Ғылымның жаңа қағидаты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауы аса жауапты кезеңде жария етілді. Әлемдік коронавирус пандемиясы салдарын «ұзынның қысқарып, жуанның жіңішкерген өлара шағы» деп сипаттауға да келіп қалды. Мұндайда не керек? Барды ұқсату, әл-қуатты жүйелі есептеу, әлеуетті ақылмен жұмсау керек. Сонымен бірге әлгі «жіңішкенің үзілер уақыты» дегенде қазақ сары уайымға салынбай жаңа күннен – Наурыздың берекесінен үміттенеді. Бұл жерде Наурыз – рәміз-символ. Біз де жаңа күннен үміттенеміз, – деп жазады Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҰҒА академигі Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ республикалық “ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН” газетінің сайтында жарияланған мақаласында.


Мемлекет басшысы сөзінің әлқамын­да: «Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыз­дысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы» деді. Қазір еліміздің қай ортасына барыңыз, ақылы бар кез келген адамына жолығыңыз, айтатыны, сезінгісі келетіні – осы игілік. Экономиканы өркендету жақсы, өндірісті дамыту одан да тәуір, әл-ауқатты ойлаған екібастан тамаша, бірақ қалың қауымда, әсіресе жастарда білім, мәдениет, ғылым болмаса, осының бәрі қайдан келеді? Бұл ретте Жолдау жұртқа жақын тілмен жазылған және қаумалаған қиындықтан шығатын жолды дұрыс көрсеткен деп санаймыз.

Мына тұжырымдамаға назар аудары­ңыз: «Мемлекеттің экономикаға тым көбірек араласуы оның өсімін тежейді, сыбайлас жемқорлыққа және заңсыз лобби жасауға әкеп соқтырады». Бұл жерде әңгіме – бейтараптықта емес, құр дабыраны, жалаң бақылауды, есеп үшін есепті, құнамақорлықты тыюда. Көбіміз ауылдан шықтық. Жерді ему мен су қадірін, мал бағу мен жан бағу­ды, топырақ пен дақылдың түр-түсін, өні­мін жанымызбен сезінеміз. Ауыл шаруа­сындағы берекесіздікті көзімізбен көріп жүрміз. Сондықтан Мемлекет басшы­сы­ның: «Ауыл шаруашылығын техно­логия­лық тұр­ғыдан қайта жабдық­тауды қол­дау тәсіл­дерін мұқият қарауы­мыз қажет. Аг­роө­неркәсіп кешені қолда­натын техно­ло­гияның шамамен 90 пайызы әбден ескір­ді. Оны жаңарту керек» деген ойының, тапсырмасының тезірек орындалуына тілеуқормыз.

Ғылымсыздық яки ғылымға атүсті қарау әлемдік дерт кезінде антиваксер­лікке, қиял-ғажайыпқа сенуге немесе өмір­ден түңілуге алып келді. Осы орайда Пре­зидент: «Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғары технологиялық құралдармен жабдықтау қажет. Соның арқасында зертханаларымыз 90 пайызға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болады» деп, тиісті орындарға уақыттың өзі күн тәртібіне шығарған мәселені лайықты шешуді тапсырды.

Жалпы адамзат даму жолына түскелі бері білім мен ғылым – қоғамның, мем­лекеттің проблемасы емес, сол проблеманы шешетін керемет тетігі. Алаш тұл­ғасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Неше түрлі ғылым, өнер – бәрі де тірші­ліктің ауырлығын азайту үшін, рахатын молайту үшін шығарылған нәрселер» деуі сондықтан. Қазір осы «дағдарыс», «қиын­дық» деп жатырмыз, мұның бәрі әлем­дік деңгейде саяси мәселеден бас­тап адами мәселеге дейінгінің дұрыс рет­телін­­бегендігінде. Дүние жүзінің ірі елд­ерін­де билік олимпіне шыққандардың, транс­­­ұлттық тетіктерді ұстағандардың өр­ге дөңг­елетуге тиісті тасты шыңырауға қа­­рай гүрс етіп тастағанында. Тура әзіл ара­лас әп­санадағыдай: «Бір жынды етек­тегі өзен­нің тар аңғарына қиядан құлат­қан кесек тасты жүз ақылды шығара алмай жүр…».

Биылғы Жолдауда ғылымның бірсы­пыра күрделі мәселесі терең айтылды. «Ғылымды дамыту – біздің аса маңыз­ды басымдығымыз. Бұл саладағы түйт­кілдердің шешімін табу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Ең алдымен, жетекші ғалым­дары­мызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек. Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн. Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырдым», деді Мемлекет басшысы.

Әрине, мемлекет қаржысы түбі жоқ саба яки мес емес екенін ескерсек, бәсе­кеге қабілетті ғылыми маман даярлау, отандық іргелі және қолданбалы ғылым­ның өлшемін қалыптастыру, жетек­ші ғалымдарды ынталандыру көзін табу – түптеп келгенде, елдің мүддесі. Ғылым­ға мемлекеттік көзқарас осылай қалып­та­сады. Ішкі жалпы өнімнің (gross domestic product) ғылымға бөлінетін пайызын белгілеу және жүзеге асыру – осы жолдағы ең маңызды қадам.

Екінші, «PhD бағдарламасын оқитын­дарға бірінші ғылым шарт па, ағылшын тілі шарт па?» деген сұраққа шет тілді жеңімпаз ету асқан ақылдылық деп есептемейміз. Жақында ғана бір математик-академик келіп: «Мен қазір талантты математик түлекті өзіме докторант ете алмаймын. Өйткені ол ағылшын тілі тестінен құлап қалды. Егер осы жүйе біздің кезімізде енсе, ешқашан ғалым бола алмайды екенбіз» деп, мұңын ша­ғып кетті. Әрине, мұны жай эмоция демей, «жаңа жағдайда шәкірт тәрбиелеу мек­тебін қалай жүйелендіреміз?» деп ойлануы­мыз қажет. Осы орайда ғылым да, ғалым да қат кездегі академик Қаныш Сәт­баев­тардың батыл да мемлекетшіл тәжі­рибесін жандандыруымыз керек.

Ана тілі – ұлттың жаны, әлем тілі – коммуникация. Қазақстан жаратылыстану-техника ғылымы саласының соңғы 40-50 жылдағы корифейлерімен сұхбаттаса қалсаңыз, ағылшын тілін өзі үшін және ғылымы үшін бірте-бірте, табиғи түрде меңгергеніне көзіңіз жетеді. Үшінші, «ғылымға бөлінетін базалық қаражат» бұрын Ғылым академиясы құра­мында болып келген барлық инс­титут­қа, соның ішінде гуманитарлық бағыт­тағы институттарға ауадай қажет. Осы жер­де тағы да бір мәселе бар. Мыса­лы, біз уни­верситет пен ғылымның ықпал­дасуын қаншалықты табысты жүргізе ал­дық?

Қазіргі жас та болса іскер министр А.Қ.Аймағамбетовтің осы мә­се­леге бай­ланысты ұсыныстарын қанша­лықты жүзе­ге асырып жатырмыз? Ғылым­ның отан­дық өлшемін, оны қаржылан­дыру тетік­терін, маман әзірлеудегі саба­қ­тастықты әр саланың ғылыми қауым­дастығы кеңе­сіп, талқылағанын естіп пе едіңіздер? Біздіңше, мұндай талқылау ауадай қажет. 

Мысалы, кезінде Ұлттық ғылым акаде­мия­сының вице-президенті, сенатор, Пар­ламентте комитет төрағасы болған, бүгінде жасы 90-ға таяған академик Жабай­хан Әбділдин былай дейді: «Гумани­тар­лық ғылым мен жаратылыстану-техника ғылымына бірдей талап қою – ғылымның спецификасын білмеуден. Ғылымның критерийін Scopus, Web of Science базасына енетін журналдардағы мақалалармен ғана өлшеу – отандық ғы­лымдағы ізденістерді, нәти­желерді шет­елге тегін беру және өз ғылы­ми жур­нал­дарымыздың дәрежесін төмен­дету деп білемін. Ал мұнан да сорақысы – жас­тарды механикалық түрде «скопус­тық ма­қала» жариялауға итермелеп (енді олар қайтсін, PhD қорғау керек), әлемдік ғылымдағы алаяқтардың – «жыртқыш журналдардың» жемтігі етіп жатырмыз. PhD түлектерінің 60-70 пайызы дер кезінде диссертациясын қорғай алмауы тек осы Scopus жарияланымына бай­ланысты екені мемлекетті және жауап­ты орындарды ойлантуы керек. Аль­пинизммен енді айналысып жатқан адамға «екі-үш жылда Джомолунгмаға шығасың!» деуге бола ма? Және талапта айтылған шың нағыз ғылымның шыңы болса, бір сәрі. Бұл нені көрсетеді? Бір кезде осы талапты енгізген сала бас­шыларының отандық ғылым өлшемін жан-жақты ойластырмағандығын айғақ­тайды. Оның есесіне қолдан келетін және отандық ғылымға көп пайдасын тигі­зетін қатаң да жүйелі талапты қойсақ, еліміздің ғылымы өркендей түсер еді. Жастар да ғылымға ықыласпен, ынтамен келер еді. Сонымен бірге ғылымды жал­пақшешейлікке, шүлен үлестіруге айналдырмау керек. Бүгінгі ғылымдағы көп қиындық – 1990-2000 жылдардағы сондай принципсіздіктің салдары».

Біздіңше, ғылым саласы ақсақалының осы пікірі Президент Жолдауы аясын­да аса көкейкесті естіледі. Бұл мәселе министр Асхат Аймағамбетовті де алаң­датып отырғанын жақсы білеміз. Сала басшысы: «Біздің ғалымдардың мақалалары халық­­аралық базаға енбейтін жур­нал­дар­да жарияланған жағдайлар жиі­леп кетті. Әлбетте, бұл тәжірибені өзгер­ту керек. Қағида қарапайым – «бедел­­сіз» журналдардағы бірнеше жария­ланымның орнына жоғары сапалы жур­налдағы бір мақала болғаны дұрыс. Бұл ретте гуманитарлық және әлеуметтік мамандықтар бойынша мақалаларға қойылатын талаптар оның ерекшелігі­не қарай сараланады» деп, сындарлы ұстанымын жеткізгені есімізде.

Ал академик Жабайхан Мүбаракұлы айтқан гуманитарлық сала туралы министр: «Бұл бағыттағы зерттеулердің бизнес тарапынан қосымша қаржыландырылу перспективасы жоқ. Осыған орай Білім және ғылым министрлігі әлеуметтік-гума­нитарлық бейінді ғылыми ұйымдарды базалық қаржыландыруды жетілдіру және кеңейту шараларын қабылдауда» деп атап көрсеткен-ді. Міне, осы Мемлекет басшысы биік мінберден мәлім еткендей, ғылымды қаржыландырудың бастама-тетігі өз шешімін тапқалы тұр.

Жолдаудың асыл арқауы болып енген ұғым – инклюзив. Президент: «Біз­дің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклю­зивті болуға тиіс» деп бір қайырса, тағы бір тұста: «Біз инклюзивті қоғам құрып жатырмыз» деп тұжырымдайды. Әл-әзір қазақша аудармасы жоқ осы ұғымның Алаш зиялылары тұсында «Игілік» қауы­мы деген практикалық баламасы болған. Бұл – кембағалға қол созу, шеттетілгенді ор­таға тарту, қоғам игілігін бөлісу, өз­гені өзіңдей көру дегенге саятын идея еді. Түркістан өңірі тарихына қатысты мұрағат деректерінен кезінде зағип және мылқау жандарға Құран үйрететін мектептер болғанын оқып, қайран қалған едік…

Бүгінде инклюзив тек мүгедектерге ғана қатысты іс-амалдар кешені емес, бұл – қоғамның мейірімі мен жауапкершілігі. Ойлана қарасақ, бұған да ғылымның ұстанымы, көзқарасы керек. Біртуар Әлихан Бөкейхан: «Бір өнер қылған кісіге тар жер екі өнер қылған кісіге кең болады» деп жазады. Алаш көсемі шынайы ниет пен игі іс-әрекетке иек артты. Мемлекет басшысы Жолдауының түйіні айқын: халықтың береке-бірлігі мен елді дамытатын саяси-экономикалық, әлеу­меттік-мәдени жаңғырулар – өркен­деудің іргетасы. Осы орайда білім мен ғылымға қоғамның адастырмас темір­қазығы болу, жаңашыл қағидаттар­ды енгізу мен жүзеге асыру жүктеліп отыр.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий