STEAM білім беру – оқытудың біріктірілген тәсілі

Жаңа оқу жылы басталды. Ұстаздар қауымы кезекті жыл сайынғы республикалық тамыз кеңесінен жаңа өзгерістер мен жаңашылдыққа толы жаңа реформалар мен нұсқаулықтар алды. Осындай кеңестердің бірі Шеврон компаниясының «Caravan of knowledge» Корпоративтік білім беру қорының «Қазақстан біліміндегі STEAM стратегиясы мен даму практикасы» тақырыбында өткен тамыз секциясы.

Секция  жұмысында  «Caravan of knowledge» Корпоративтік білім беру қоры халықаралық және республика аймағында жүргізіліп жатқан STEAM бағдарламасының тәжірибесімен бөлісті. Жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижелері  мен  біліктілік  көтерудегі қолжетімді  онлайн  бағдарламалармен таныстырылды. Сонымен қатар Қазақстандағы STEAM білім берудің жол картасы ұсынылды. Биылғы оқу жылында жаңалықтың бірі мектебіміз осы «Caravan of knowledge» Корпоративтік қорының серіктесі ретінде таңдалынды.

Шеврон компаниясының демеушілігімен мектебімізде заманауи STEAM білім беру кабинеті ашылды. Мұндағы мақсатымыз – цифрландыру барысында оқушылардың оқу-зерттеушілік іс-әрекетін ұйымдастыру. Қазақстанда STEAM соңғы онжылдықта қарқынды дами бастады. Яғни, мектепте жаңартылған білім беру мазмұны аясында білім берудің жаңа саясатын жүзеге асыру арқылы жаңа технологияларды зерттеу, қолдану дағдыларын дамытуда ғылыми жаңалықтармен таныс болу, математикалық модельдеу үшін оқу бағдарламасына STEAM элементтері қосылып оқытылуда.

Бүгінгі таңда мектептерді АКТ-мен, цифрлық білім беру ресурстарымен жабдықтау және интернетке қосу жұмыстары толықтай жүзеге асырылуда. Республикамыздың 2 500 мектебінде «Робототехника» элективті курсы жүргізіліп, жыл сайын республикалық олимпиада мен Халықаралық робототехника фестивалі өткізілуде. Сондай-ақ, біздің мектепте ашылып отырған оқу зертханалары республика бойынша көп аймақтарда ашылып отыр. STEAM – бұл оқытудың біріктірілген тәсілі.

Ол оқушылардың табыс пен бәсекеге қабілеттілікке қажет негізгі дағдыларын дамытуға бағытталған. Яғни, инженерлік  шығармашылық пен математика, жаратылыстану ғылымдары мен технологиялардың кіріктірілуі негізінде жоба және пәнаралық амалдарды байланыстыратын жаңаша ойлау, жаңа технологияларға бағытталған ғылымдардың бірігуі. Міне, осы бағытта бірлесе оқытуға ұсыныс жасап, биылғы оқу жылында заманауи кабинет жасап, серіктес болуда үлкен жауапкершілік жүктеп отырған «Caravan of knowledge» Корпоративтік қорына, жетекшісі Биюмбаева Зарина Мұсақызына, Шеврон компаниясының өкілі Айтмуханова Лейла ханымға серіктес мектептер ретінде бізді таңдап, бірге жұмыс жасауға сенім білдіріп отырғаны үшін алғысымызды білдіреміз.

«Caravan of knowledge» Корпоративтік қоры алдымызға көптеген мақсаттар мен міндеттер жүктеді. Осы міндеттерді жүзеге асыруда оқушылардың алған білімдері өзгермелі әлемге бейімделе алуына көмектесетініне сенімдіміз. Бізге бұл оқу зертханасы не береді? Күтілетін нәтиже не? Қазіргі кезде адам баласына құзыреттілік пен жан-жақтылық керек деген талап туындайды. Сонымен қатар, оқу үдерісін цифрландыру, адамның адамдық қарым-қатынасының оңтайлы теңгерімі және виртуалды ортада нақты және цифрлы әлемді синтездеудің бір түрі болып табылатыны маңызды болып отыр.

Осы цифрландыру барысында да оқушылардың оқу-зерттеушілік іс-әрекетін ұйымдастыру қазіргі кезеңдегі мектеп оқушыларын оқыту мен тәрбиелеудің ажырамас бөлігі болып табылады. Оқу үрдісіне ғылыми-зерттеу әрекеттерін енгізу мектеп оқушылары арасында білім ауқымын едәуір кеңейтуге, талдау қабілетін қалыптастыруға, проблеманы шешудің мүмкін шешімдерін модельдеуге мүмкіндік береді, танымдық қызығушылықтың, ақпарат көздерімен жұмыс істеу қабілетінің артуына әкеледі. Сонымен қатар оқушының жеке танымдық  ерекешеліктеріне де анағұрлым оңтайлы өзгеріс енгізеді.

Меруерт АБУОВА,
№ 42 орта мектептің директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий