Жолдау – 2021: Болашақ бүгіннен басталады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауын тікелей эфирден мұқият тыңдадым. Әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін көзіміз ашық, көңіліміз ояу және санамыз еркін болуы шарт. Болашақ бүгіннен басталады. Әрбір қазақстандық өзінің білімін жетілдіріп, перзенттерін де білім-ғылымға үйретуі тиіс. Тек терең білім мен озық ғылым ғана елді өркениеттің биік шыңына жетуіне жетелейтіні анық.

Биылғы жаңа 2021-2022 оқу жылының алғашқы басталу күнімен қатар, егеменді еліміздің тарихына жаңа бір өзгеріс еніп отыр. Президент Жолдауының 1 қыркүйек – Білім күні мерекесімен қатар келуі әрине, біз үшін зор қуаныш! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарға арналған Жолдауда, ел экономикасының дамуындағы өзекті деген мәселелердің бетін ашып, еліміздің білім беру саласына ерекше тоқталғаны белгілі.

Өз басым, білім беру мекемесінің қамқоршылық кеңесі төрағасының тізгінін ұстап жүргендіктен болар, дербес еліміздің білім саласындағы болып жатқан жағымды жаңалықтар мен оң өзгерістерді жылы қабылдайтыным рас. Әлемді жайлаған короновирус індетінің біздің елде де белең алуына байланысты, қабылданған карантиндік шараларға сәйкес, білім ошақтарындағы білім беру саласына короновирус пандемиясы мен қашықтан оқытудың кері әсер еткені белгілі.

Осы ретте, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: – Пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігі төмен екендігін көрсетті. Мұндай ахуал негізгі, қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылардың саны артуына әкеп соқты. Тағы бір проблема, нағыз қиындық осы деуге болады. Балалар оқуын тастап кетіп жатыр. Өйткені білім алуды қажет деп санамайтын болды. Үкіметке бұл мәселемен, атап айтқанда қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын мықтап айналысуды тапсырамын. Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс, – деген ойын ашық айтты.

Мемлекет басшысы сонымен қатар барша қазақстандықтарға арналған Жолдауында биылғы 2021 жылдың қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейгенін тілге тиек етіп, алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсалатындығын және еліміздегі алға қойған 800 мектептің орнына 1 мың білім ошағын жаңадан салу керектігін де жеткізді. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» тақырыбындағы биылғы Жолдауды толық қолдаймын.

Бұл стратегиялық мәні мен маңызы зор құжат тәуелсіз мемлекетіміздің барша азаматтары үшін алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға жұмылдырушы бастама болатындығы сөзсіз. Президент Жолдауының бағыт беруімен қазақ елінің дамуы, оның ішіндегі білім ошақтарындағы оқушыларға білім беру сапасының жақсаруы жемісті жүзеге асатындығына кәміл сенемін!

Тілек КЕНЖЕБЕКОВ,
№ 1 жалпы білім беретін мектептегі
қамқоршылық кеңестің төрағасы,
Қарағанды облысының Приозерск қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий