Үздік ұстаздың үлгісі

Тәуелсіз ел  тірегі – білімді ұрпақ десек, жаңа дәуірдің күн тәртібінде тұрған келелі мәселе – білім беру, ғылымды дамыту, өркениет біткеннің өзегі, білім, ғылым, тәрбие екендігіне ешкімнің таласы жоқ. А.Байтұрсыновтың «Мектеп керектері» еңбегінде былай делінген: «Мұғалім қандай болса, мектеп һәм осындай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі- білімді, педагогика әдістемеден хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім».

Ұстаз қолында адам тағдыры, болашақ ел тағдыры тұрады, мұғалім өсіп дамып келе жатқан ұрпақпен жұмыс істейді сол жас бүгінгі күннің жаңалығынан сырт қалмай ізденісте болу үшін заман талабына лайық жаңа білім, жаңа тәрбие керек. «Маған жақсы мұғалім бәріненде қымбат, өйткені мұғалім мектептің жүрегі», –  дейді қазақтың ағартушы ұстазы Ыбырай Алтынсарин. Әлемдік білімге сай, мәдениеті жоғары жеке тұлға тәрбиелей алатын ұстаз болу қиынның қиыны, ал сондай биікке жете білу – өте үлкен өнер. Осындай ұстаздардың бірі, Төлеби ауданы, Жаңажол орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Бегасилов Берік Досыбайұлы!

Ол өз ісіне ұқыпты. Оқушылар, ата-аналар, құрбы-құрдастар, ауылдастар арасында беделді, пікірі салмақты.Оқушылардың білім сапасын көтеру мақсатында ақпараттық-коммуникативтік технологияны кеңінен пайдаланады. Әріптестеріне, әсіресе жас мамандарға көмегін аямайды. Білім көрсеткіші пән бойынша жоғары. Атап айтар болсақ, өзінің педагогикалық қызметінде Кембридж бағдарламасы бойынша  бірінші деңгейді ауданданда ең алғаш оқып келген, ең алғаш педагог шебер атанған ұстаздардың бірі. 

Жеткен жетістіктері барша ұстаздарға үлгі тұтарлық: 2014-2020 жылдар  арасында 19 оқушысы ауданның пән олимпиадаларында Қазақстан тарихы, дүние жүзі тарихы  пәндерінен бірінші орынды иеленген, облыстық пән олимпиадаларында алты рет ауданның намысын қорғап жеңімпаз атанған, республикадан 2 рет жоғары нәтиже көрсететіп, жүлдемен оралған дарынды шәкірттері бар аудандағы жалғыз ұстаз! Өлкетану кітабының жарыққа шығуына үлес қосқан ұстаз деп айта аламын. Баспадан аудан мұғалімдеріне әдістемелік құралы жинақ болып шыққан кітаптың авторы.

Қазіргі уақытта қаншама ұстаздарымызға көмегі тиіп жатыр. Облыстағы шығармашылық топтың мүшесі, бақылау департаментінің мүшесі, 2011-2016 жылдары аудан әкімінің  Президент Жолдауын насихаттаушы тобының мүшесі болды. 2014 жылы аудан әкімінің қолынан жыл үздігі номинациясы бойынша «Үздік сынып жетекші»медалымен марапатталса, 2019 жылы жыл үздігі номинациясы бойынша  «Үздік пән мұғалімі» медалымен марапатталды. 2020 жылы облыс әкімінің қолынан «Жылдың үздік педагогы» номинациясын иемденді.

2020 жылы екі мәрте облыс әкімінің Алғыс хатын алды, бес мәрте облыстық білім басқармасының Алғыс хаты, үш мәрте аудан әкімінің Алғыс хаты, сегіз мәрте аудандық білім бөлімінің Алғыс хатын алды. Ол өзінің іс-әрекетімен жақсы нәтижеге жететін, оқушылардың шығармашылығын қалыптастыруға жағымды ықпал ететін педагог.

– Кез келген саланың үздік маманы болу үшін білім, қолайлы орта және ең алдымен ата-анаңның тәрбиесі басты роль ойнайды екен. Әкем де анам да осы білім шаңырағында өздерінің бүкіл бейнеттік өмірін өткізді. Әкем  Бекасылов Досыбай Бекасылұлы физика пәні, анам Хамитова Хафиза Әбдірашитқызы математика және бастауыш сыныптар пәні мұғалімі болып қаншама жыл  мектепте тер төгіп ел алғысына ие болған қадірлі ұстаздар бола білді. Қазіргі уақытта шәкірттерінің алды Парламент депутаттары, үлкен лауазымды қызмет атқарған ел ағалары. Әкем көреген ой мен көрікті сөз, еңбегімен биік талғамының арқасында ұжымының көшбасшысы ретінде 1976 жылдан бастап мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып 20 жыл қызмет атқарды. 1989 жылы еңбегі еленіп, Қазақ КСР оқу министрінің қолынан «Білім беру ісінің үздігі»  төсбелгісімен марапатталды. Ата-анамның қаннан тараған тәрбиесі болмаса мен мұндай нәтиже көрсете алмас едім, – дейді ол бізбен әңгімесінде.

Қорыта айтқанда, бүгінгі біздің кейіпкеріміз, әке жолын қуған,білім саласына өзіндік қосып жүрген үлесі бар азамат. Білім саласында көптеген реформалар жүзеге асырылып, сапамен жұмыс жүргізілуде. Басты мақсат-үміт артар жастарымыздың сапалы білім алуы,бәсекеге қабілетті қоғамның толыққанды мүшесін қалыптастыру. Бегасилов Берік Досыбайұлы дәл осындай тәуелсіз еліміздің тұғырын ұстар, білімді жастар тәрбиелеп жүрген заман талабына сай, қоғамға лайықты білімді де, білікті ұстаз.

Жамбыл ОРЫНБАЕВ,
№7 ІТ мектеп-лицейінің директоры,
аудандық тарихшылар қауымдастығы
атынан, Түркістан облысы  

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий