Спорт шеберлері ұстаханасы

Бүгінгі таңда спорт мамандарын даярлау саласындағы ғылыми мәселелерді өз бетінше шешіп және іске асырып, спорт индустриясында терең және заманауи білімі бар педагогтар мен жаттықтырушыларды әзірлеу үлкен маңызға ие. Әсіресе өңірлерде таланттарды ашуда жергілікті мамандардың біліктілігі үлкен роль ойнайды. Жетпіс жылдан астам тарихы бар біздің жоғары оқу орны бұл салада үлкен жетістіктерге жетіп жүр.  

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сын­дарлы қоғамдық диалог – Қазақ­станның тұрақтылығы мен өркен­деуінің негізі» атты Жолдау­ын­да бұқаралық спортты дамытуға үлкен көңіл бөлген еді. «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағыты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек,- деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.

Яғни, балабақшадан жоғары оқу орнына дейін барлық білім беру саласында спорт мамандары мен педагогтерге артылар жүк пен жауапкершілік үлкен. Атырау университеті еліміздегі спорт мамандарын дайындайтын алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі. Білім ордасы қабырғасында білім алып, жаттығып, шеберліктерін шыңдаған көптеген спортшылар әлемдік додаларда топ жарып жүр. Бұл бір күнде жасалған нәтиже емес, бұған көптеген жылдар бойы қалыптасқан дәстүр мен тәжірибелер арқасында қол жеткізілді. Еңбек пен ерлікке толы өткен жылдарға көз жібертейік, құрыштай шыныққан шеберлерімізді атап өтейік. 

ҚР-нан КСРО-ның алғаш спорт шебері Ысқақов Джурес – университетіміздің Дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі болған, соғыс ардагері, соғыстан кейн 1954-1962 жылдар арасында еркін күрестен Қазақстанның 6 дүркін чемпионы, КСРО спартакиадасының жеңімпазы. КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Токиода  өткен  ХVІІІ жазғы Олимпиада ойындарында КСРО құрамасының  сапында болған белгілі желаяқ Әмин Тұяқов – 1960 жылғы университетіміздің физика-математика факультетінің түлегі.

Ескек есушілер, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, Қазақстан біріншілігінің жеңімпаздары, Атлантада өткен XXVI жазғы Олимпиадасына қатысушылар  Сафарян Андрей, Гадиатуллин Ильфаттардың өнеріне әлем тәнті болған еді. Университеттің 1993 жылғы түлегі, еңбек сіңірген спорт шебері Болат Темиров бокстан КСРО спартакиадаларына қатысып, талай жеңіске жеткен еді. Атырау облысының спорт басқармасының басшысы, дзюдо күресінен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ХХIХ Бейжің және ХХХ Лондон жазғы олимпиада ойындарына қатысушы Ринат Ибрагимов, таэквандодан ХХIХ Бейжің жазғы олимпиада ойындарының қола жүлдегері Чилманов Арман да университетіміздің түлектері.

Парадзюдодан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, XV Рио-де-Жанейро жазғы Параолимпиада ойындарына қатысушы, 2021 жылғы Токиода өткен Параолимпиаданың күміс жүлдегері Сариев Ануар білім ордамызда тәрбие алып, 2019 жылы аяқтады. Оның жеке жаттықтырушысы, халықаралық жарыстарда талай шәкірті жүлде алған Жандос Қиянов та осы университеттің түлегі. Сонымен қатар командалық спорт түрлерінен университетімізде құралған қыздар футбол құрама командасы Шағала КСРО батыс аймақ зонасында жоғары ойын өрнегін көрсетті.

Университетіміздің ерлер студенттер баскетбол құрама командасы 2017-2018, 2018-2019 жылғы ҚР-ның студенттер лигасының жеңімпазы атанды. 2019 жылғы 24-30 қыркүйек аралығында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде алғаш рет Каспий маңы мемлекеттерінің университеттер ассамблеясы аясында VI Универсиада өткізілді. Додаға Иран, Әзербайжан, Ресей және Қазақстан елдерінен 15 унверситет қатысты. Универсиадада студенттер футбол, баскетбол, шахмат, жеңіл атлетика, каратэ, жүзу, бокс, дзюдо, үстел теннисі және қазақ күресі сияқты спорттың 11 түрінен күш сынасты.

Сонымен қатар, отандық жоғары оқу орындарының арасында 2 жылда бір рет өтіп тұратын универсиадаға студеттеріміз тұрақты қатысып, жүлдедерге тұрақты ие болады. 2019 жылы Ақтөбе қаласында өткен Х жазғы универсиадада университеттің самбо құрама командасы жалпы есепте II орын, ал дзюдо командасы III орын иеленді. 2019 жылы университет жалауы Алматы қаласындағы 4376 метр биіктіктегі Нұр-Сұлтан шыңына да көтерілді. Сондай-ақ, университеттің заманауи жабдықталған «Жайық» спорт кешенінде спорттың әр түрінен әлемдік, құрлықтық және Қазақстан чемпионаттары жиі өтіп тұрады.  

Бүгінде еліміздің намысын әлемдік аренада қорғап жүрген студенттерімізге де тоқталайық. 2 курс студенті, каратэден жастар арасында Әлем және Азия чемпионы Әбілмансұр Батырғали ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің 2019 жылғы қортындысы бойынша «Үздік жас спортшы» атанды. 3 курста оқитын Саясатов Еламан – Тай боксынан Әлем және Азия чемпионы, Дүниежүзілік студенттер ойының жеңімпазы (FISU). Тағы бір шәкіртіміз Амангелді Ермек дзюдо күресінен Азия чемпионатының, Азия ойындарының жүлдегері Европа кубогінің иегері. Паратаэквондадан Әлем және Азия чемпионы, ашық Европа чемпионатының жеңімпазы Нұрлан Домбаев жақында Токиода өткен параолимпиадаға барып, финалда өнер көрсетті.

Еркін күрестен жастар арасында Әлем және Азия чемпионаттарының жүлдегері, ҚР-ның X жазғы ЖОО универсиадасының жеңімпазы Талғат Сарбаздан күтер үмітіміз зор. Жауынгерлік самбодан Әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпионы, ҚР-ның бірнеше чемпионы Серикжан Тусипов, Бокстан жастар арасында Азия чемпионы, ҚР-ның чемпионы Аманат Сабырғали, самбодан қыздар арасында Әлем чемпионы, дзюдомен Самбодан ҚР-ның чемпионы, ҚР-ның X жазғы ЖОО универсиадасының жеңімпазы Сайда Қапсалиқова, Самбодан Азия чемпионы, Әлем кубогінің жеңімпазы, ҚР-ның бірнеше чемпионы, X жазғы ЖОО универсиадасының жеңімпазы Жұмабай Парасат еліміздің туын әлемдік додаларда абыроймен көтеріп жүр.

Қазіргі танда университетіміздің 35 студенті әртүрлі спорт түрінен Қазақстан құрамасына кіреді. 11 студентіміз халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 37 студентіміз ҚР-ның спорт шебері, 50 студентіміз спорт шеберіне үміткер және 70 тей студенттеріміздің спорттық разрядттары бар. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілген. Партия алдағы бес жылға арналған өз жоспарын ұлт денсаулығын нығайтуға, халықты бұқаралық спортпен айналысуға бағыттайтын болады.

Осыған байланысты, университетте қызметкерлерді саламатты өмір салтына баулуға, спортпен шұғылдануына үлкен мүмкіндіктер бар. Жыл сайын факультеттер мен құрылымдық бөлімдер арасында Ректор кубогі үшін дәстүрлі спартакиадалар өтіп тұрады. Университеттің профессор-оқытушылар құрамы бұдан басқа қалалық және обылыстық жарыстарға да қатысып тұрады. Университеттің ардагерлер футбол командасы кіші аяқ добынан  облыстық чемпионатта өнер көрсетіп, жүлдегерлер санатында жүр.  

Жыл сайын университет спорттық құралдармен және спорттық формалармен, спорт залдарына арналған жабдықтармен толықтырылады. Жоғары білікті спортшылар жыл бойы түрлі жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына шығады. Спорт клубының белсенді қатысуымен университеттің материалдық-техникалық базасы біртіндеп жаңартылып отырады. Яғни, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде спорт мамандарын даярлау саласындағы сұранысты қанағаттандыруға, дене тәрбиесі пәні бойынша білікті педагогтер дайындауға барлық жағдай жасалған.  

 

Рафаэль ХАБИРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау университетінің оқытушысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий