Жолдау – 2021: Президент бастамалары елімізге ерекше серпіліс әкелетіндігіне сенеміз

Білім күнінде еліміздің тарихында ерекше есте қаларлық жаңа оқиғалар орын алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Қазақстан халқына ұсынған тарихи құжаты – «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы қазақстандықтарды жігерлендіріп, қуанышқа бөледі. Дәл осы күні биылғы жаңа оқу жылында білім алушылар дәстүрлі форматқа ауысты, бірінші сыныпқа алғаш қадам басқан бүлдіршіндерге салтанатты түрде “Әліппе” оқулығы табысталды.

Сондай-ақ, мереке қарсаңында тамыз айының 29-ында бүкіл әлемдік қоғамдастықтың даму тарихындағы әрі жаһандық антиядролық қозғалыстағы маңызды оқиға – Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына  30 жыл толды, 30 тамызда кемел келешектің кепілі болып табылатын Конституция күні тойланды және биылғы жылы қастерлі құндылығымыз – Тәуелсіздігімізге 30 жыл толды. Сонымен қатар Білім күні біздің ұжым үшін де ерекше күн болды. Білім ғимаратымыз күрделі жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылында жаңа мектепке аяқ бастық. Бұл оқиғалар – барлығымыз үшін қуанышты жаңалықтар.

Президенттің: «Стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту» деген ұлағатты сөздері баршамызды қазақ елінің баянды болашағына, елдің экономикасы мен әлеуетін бірігіп арттыруға шақырады. Келешегіміздің кемел болуы тиянақты тірлігіміз бен ынтымақты бірлігімізде болмақ. Тіліміз бен ділімізді өркендетіп, дінімізді сақтап, ұрпақ жалғастығын, дәстүр сабақтастығын қалыптастыру – біздің мақсатымыз.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін маңызды міндеттерді ұсынды. Сол міндеттердің бірі – сапалы білім беру біздерге, яғни ұстаздар қауымына қатысты болды. Президентіміздің  білімді ұрпақ тәрбиелеп, қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыруы, олардың еңбектерін әрқашан жоғары бағалауы бізді ерекше қуантып отыр.

Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы жиырма бес пайызға көбейді, болашақта әлі де көбеймек. Қабылданған шаралар жемісін беріп жатыр. Педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Бүкіләлем үшін қиын кезеңде, елімізде жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес жүргізіліп жатқан шақта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қашықтан оқытудың нәтижесінде орын алған олқылықтарды болдырмау мен қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды тапсыруы өте орынды болды.

Сонымен бірге, аталған Жолдаудың жағымды жаңалығы – халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету, оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттардың бөлінуі. Бұдан басқа Жолдауда өзге де көтерілген өзекті мәселелер «Цифрлы ұстаз» білім беру жобасы, мұғалімдерді үш жылда бір рет қайта даярлықтан өткізу керектігі, орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы, 2025 жылға дейін мектеп салу санын бір мыңға жеткізу, 2022 жылғы қаңтар айының 1-інен бастап ең төменгі жалақы 42500 теңгеден 60 мың теңгеге көбейту секілді айрықша маңызға ие міндеттерді шешу айқындалды.

Президент сөзімен айтқанда «Жалпы, еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз». Бір мақсатты ұстанып, бір мүддеге жұмылған, нұрлы болашаққа ұмтылған елжанды, отаншыл халқымыз мемлекет басшысының жолдауын жасампаз жігермен, қажырлы қайратпен жүзеге  асыруға атсалысады деп нық сеніммен айта аламыз.

Самал Сарсенбаевна БОТАНТАЕВА,
№ 6 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет
пәнінің мұғалімі, Алматы облысы, Текелі қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий