабарлайды Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының баспасөз қызметі.

Заманауи үлгіде салынған үш қабатты ғимаратта үлкен спортзал мен 100 орынды асхана қарастырылған. Дәрігер бөлмесі жұмыс істейді. Аймақ бойынша жаңа оқу жылында 927 күндізгі орта білім беру ұйымындағы бес мыңнан астам шәкірт дәстүрлі білім алуға кірісті. Облыс аумағында 78 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жетпіс білім шаңырағы облыстық бюджеттен қаржыландырылса, сегізі «Ауыл-ел бесігі» жобасымен салынуда.

Түркістан қаласында 720 орындық Назарбаев зияткерлік мектебі пайдалануға берілді. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 900 мемлекеттік мектеп толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. «Әліппе» оқулығын қолдарына алғаш ұстап, бірінші сыныптың партасына отырған 4221 бүлдіршін әріп үйренуді бастады. Барлық оқу орындарында санитарлық нормалардың сақталуы ерекше назарға алынып, қажетті дезинфекциялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өңірдегі 84 мыңға жуық ұстаз бен жиырма жеті мыңнан астам техникалық персонал жүз пайыз вакцина қабылдады.

Сарыағаш аудандық Жібек жолы ауылдық округіндегі №58 Әлкей Марғұлан атындағы орта мектепке қосымша 300 орындық білім ошағы пайдалануға берілді. Екі гектар аумақта орналасқан бұл ғимаратта спортзал, асхана және шеберханалар орналасқан. Ауданда алпыс мыңдай оқушы білім алса олардың үш мыңы киелі шаңырақтың табалдырығын биыл аттағандар.  

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий