Мектепке дейінгі ұйымдарда тіл мерекесін ұйымдастырудың жолдары

Қазақстан Республикасының Тiл туралы Заңында Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi.  Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы деп атап көрсетілген.

Сол себепті мектепке дейінгі кезеңнен бастап,  балалар  бойына қазақ тілінің қасиетін сіңіру, ерте жастан тілге деген құрмет пен сүйіспеншілікке баулу қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесінде қолданылуының аясын кеңейтіп, мәртебесін биіктете түсетіні сөзсіз. Сондықтан тіл тағдырына терең қарап, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге қазақ тілінде сөйлеп, тілін дамыту жұмысы отбасынан, балабақшадан бастап мақсатты және  жүйелі түрде жүргізілуі тиіс.

Балабақшада қазақ тілін оқытудың қай түрін алсақ та, ол оқыту, үйрету үрдісінің бүкіл жүйесін қамтиды. Психологтардың зерттеулеріне сүйенсек, баланың жас кезінде танымдық қабілеттерінің ерекше болатындығына байланысты тілді тез меңгеретіні дәлелденген. Балаларды балабақшадан бастап қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесінде қолданылуы  үшін оған құрметпен ғана қарамай, сол тілде сөйлеп, оған қызмет ету  парызымыз екенін ұғындырып өсіру маңызды.

Әдетте тілдік қатынастың психологиялық негізі тіл арқылы ойды айту, жеткізу, қабылдау, сезіну құбылыстарымен байланысты болғандықтан, сыртқы ортада болып жатқан құбылыстарды  адамның есту, көру сезімдері дамып, адамның ойлау қабілеті артады. Ойлау тіл арқылы сыртқа шығып, тіл адамның ойын екінші бір адамға жеткізеді. Белгілі бір тілде сөйлеу үшін сол тілдің тілдік құралдарын саналы дұрыс қолдана білуі керек. Сол себепті балабақшада тілдік ортаның дұрыс қалыптасуы маңызды. 

Тілдік ортаның даму мүмкіндігі әдетте оны жасаған кезде тілді үйрену заты ретінде және сөйлеуде тілдің жұмыс ерекшеліктерін, сондай-ақ баланың әр түрлі жас сатысында тілді үйрену психологиясын неғұрлым дәлдікпен ескерсе, соғұрлым жоғары болады. Мектепке дейінгі ұйымдарда тіл мерекесіне орай тілдер апталықтары, он күндіктері, айлықтары, фестивальдар өткізу жоспарланады. Атап айтсақ,  педагогтар арасында балалардың бойында ана тіліне деген құрметті, сүйіспеншілікті дамыту мақсатында және балалардың ана тілінде жетік сөйлеп, тілдерін дамыту мақсатында әдістемелік көмек ұйымдастырылып, өзара тәжірибе алмасу мақсатында тренингтер мен семинарлар және ашық түрдегі оқу қызметтері де ұйымдастырылды.

Сонымен қатар әрбір жас топтарында түрлі мазмұнда төмендегідей іc-шаралар жоспарланып өткізілді. Түрлі топтардағы іс-шаралардың жоспары: 

Жас топтар

Мақсаты

Іс-шаралар

Ортаңғы топ

Ана тілінде таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту.

«Сөз ойла, тез ойла» тақырыбында жақсы сөз айтып, жарысамыз марафоны; «Сөздер сөйлейді» тақырыбында зияткерлік ойыны.

 

Ересек топ

Балалардың өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, ана тілге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

«Ана сүті бой өсіреді, Ана тілі ой өсіреді» тақырыбындағы ата-аналармен бірге отбасылық ойын-сауық, іс-шара. “Шешеннің тілі ортақ» тақырыбында мақал жарысы; “Ана тілің – арың бұл…» тақырыбындағы ашық тәрбие сағаты.

Мектепалды тобы

Ана тіліміздің тұғырының мықты болуының негізін қалаған бабаларымыздың өсиеттерін айта отырып, қазақ тілінің мәртебесінің биік екенін сезіндіріп, өз тілінде сөйлеуге, оны мақтан етуге тәрбиелеу.

Полиглот, Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ, Үздік өлеңдерді жаттаудан жарыс

(М. Мақатаев «Үш бақытым», Қ. Мырза Әли «Ана тілің – арың бұл»,  Ш.Смаханұлы «Анамның тілі – аяулы үні» және тағы да басқалар.

Қорыта келгенде, мектепке дейінгі ұйымдардағы балалардың ана тілінде сөйлеу, тілдерін дамыту қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесінде ұлықталуының алғашқы баспалдағы болып табылады.

Мақпал Әкімханқызы ДИҚАНБАЙ,
“Айналайын” бөбекжай балабақшасының
әдіскері, Алматы облысындағы Іле
ауданының 
Қосөзен ауылы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий