Нәтижеге бағытталған білім беру

Еліміздің жалпы орта білім беру жүйесін жаңарту жағдайында оқыту мен оқу үдерісі сындарлы оқыту теориясына негізделіп, ынтымақтастықта белсенді оқу үлгісіне көшірілуде. ХХІ ғасырда адам капиталын дамытуды мақсат ететін жаңа экономикалық қағидаттардың нығаюы мен әлемдік білім беру жүйесіне ықпалдасу үдерісі педагогикалық жүйелерді дамыту жолдарын жетілдіруге барынша ықпал етуде. Бұл мәселенің маңыздылығы отандық білім беру саясатының парасатты зияткерлікті қалыптастыру туралы нақты міндеттерінен туындауда.

Олар бірнеше бағыттарды қамтиды: зияткерлік еңбектің мәртебесін көтеріп, жастардың білімділікке, парасаттылыққа, Отан мен халыққа қызмет етуге деген көзқарастары мен қарым-қатынасын өзгерту; ұлттық интеллектінің діңгегін құру, ол үшін халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын білімді, жаңаша ойлайтын, қабілеті мол азаматтар қалыптастыру; білім, ғылым және инновациядағы серпілісті қамтамасыз ету; бұлардың барлығы да жаһандық әлемдегі білім беруді дамытудың негізгі факторы адами капитал рөлін арттыру, адами ресурстарға деген жаһандық бәсекелестіктің өсуі және жаңа «технологиялық толқын» талаптарына жауап беруді қамтамасыз ету мақсаттарын көздейді.

Осы мақсаттарға жету үшін елімізде кешенді жұмыстар жоспарланып, стратегиялық мақсаттарға сай сан-салалы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Стратегиялық бағдарламаларға сай білім беру жүйесін реформалау кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша білім беру үлгісі 1-сыныптарда сынақтан өтуде. Оқыту нәтижесінде қандай қоғам азаматына қол жеткізе алатынымыз басты мәселе болып табылуда. Яғни, білім берудің нәтижесі оқушының пәндік білім, білік, дағдыларды меңгеруі ғана емес, оның қоғамның саналы, жауапты, құқылы мүшесі болып қалыптаса алуында болмақ.

Нәтижеге байланысты білім жүйесіндегі мұғалім құзыреттілігі мен квалификациясына талап қою мәселелеріне келсек: мектептік білім жүйесі нәтижесінің соңғы нәтижесін бағдарлау; білім сапасының анықталуына құрылымдық қатынас жасау; білім сапасының жетістігіне жету үшін оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық ережелермен қамтамасыз ету; білімнің сапалы жетістіктері мұғалімнің кәсіби деңгейін көтеру ережесі; әлеуметтік серіктестік механизмдерін енгізу (инновациялық білім беру ұйымдарымен, жекелеген тәжірибелі мамандармен, ғылыми-практикалық жобалармен, ата-аналармен, қоғамдық ұйымдармен).

Білім жүйесінің нормативті-құқықтық негіздерін меңгеру, қызметтік функциялардың мазмұны мен сапалық деңгейін заманауи талаптарға сәйкестендіру; нәтижеге бағытталған білім берудің тұжырымдамаларын, аспектілерін меңгеру, практикалық маңыздылығына мән беру, эксперименттер мен зерттеу жұмыстарына қатысуы; әрбір мұғалім өзінің кәсіби даярлық мониторингін жасап отыруға машықтану; әрбір мұғалім өзінің кәсіби даму бағдарламасын даярлау; білім беру ұйымдарының басшылары, жетекшілер мектептердің жаңа білім беру кеңістігіне айналуын қамтамасыз етуге жұмыс жасау.

Еліміздің орта білім беру жүйесін жетілдіруде көзделіп отырған мақсаттардың ең негізгісі әрбір жеке тұлғаға білім алудың өмірлік жолын еркін таңдауына мүмкіндік туғызу екендігі жаңалық емес. Сыни тұрғысынан ойлай да білетін, шешімдерді таба да алатын, өз мүмкіндіктеріне сенімді, оқу және өмір жағдаяттарын шешуге қабілетті тұлғаны дайындау аса маңызды мәселе болып табылуда. Кез келген оқушы мұғалімнің жетекшілігімен орындаған шығармашылық жұмыстың нәтижесінде өзінің ішкі мүмкіндіктерін дамыта алуы тиіс.

Бірқатар логикалық операцияларды орындауға машықтандыру, соның ішінде салыстыру, талдау, жинақтау, құрылымдау, жіктеу, топтау, өңдеу жіне тағы басқалар. Осы тұрғыда әрбір мұғалімнен оқу үрдісін ұйымдастыру жолдарын қайта қарауды, технологиялармен, ұтымды әдіс-тәсілдермен ұштастыруды қажет етеді. Осы мақсатта білім негіздерін өздігінен меңгеруге талпынатын, алған білімдерін іс жүзінде қолдана алатындай білім беру кеңістігін құруымыз керек.

Каракоз   Енсегеновна ТЛЕУМАГАМБЕТОВА,
Ақтөбе облыстық мамандандырылған
физика-математикалық мектеп-интернатының
физика пәні мұғалімі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий