Білімді жасқа жол ашық

Магистратура мен докторантураға түсу үшін  жазғы кезеңде межелі балды жинай алмаған үміткер ендігі жерде қысқы маусымда қайта тапсыра алады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты. Демек, Қазақстан ЖОО ректорлар кеңесімен келісіп пішкен шешім магистратура мен докторантураға ең мықты және лайықты үміткерлердің оқуға түсуіне мүмкіндік береді деген сөз. Біз Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлтық университетінің магистранттары мен докторанттарының пікірінен осыны аңғардық, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Қарлығаш ЖҰМАДІЛ, әлеуметтік ғалымдар факультетінің 2 курс магистранты: – ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың жарияланымындағы магистратура мен доктарантураға қабылдау бойынша жаңа өзгерістер оқуға ынтасы бар адамдар үшін үлкен қуанышты жаңалық. Бұл жазғы қабылдау науқанына үлгермеген немесе қандай да бір себептермен тапсыра алмаған талапкерлерге берілген мүмкіндік. Сонымен қатар, үміткерлердің тиісті дайындық жасай алуларына да қолайлылық туғызады. Ендігі жерде тиісті мекемелер қысқа уақыт ішінде қажет құжаттар мен дайындықтарды өткізіп, бұл жоба желтоқсан айында іске асады деген үміттемін және ғылыми ортаның кеңеюіне үлкен септігі болатынына да сенімім мол.

Азамат МАХАМБЕТ, Журналистика және саясаттану факультетінің 1 курс магистранты: – ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың магистранттар мен докторанттардан құжат қабылдау биыл екі кезеңде жүзеге асырылады деген шешімі керемет жаңалық. Жаңа өзгерісті өз басым қолдаймын және ескеретін де мәселелер барын жасырмаймын. Қолдауымның себептеріне келсек, біріншіден, бөлінген грант ауаға ұшып кетпей игерілетін мүмкіндік алады.

Екіншіден, уақыт нормаларын өзгертіп, жаңа ритмге ыңғайлаудан қашпау керек. Үшіншіден, қосымша мүмкіндік әркез жақсы. Адамдар бір жыл күтіп уақытын жоғалтпайды. Дегенмен, мен үшін түсініксіз болып тұрғаны – қосымша гранттар бөліне ме? Әлде, талапкерлер жыл сайын жазғы гранттардың  артылып қалуын күтіп қала ма? Сосын университеттерде орын жете ме? Әрине, бұл сұрақтардың жауабы оңай әрі дайын да шығар, әзірге ештеңе айтылмаған соң маған осындай мәселелердің түйіні тарқатылмай  тұрған секілді көрінеді.

Назерке САЙЛАУОВА, Халықаралық қатынастар факультетінің 1 курс магистранты: Министрдің бұл шешімі орынды деп санаймын. Өйткені, магистратураға оқуға тапсыру кезінде КТ-ден қалыс қалған, денсаулық жағдайына байланысты қатыса алмаған қаншама талапкер таныстарым бар. Солар үшін бір жылды екі қабылдаудың ұйымдастырылуы – таптырмас мүмкіндік. Қысқы қабылдауға құжат тапсырып, жоғары оқу орнына түсуге ниетті барлық жанға сәттілік тілеймін!

Рүстем ӘЛҚОЖА, Әлеуметтік ғылымдар факультетінің 1 курс докторанты: – Табылған, тамаша  шешім! Өз басым құптаймын. Мен министр Асхат Қанатұлының айтқандарын, жазғандарын, үнемі қалт жібермей қарап отырамын. Жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік желідегі сұхбатын көріп риза болдым. Журналистпен арадағы екеуара әңгімеде көп мәселе айтылды. Басшының қандай екені әңгімесінен аңғарылады ғой, біздің министр нағыз істің адамы, білімнің жанашыры! Ал, магистратура мен докторантураға түсу үшін екінші кезеңді  енгізу – нағыз білімді жасқа жол ашу деп білемін.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий