ҚР кәсіподақтары күні қарсаңында: Педагогтар мүддесі әрқашан басты назарда
Жалпыға бірдей Адам құқығы Декларациясында «Әрбір азамат өзінің мүддесін қорғау үшін кәсіподақ құруға және оған мүше болуға құқылы» деп көрсетілген. Елімізде 10 қазан ресми түрде Кәсіподақтар күні болып белгіленуі қоғамда кәсіподақтың орнын белгілеп, жауапкершілігін арттырғаны сөзсіз. Бала бағбаны саналатын мұғалімдердің әлеуметтік мәселелерін шешуде кәсіподақтың белсенді қызметі қоғамға белгілі.

Осы орайда, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Қызылорда облыстық ұйымының төрайымы Гүлнар Есқалиевамен аймақтағы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының жұмыс жайын, жалпы кәсіподақтың міндет-мақсаты жайында сұхбаттасқан едік.
Гүлнар Бабабекқызы, әрбір адамның еңбек құқы қорғалуы үшін кәсіподақ ұйымы әр ұжымда болу қажеттігін және оның тиімділігін әлемдік тәжірибеден көруге болады. Қазіргі таңда облыстық білім қызметкерлері кәсіподағының жұмыс барысы қандай деңгейде? – Жұмыс беруші мен қызметкер арасында қарым-қатынас қандай дәржеде болса, жұмыс нәтижесі де дәл сондай болмақ. Бұл мемлекеттік қызметке де, жеке кәсіп иелеріне де қатысты. Біздің әрбір сала қызметкерімен тығыз байланыс бар. Бүгінде комитет жанында 8 аудан, қала және 42 облыстық мекемелер бар. Оған 565 бастауыш кәсіподақ ұйымы кіреді және 60 мыңнан аса ұйым мүшесі бар. Соңғы оқу жылының өзінде ғана ұйымымыз 300-ге ге жуық адамға толықты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі кәсіподақ қозғалысына жоғары баға беріп, «Бүгінгі кәсіподақ – Қазақстандағы азаматтық қоғамның басты белгісінің бірі» деп атады. Міне, бұл баға кәсіподақтар қызметінің заманға сай жаңа сипатта қарқынды жұмыс үдерісінде екенін көрсетеді.
Яғни, бұл бізде кеңес заманынан қалыптасқан кәсіптік одақтардың қызметі жөніндегі таптаурын бұзылып, жаңа қоғамда басқаша сипат алды деген сөз бе? – ХVІІІ ғасырдың аяғында Англияда бастау алған кәсіподақ ұйымының мәні мен рөлі өзгерген жоқ. Ол – еңбекшілерді біріктіру, әлеуметтік-экономикалық саясатты жүргізу мақсатында мемлекетке ықпал ету. Кәсіподақ өз жұмысын ҚР Конституциясы, ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» Заңы мен Кәсіподақ жарғысына сай жүргізеді. Білім және ғылым саласының қызметкерлерін біріктірген біздің кәсіподақ ұйымына келсек, ең алдымен, жас мамандардың жағдайына көңіл аударып, олардың шығармашылығының тұрмыстық мәселелер көлеңкесінде қалып қоймай, жан-жақты дамуына қолдау жасауға мән беріледі.
Еңбек даулары туындаған жағдайда жұмыс берушімен келісім жүргізеді. Кәсіподақ мүшелірмен диалог орнату, ашықтық пен жариялылық арқасында еңбек дауын болдырмауға бағытталған жұмыстар жүргіземіз.
Өзіңіз білесіз, өткен оқу жылы оқушылар ғана емес, мұғалімдерге үшін де оңай болған жоқ. Осы уақытта мұғалімдердің мүддесі қалай қорғалды? Пандемия кезінде кәсіподақ нендей қызмет атқарды, дағдарған оқушы мен мұғалімге сүйеу бола алды ма? – Иә, дұрыс айтасыз, елімізде коронавирус инфекциясының таралуы білім саласын да сырт айналып өткен жоқ. Ұстаздар қауымының жаңалықты жатсынбай қабылдауының арқасында күрделі сынақтан ойдағыдай өттік деуге болады. Қандай форматта жүзеге асырылса да еңбек құқығының бұзылуына жол бермеу кәсіподақ қызметінің басым бағыты болып қала береді.
Бұл тұрғыда, төтенше жағдай кезінде, одан кейінгі карантин уақытында да кәсіподақтың белсенді жұмыс жүргізгенін ерекше атап өткім келеді. «Facebook», «Whatsapp» желілерінде ашық топтар құрылды. Осы кезеңде мамандар 24/7 режимінде қызметкерлер мен жұмыс берушілерге телефон және интернет байланыс желісі бойынша кеңес берді. Құқықтық қызмет жөніндегі мамандарымен бірлесіп 1600-ден аса өтініш қаралды. Барлық өтініштерге дер кезінде нақты заңға сәйкес жауап берілді.
Кәсіподақ мүшелерінен түскен сұрақтардың басым бөлігі төтенше жағдайдың еңгізілуі жағдайында жалақының төленуі, ақылы еңбек демалысының берілу тәртібі және есептелінуі, «Педагог мәртебесі туралы» Заңы бойынша магистранттарға қосымша ақы төлеу төңірегінде болды. Зерделеу барысында бірнеше балабақшада педагог қызметкерлердің қаңтар айынан бастап көбейтілген 25% жалақының қосылмағаны анықталды. Кәсіподақ мүшелеріне тиесілі қаражат қайта есептелініп, 2 172 389 теңге қаржы өндіріліп берілді. Заңды түсіндіру арқылы осы жылдың қаңтар айынан тәрбиешілерге 56 демалыс күн тиесілі екені ескертіліп, жұмыскерлердің келісімімен ақылы еңбек демалысына шықты.
Бастапқы әскери дайындық және технология пәндері мұғалімдерінің лауазымдық жалақысын есептеу туралы өзекті мәселелер өз шешімін тапты. Кейбір орта білім беру ұйымдарының магистрларына осы кезге дейін қосымша ақы төленбегені анықталды, нәтижесінде 39 магистрантқа қаңтар, ақпан және наурыз айларына 1 033 890 теңге өндіріліп берілді. Бір ауданда балабақша аспазшыларына ауыр және зиянды жұмыс жасағаны үшін қосымша ақысы төленбегіні анықталып, қызметкерлерге 1179800 теңге қайта есептелініп берілді.
Облыс орталығында орналасқан білім ошағында кезекшілік сыныпқа сабақ берген сағаттары еңбек демалысын есептеу кезінде қосылмағаны анықталып, нәтижесінде 3513000 теңге қайта төленді. Аймағымыздағы 2866 мұғалімнің еңбек демалысының ақысын арттыру коэффицентімен қайта есептелініп 183000 000 теңге мұғалім пайдасына өндіріліп берілді. Оқу жылының қашықтан оқыту форматында басталуына орай, алғашқы қолдау шараларының бірі болып, өңірлердегі білім бөлімдері басшылары мен қалалық, аудандық комитет төрағаларының ұсыныс – сұраныстарына қарай облыс бойынша 300 мұғалім ноутбукпен қамтамасыз етілді.
Сала қызметкерлерінің балаларының республикалық «Мектепке жол» акциясы аясындағы жұмыстарды да айта кетейін, былтырғы оқу жылында 650-ге жуық әлеуметтік қолдауды қажет ететін сала қызметкерлірінің отбасы жағдайына қарай жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілсе, биылғы оқу жылында 800-ден аса балғын қамтылды. Басты мақсатымыз – болашақ ұрпағымыздың білімді, денсаулығы мықты азамат болып өсуіне ынтымақтастықпен атсалысу.
Қайырымдылық шараларына келетін болсақ, қалалық, аудандық кәсіподақ комитеттерінің және әрбір бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларымен тікелей байланысып, аз қамтылған 786 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Және бұл қайырымдылық шарасы «Наурыз жылуы» дәстүрлі акциясынажалғасты. Биылғы жылы да дәстүрлі істердің дәнекері ретінде қамқорлықты қажет ететін 600 –ден аса отбасыға азық-түліктер жеткізілді.
Кәсіподақ мүшелерінің демалысын ұйымдастыру, сауықтыру мақсатында Жаңақорған, Мерке, Жұмбақтас, Манкент, Сарыағаш, Алтын Қарғалы, Біркөлік, Көктем шипажайлармен келісім шарт жасау арқылы жолдамамен қамтамасыз етілді. Ерекше атап кетейін, «Сабақ беру – үйреншікті, жай шеберлік емес, ол-үнемі жаңаны табатын өнер» деп Ж.Аймауытов айтқандай, бастауыш сынып мұғаліміне артылар жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Осы орайда, 2019-2020 оқу жылында шәкірттері ұстаз еңбегін ақтап, «Алтын белгі» иегері атанған 300- ден аса сала қызметкерлеріне «Біркөлік» шипажайына тегін жолдама табыс етілді.
Бұл үрдіс осы оқу жылында да жалғасын табады. Биылғы оқу жылы едәуір жеңімпаздар саны артқаны да қуантады. Сондықтан біз өз кезегімізде әрбір кәсіподақ мүшесінің мүддесін және мәртебесінің биік болуын жақтайтынымызды білдіреміз. Кәсіподақ қызметіндегі басымдыққа ие бағыттарының бірі – әлеуметтік әріптестік. Әлеуметтік әріптестікті дамыту және білім саласында еңбек етушілердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға қосқан үлесі мен білім беру саласын дамытудағы нәтижелі еңбегі үшін.
Білім беру ұйымында ұжымын толық жүктемемен қамтыған әріптестеріміз арнайы номинациялармен: «Үздік әлеуметтік әріптес», «Жаңа иедеялар жаршысы», «ынтымағы жарасқан ұжым» дипломдарымен, ұйымға қажетті бағалы сыйлықтармен марапатталады. Кәсіби байқауларға келетін болсақ, ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2007 жылғы 29 қарашадағы № 583 «Оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, білім беру мекемелерінің оқу-әдістемелік жұмыстарын жүйелі дамыту, педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыру, озат педагогикалық тәжірибені зерттеп насихаттау мақсатында Қызылорда облыстық білім басқармасы мен білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының жыл сайын бірлескен шешіміне қол қойылып, арнайы кәсіби байқаулар тізбесі мен кестесі бекітіледі.
Жалпы орта білім беру, мектепке дейінгі білім беру, қосымша білім беру, әлеуметтік-педагогикалық қызмет, техникалық-кәсіптік білім беру, дене тәрбиесі және АӘД бойынша 41 байқау тізбесінен тұрады. Сала ардагерлерімен байланысымыз үзілген емес. Облысымыздағы 5655 Сыр ардагер-ұстаздарына мереке күні қарсаңында арнайы құттықтау хат жолданып, мерекелік сыйлықтар үлестіріледі. Мерейтой иелерін құттықтау, олардың өнегелі өмір жолын үлгі ету шаралары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Себебі аға буын өкілдеріміздің ақылымен толысып, ақ батасын алу өнегелі іс деп білемін.
Жастар саясатының жүзеге асырылуы барысындағы жұмыстар жөні мен жолы бөлек дүние. Себебі, еңсесі биік тәуелсіз еліміздің болашақ ұрпағына білім мен тәрбие нәрін ұялатқан мұғалімдер қауымы қай кезде болмасын қоғамның жаңашыл идеясын қолдаушы бірден бір тұлға. Комитеттің жанында 1 облыстық, 8 аудандық, қалалық Жастар кеңесі жұмыс жасайды. Құрамында 35 жасқа дейінгі жас ұстаздар саны 15716, 4926 студенттер бар. Жастаркеңесі «Таза қала» ұранымен тазалыққа атсалысу және тал егу эстафетасымен көгалдандыру жұмыстарын, «Волонтерлік» қызмет, «Алғыс айту» күніне орай, кіші қызметкерлерге дәстүрлі жәрдем беру акциясын, салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған шаралар, білімдік додалар ұйымдастыру бағытында жұмыстар жүргізіп келеді. Жас мұғалімдер жазғы лагері, «Студенттік каникул» жобасы тұрақты жұмыс жасайды. Жастарға барынша қолдау көрсетіп, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға, қоғам өміріне белсене араласуына ықпал жасаудамыз.
Ашық әңгімеіңізге рақмет!
Сұхбатты жүргізген журналист
Гүлмира ДИЛДАБЕКОВА, Қызылорда облысы