Құндылықтарға негізделген білім беру

Білім беру жүйесі алға қойған мақсаттары мен құндылықтары тұрғысынан өз мән-мағынасына ие болады. Өзін-өзі құрметтейтін білім беру жүйесі, оның ішінде мектеп, түлек бейнесінде қалыптастырылатын құндылықтар мен жоспарланған нәтижелері айқын болуы шарт. Мектеп – қоғамдастықтың құндылықтары мен қағидаттарына негізделген мәдениетті таратып, дүниетанымды қалыптастыратыны анық. Басқаша айтқанда, оқушы әлеммен, адамдармен түрлі жолдармен қарым-қатынас жасауды үйренеді.

Қазақстанда білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты елдегі барлық мектептердің құндылықтары мен мақсаттарын анықтай отырып, мектеп жұмысының шеңберін белгілейді. Қазақстан негізгі орта білім беру мазмұнында айқындалған негізгі құндылықтар: қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілік; құрмет; ынтымақтастық; еңбек пен шығармашылық;  ашықтық; өмір бойы білім алу. Былайша айтқанда, ЭЫДҰ елдерінің негізгі орта білім беру стандарттары мен оқу бағдарламаларына енгізілген 39 құндылықтың  алтауы Қазақстанда енгізілген (Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, 2019).

Мысалы, Финляндияда жергілікті оқу бағдарламалары жергілікті аспектілерге назар аудара отырып, ұлттық негізгі оқу бағдарламасын толықтырады. Білім берушілер, муниципалитеттер және жеке білім берушілер ұлттық негізгі оқу бағдарламасына негізделген жергілікті оқу бағдарламалары мен жылдық жоспарларды жасайды. Жергілікті оқу бағдарламалары жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, мақсаттарды, негізгі мазмұнды және оқытуға байланысты басқа аспектілерді толықтырады. Оқушылардың қажеттіліктері, жергілікті ерекшеліктер, сондай-ақ өзін-өзі бағалау және дамыту бойынша жұмыс  нәтижелері ескеріледі (Finnish National Board of Education, 2016).

Бүгінгі күні Финляндия  бұл тәжірибелерімен басқа мемлекеттермен бөлісуде. Көріп отырғанымыздай, біздің де білім жүйесінің негізгі субъектісі –  оқушы. Білім беру жүйесі оқушыны қоғамның мүшесі ретінде қарастыратын, жоғарыдағы белгіленген құндылық тіректеріне негізделген. Әр мектеп өзінің еңбек мәдениетін және оқу қауымдастығы ретінде жұмыс істеуін осы құндылықтарға негіздейді деп күтілуде. Бүгінгі күні біздің әр оқушымыздың бірегейлігі, жақсы білім алу құқығы, құндылығы – әр оқушының өз болмысымен ерекше және құнды екендігіне негізделген. Әр оқушы адам ретінде және қоғам мүшесі ретінде өзінің әлеуетін толық ашуға құқылы.

Осы мақсатқа жету үшін оқушыларға ынталандыру мен жеке қолдау қажет екендігі анық. Сонымен қатар оларды мектеп қоғамдастығы тыңдап, бағалауға тиіс. Сондай-ақ бүгінгі қоғам олардың оқуы мен әл-ауқатына қамқорлық жасайтындығын сезінуге мүмкіндік беру керек. Әр оқушының жақсы білім алуға және оқу барысында жетістіктерге жетуге құқығы бар. Оқу барысында біздің оқушылар жеке тұлға, өмір мен адамзат туралы түсініктерін, дүниетанымын қалыптастыруда және әлемде өз орнын табуға үйренуде. Сонымен бірге олар өздерін, басқа адамдарды, қоғамды, қоршаған ортаны және әртүрлі мәдениеттерді түсінуге үйренуде.

Қазіргі білім беру жүйесін әр оқушыдан білімді адам және белсенді азамат қалыптастыру құндылықтарының негізі ретінде қарастырудамыз. Білімді болу дегеніміз – жеке адамдар мен қауымдастықтардың этикалық рефлексияға, эмпатияға және білімге негізделген шешімдерін қабылдауға қабілетті болу екендігін ұмытпауымыз керек. Қазақстанның орта білім беру мазмұнында айқындалған негізгі құндылықтар негізінде біршама жұмыстар атқарылуда. Олар:  «Туған жер», «Қазақстанның киелі географиясы», «Жаһандық әлемдегі қазіргі Қазақстандық мәдениет», «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы, «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасы.

Жоғарыда аталған алты құндылық негізінде жергілікті оқу бағдарламалары, жергілікті аспектілерге назар аудара отырып, мектептер тарапынан белсенді жұмыс атқарылып жатса, сонымен бірге, әрбір мектептің де негізгі құндылықтар аясында өзіндік құндылықтар жүйесі құрылып, ол мектептің күнделікті өміріне кіріктіріліп, қолданылса  ісіміздің сәтті болары сөзсіз.

Ляззат КУЛТАЕВА,
№ 44 орта мектептің директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий