Ержеңістің ерекше есептері

Ержеңіс Әбді – математика пәнінің мұғалімі, ақын. “Ержеңістің Ерекше Есептері” атты бастауыш пен орта буын оқушыларына арналған өлеңмен жазылған есептер жинағының және бүлдіршіндерге арналған “Саусақ әліпбиі” өлеңдер жинағының авторы. “Мектебім менің – мақтаным” атты оқушылар өлеңдеріне арналған кітаптың құрастырушысы. Халықаралық “Айтыскерлер мен жыршы-термешілер одағының” мүшесі.

Қызылорда облысы Арал ауданының Бөген ауылында дүниеге келген. 1991 жылы Зейнолла Шүкіров атындағы №20 Бөген орта мектебінің түлегі. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университетінде «Математика және информатика пәні мұғалімі» мамандығын игеріп шықты. 2006 жылы Қызылорда қаласындағы №15 гимназияда математика пәні мұғалімі, 2009 жылы «Оқушылар мен жасөспірімдер үйінде» үйірме жетекшісі болып қызмет атқарған. 2012 жылдан бүгінгі күнге дейін С. Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицейінде математика пәні мұғалімі болып еңбек етіп келеді.

Тегінде ақындық өнер ерте қонған Ержеңіс оқушы кезінде айтыс додаларында бас бәйге иегері болған. Қазіргі таңда республикалық сөз додаларының, өзбек пен қырғыз елдерінде өткен халықаралық аламан айтыстардың жүлдегері. Ақындық пен ұстаздықты қатар алып жүрген Ержеңістің балаларға арналған ерекше туындылары бар. Мәселен, ол оқушыны бірден қызықтыра кететін өлеңмен жазылған “Ержеңістің ерекше есептері” есептер жинағының авторы. Әрі өлең, әрі есеп, оған қоса тақырыпқа сай түрлі-түсті суреттермен безендірілген кітап көпшіліктің қызығушылығын тудырып, республика көлеміне тың тәжірибе ретінде тарады.

Баланың танымдық белсенділігін дамытудың психологиялық-педагогикалық аспектілері тармағына жататын әдістемелік құрал ретінде пайдалануда. Мектеп оқушыларының мұндай есептерге ерекше қызығу танытатыны анық. Есеп шешу әрекетіне баланы өлең де, сурет те жетелеп отырады. Жасөспірімдерді ғаламтордан алыстатып, кітап оқуға үндейді. Қазіргі таңда кітап жалғасын сұраушылар өте көп. Демек, кітап баланың зейін назарын аударта білген. “Болашақта компьютерде отырғандарды кітап оқығандар басқарады” деген Елбасының көреген сөзін Ержеңістің еңбектері дәлелдеп тұр.

Ержеңіс алдағы уақытта «Ержеңістің ертектері» деген кітабын шығаруды жоспарлап отыр. Ержеңіс Әбдінің жетістіктері: Қызылорда қалалық “Ең үздік математика пәні мұғалімі” сайысының жеңімпазы, Қызылорда қалалық үздік авторлық бағдарлама конкурсының жеңімпазы, Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрлігінің “Құрмет” грамотасының иегері.  Облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы, сонымен қатар, облыстық көптеген марапаттар иесі.

Бекбол ҚАРАТАЙҰЛЫ,
Қызылорда облысы білім
басқармасының баспасөз хатшысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий