Нейродидактика – парадигмалық өзгеріс бастауы
Ғылыми-педагогикалық қауымдастық көрсетіп отырған заманауи педагогика мен мектептегі нейродидактикалық «дүмпу» соңғы онжылдықта ашылған адам миының мүмкіндіктеріне байланысты. Нейроғылымдардан алынған ақпарат көлемін есепке ала отырып, біз бүгінгі таңда оқыту теориясының педагогиканың жаңа дизайнына аяқ басқан парадигмалық өзгеріс нүктесінде тұрмыз.

Нейродидактикалық парадигмалық өзгерісті зерттеу алғышарттарына әлеуметтік, ғылыми, білім беру, валеологиялық факторлар жатады. Бұл тізбектегі ең бастысы, жаңа ақпараттық қоғамның ақпараттандыру, компьютерлендіру, технологияландыру, инноватика, шығармашылық, жобалау сияқты өркениеттік басымдықтарындағы өзгерістерді білдіретін әлеуметтік фактор. Соңғы елу жыл ішінде адамдар «ақылды» бола түсуде. Т. Черниговская өзінің жария дәрістерінде бұл феноменді заманауи социумның «антропологиялық өзгерісі» деп атап жүр.
Тиісінше, бұл құбылыстың нәтижесі – әлемдік қауымдастықтың адам миына және оны белсенді зерттеуге деген қызығушылығы артуда. Ресей, АҚШ, Еуропалық қоғамдастық елдері, Жапония, Қытай, Кореяның мемлекет басшылары адам миын зерттеу жөніндегі мемлекеттік жобаларға бастамашылық етуде. Халықаралық ұйымдар (OECD – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы), Білім берудегі зерттеулер мен инновациялар орталығы (CTRI) және тағы да басқа осы саладағы зерттеулермен айналысатын ғылыми және қоғамдық құрылымдар құруда.
Нейродидактика нені зерттейді? Нейродидактика – дидактиканың білім беру кеңістігін ұйымдастырудың нейропедагогикалық қағидаттарын, оқыту мен оқу үдерісі мен топішілік психодинамиканың нейропедагогикалық құрылымын, барынша тиімді нәтижелерге қол жеткізуге арналған нейропедагогикалық өзара әрекетті өзгерту әдістері мен құралдарын зерттейтін саласы. Соның ішінде, нейродидактика: теориялық-методологиялық заңдылықтарды зерттеуші – жалпы және нейропедагогикалық диагностика, оқыту бойынша практикалық ұсынымдарды негіздеуші – жеке болып бөлінеді.
Нейродидактика – оқыту мен оқудың барынша тиімді қағидаттары мен әдістерін іздестіру мақсатында миды және оның қызметінің заңдылықтарын зерттеу қорытындыларын қолдануға негізделген ғылыми бағыт. Дидактикалық және педагогикалық концепттерді нейроғылым зерттеулерін, адам миының заманауи зерттеулерін басшылыққа ала отырып, дамытуды мақсат ететін түрлі практикалық әдістердің жиынтық ұғымы.
Сондай-ақ, нейродидактика – адамның жүйке жүйесін (оның ішінде – мидың жұмысы) зерттеу, дидактика, педагогика, психология сияқты ғылымдар мен ғылыми бағыттардың қиылысында орналасқан пәнаралық сала. Нейродидактиканың келесі анықтамасы, ол – дидактиканың адамның жоғары психикалық функцияларын ми арқылы ұйымдастырудың жеке-даралық-тұлғалық ерекшеліктерімен байланысты және нейроғылымдардың бірыңғай тұжырымдамасын қолдану арқылы жүзеге асырылатын оқыту үдерісінің оқу әрекетін басқару құралы ретіндегі «нәзік құрылымының» теориялық негіздерін ашып көрсететін саласы.
Нейродидактика адамның оқуға деген түбегейлі қабілеттерінен шығады және оқу үдерісі барынша озық дами алатын алғышарттарды іздестірумен айналысады. Жаңа білім беру стандарттарына көшу педагогтардың назарын оқыту мен оқудың жаңа нәтижесі – оқушылардың зерттеушілік әлеуетіне аударып отыр. Біз, оны жүйелі білім, дамыған табиғи қабілеттер (зият, жағдаяттың жаңашылдығына деген сезімталдық, зерттеушілік белсенділік, коммуникативтілік) бірлігінен тұратын динамикалық ресурс, зерттеу нәтижелеріне деген құндылықтық-мәндік қарым-қатынас, бүкіл әлем, тірі табиғат, қоғам және адам, қоршаған ортаны танудың ғылыми әдістерін қолдану білігі туралы жиынтық білім ретінде қарастырамыз.
Нейродидактикалық зерттеулер фокусы – мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартында белгіленген метапәндік талаптар мен негізгі оқу бағдарламасын меңгеру нәтижелері. Метапәндік – бұл ойлау және білімді игеру әдісі. Метапәнділік субьектілерді танымдық әрекеттің тек оқуда ғана емес, мектептен тыс өмірде де қажетті тәсілдеріне, сұлбаларына, техникаларына, үлгілеріне оқытуды білдіреді. Мәтапәнділіктің нәтижесіне оқи білудің негізін құрайтын және түйінді құзыреттіліктерді меңгеруді қамтамасыз ететін әмбебап оқу әрекеттері жатады.
Аталған әрекеттер білім алушыға жаңа білімдер мен біліктерді өз бетінше меңгеруге мүмкіндік беретін іс-әрекеттің алуан түрін жүзеге асыру тәсілдерін білдіреді. Әмбебап оқу әрекеттеріне жинақтау, жүйелеу, мақсат қою, жіктеу, жоспарлау, рефлексия, өзін-өзі бағалау және тағы да басқалар кіреді. Әдетте, олар танымдық, реттеуші, коммуникативті болып бөлінеді. Метапәнділік, оқыту мен оқудағы денсаулық сақтау талаптарына жауап беретін және зерттеудің валеологиялық факторымен реттелетін оқытудың жоғары тиімділігімен ұштасады.
Бұл фактордың маңыздылығы «Баланың құқықтары туралы» БҰҰ Конвенциясы және «Балалардың тірі қалуын, қорғаулын және дамуын қамтамасыз ету туралы» Бүкіләлемдік декларацияда атап, көрсетілген. Назарыңызға ұсынылып отырған материал оқыту теориясында жаңа нейрокезеңнің басталғанын білдіреді және оны зерттеу алғышарттарын қалыптастырады. Бұл педагогикада қалыптасқан «кез келген ғылым сияқты дидактикада да өзгереді, дамиды, жаңа нұсқалармен байытылады» деген пікірге қайшы келмейді.
Нейродидактикалық элементтердің (мән, мақсат, оқыту заңдылықтары, оқыту мен оқу қағидаттары, мазмұны, технологиялары, әдістері, формалары, бақылау және бағалау нәтижелері, рефлексия) негізінде жаңа, ақпараттық когнитивті қоғамға сәйкес келетін философиялық және методологиялық негіздер пайда болып, даму үстінде.
Раушан МӘРСӘЛІ,
“Өрлеу” БАҰО” АҚФ Қызылорда
облысы ПҚ БАИ аға оқытушысы,
педагогика магистрі
Загрузка...