Шәкіртақының өсуі – ғылым жолына бастайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, студенттердің шәкіртақысы 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап көтерілді. Бакалавриат: мемлекеттік стипендия – 31 423 теңге; ұлғайтылған мемлекеттік стипендия – 36 136 теңге; педагогикалық бағыттар бойынша мемлекеттік стипендия – 50 400 теңге; педагогикалық бағыттар бойынша ұлғайтылған мемлекеттік стипендия – 57 960 теңге. Магистратура: мемлекеттік стипендия – 76 950 теңге; ұлғайтылған мемлекеттік стипендия – 88 492 теңге. Докторантура – 172 500 теңге. Жасыратыны жоқ, студенттер осы жаңалықты көп күтті және білім қуған жастар үшін бұл – үлкен қолдау. Бакалавриат, магистратура, докторантураны қоса алғанда ізденушілер арасында ұлғайтылған стипендия алатындар да бар. Біз төменде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бір топ білім алушыларының қуанышымен бөлісіп, әңгімеге тартқан едік, – деп хабарлайды осы жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.
Құралай СЕРІКОВА, «Журналистика және саясаттану» факультетінің 2 курс магистранты: – Мұндай ақжолтай ақпаратты ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өткен жылы жеткізгенде, әрине көңіліміз көтеріліп, балаша қуанып қалғанбыз. Міне, қолға да тигелі тұр. Бұл шешім білім алып жүргендер үшін мотивация. Бұрынғы алып жүрген ақшамыз шынымен де Нұр-Сұлтан қаласында оқитын студенттерге аз болатын. Өйткені азық-түлік, пәтер жалдау құны күн өткен сайын көтерілуде.
Сонымен қатар біздің басқа да шығындарымыз өте көп. Шәкіртақының көбейгені өте дұрыс болды. Ал университеттің бас сайтына: «07.02.2008 ж. №116 ҚР ПП сәйкес 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ай сайынғы стипендия мөлшері» деп, бакалавриат, магистратура, доктарантураға түскендердің шәкіртақы көлемін көрсетіп қойған. Салыстырып қарасаңыз көңіл тоғаяды, ұлғайтылған шәкіртақы бекітілген мемлекеттік шәкіртақыдан едәуір көп. Сондықтан, алдағы уақытта үздік оқуға ұмтыламыз.
Рахымжан РАШИМБЕТОВ, «Дінтану» кафедрасының 3-курс студенті: – Қазіргі жас зерттеушілерге көмек ретінде шәкірақының көбеюі ғылым саласына оң әсер береріне сенемін. Әсіресе, докторантурада оқитын әріптестерім үшін басқа жұмысқа алаңдамай зерттеуге көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Әрине, ғылым саласындағы мұндай игі бастамалар мен мемлекеттің қамқорлығы мұнымен тоқтамаса екен деймін. Өйткені, қазіргі кезде әлем нарығында барлық елдер өзінің ғылым мен мықты кадрлары арқылы ғана бәсекелестікке төтеп бере алады. Ал, өз әріптестерімді осы мүмкіндікті барынша тиімді қолдануға шақырамын.
Загрузка...