Жауапкершіліктің жүгі жоғары
Жас ұрпақпен жұмыс жасауға құштарлық мені осы салаға алып келді. Нәтижесінде қазіргі қызмет атқарып жүрген білім ордасында 2008-2009 оқу жылынан бастап орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сапалы білім беріп келемін. «Инновационные методы и формы деятельности учащихся, работа с интеллектуальной развивающей средой» өзекті мәселем бойынша оқу үрдісінің талапқа сай өтуіне жауапкершілікпен қарап, озық педагогтардың іс-тәжірибелерін өз қызметімде қолданып, шәкірттеріме орыс тілін үйретіп, олардың ойлау қабілеттерін үнемі дамыта отырып жетілдіруді мақсат етемін.

Өз сабағымда түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, үлестірмелі көрнекі құралдарды тиімді пайдаланамын. Топпен, жекелей, ұжымдық деңгейлеріне қарай бөліп, оқушылардың танымдық әрекетіне, сөз байлығын тереңдетуге басшылық жасаймын. Аталған мектеп-гимназияда әдістемелік пән бірлестігі жетекшілігін жүргізіп келемін. Бала кезімнен мұғалімдік мамандықты жақсы көрдім, өйткені мен өзімнің ұстазымның орыс тілі мен әдебиеті пәні сабақтарына қызығушылықпен қатысып, орыс ақындарының өлеңдерін жатқа оқығанды ұнататынмын, сондықтан мен орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығын таңдадым.
Мұғалім мамандығы – мықты мамандық! Мұғалім өте шыдамды, өзіне және басқаларға талап қоя білу, үнемі өз бетімен жұмыс жасап, мейірімді және сонымен бірге қатал болуы тиіс деп ойлаймын, ең бастысы балаларды жақсы көру, олардың жүрегін жағу және оларды жетелеу керек. «Мен болмасам, кім?» деп өз алдыма мақсат қойып, мұғалім мамандығын таңдадым. Ұстаздық жолымның алғашқы қадамдарды әлі есімде, әрине, бұл аралас сезімдер: туған институттың қабырғасында алған білімімді балаларға үйрете аламын ба деген алаңдаушылық сезім және жеткізе алсам деген қуаныш сезімі қатар тұрды.
Қазақ халқының ағартушы-педагогі, «Дала қоңырауы» атанған ұстаз Ыбырай Алтынсариннің «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі» деген сөзінен ұстаз мәртебесінің әлдеқайда биікте екендігін байқауға болады. Өз ісіне деген сүйіспеншілікті оқушыға деген сүйіспеншілікпен ұштастыра алған барлық ұстаздарымыз еліміздің болашағына елеулі үлес қосып келеді. Оқушыларымның орыс тілі пәніне қызығушылығын арттыру мақсатында сабақтарымда жаңа технологияларды тиімді қолданамын. Өзім сабақ беретін сыныптарда білім сапасы соңғы жылдары орта есеппен тоқсан бес пайызды құрайды.
«Қайталау – оқу анасы» демекші, үнемі ерінбей-жалықпай, ізденіс үстінде жүремін, оқушылардың жеке қабілетін ерекшелігін ескере отырып, әр сабағымда дамыта оқыту, әр сабағымда жаңа технологияны пайдалану арқылы оқушыларымның қызығушылығы мен ойлау әрекетінің белсенділігін арттыруды басты назарға ұстамын. Компьютер тілін жетік меңгеріп, сабақта интернет арқылы қажетті материалдарды қолдана отырып, өмірмен байланыстырамын, әрі оқушылардың қызығушылығын арттыруға тырысамын.
Теориялық және әдістемелік негіздеріді терең меңгеріп, оқытуда дамыта оқытуға бағытталған білім берудің технологияларын еркін енгізіп, шығармашылықпен жұмыс істеймін. Әр оқушының қабілетін ашу мақсатында жұмыс жасай жүріп дарынды балаларды анықтап, оны дамыту үшін жүргізіп жатқан жұмысым өз нәтижесін көрсетті. Сабақ беретін сыныптарымда оқушылар жоғары білім сапасын көрсетеді. Менің ойымша, жиырма бірінші ғасырдың педагогі – жаңа технологияның барлық түрлерін шебер меңгерген, рухани мықты дамыған, білікті маман болу керек.
Өйткені, қазіргі заман – компьютерлік ақпараттардың көз ілеспес жылдамдықпен мың құбылған ұшқыр уақыты. Әлемдегі сан алуан өзгерістер туралы интернет арқылы әр минут сайын жаңа дерек сіңіретін жасөспірімді қарапайым дүниемен таңғалдыру, кітаптағы түрлі тақырыптарды тың мәліметтермен байыта білу әрбір мұғалім үшін оңай дүние емес. Ақылды ұстаз ешнәрсені назардан тыс қалдырмай, білімгерді биікке бағыттап, жаңашылдықа жетелейді. Сондықтан мен ізденуден жалықпай, жоғары білімім мен тағылымды тәжірибемді толықтыруға көп көңіл бөліп, белгілі бір уақыт арнаймын.
Жалықпай еңбектенген жанның жоғары нәтижеге қол жеткізері даусыз. Жас ұстаздардың жігерін жанып, санадағы сәулесінің көкжиегін кеңейту арқылы ақылы мен ойын кемелдендіруге тамшыдай қосар үлесім болса, бұл – менің ұстаздық мақсатымның орындалғаны деп білемін. Мен өз білімімді жетілдіруге үлкен мән беремін. Көп жылдар бойы жинақталған тәжірибемді мектеп ішінде, аудан, облыс, республика көлемінде тараттым. Әртүрлі семинар, конференцияларға қатысып, педагогикалық басылымдарға еңбектерім жарияланды.
2018 жылы «Кіші отанның мәдени және рухани дамуы» атты республикалық семинар-практикумға қатысып, сертификат иелендім. 2019 жылы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «Заманауи сабақ – педагогтың кәсіби өсуінің көрсеткіші» үздік сабақтар фестивалінде әріптестерімге педагогикалық тәжірибемді насихаттап келемін. Жас әріптестеріме әдістемелік көмек ретінде әдістемелік нұсқаулар әзірледім. Әртүрлі конкурс, олимпиадаларға белсене қатысып, жүлделі орындардан көрінудемін.
Республикалық конкурста «Ең үздік авторлық бағдарлама» номинациясында бастауыш сыныптарға арналған «Кукольный театр «Колобок» тақырыбындағы авторлық бағдарламам бірінші орын иеленді. Сонымен қатар, 2019 жылы «Пунктуация – наука о знаках препинания» жалпы білім беретін мектептерге арналған әдістемелік құрал ретінде авторлық бағдарлама қорғадым. 2019 жылы «Uly dala ustazy» халықаралық ғылыми-педагогикалық журналдың ұйымдастыруымен өткізілген «100 лучших научно-методических статей педагогов Казахстана: образование, наука, методика» республикалық байқауында үздіктер шоғырыннан көрінген болатынмын.
Дарынды оқушылармен жеке жұмыс жүргізуде жоғары нәтижелерге қол жеткіздім. Оқушыларым аудандық ғылыми жобалар сайысында жеңімпаз атанып, аудандық, облыстық пән олимпиадаларында жүлделі орындардан көрінгенін мақтанышпен айта аламын. Әр оқушының қабілетін ашу мақсатында жұмыс жасай жүріп дарынды балаларды анықтап, оны дамыту үшін жүргізіп жатқан жұмысым да нәтижелі. 2016 жылы оқушысы Косембаева А. облыстық пәндер олимпиадасында 1-орын иеленіп, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық жалпы білім беретін пәндер олимпиадасына қатысып, сертификат иеленді.
2018-2019 жылы жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының облыстық кезеңінде 10-сынып оқушысы Алтынбекова К. үшінші дәрежелі Дипломмен марапатталып, Қола медаль иеленді. 2017 жылы облыстық ғылыми жобалар байқауында оқушысы Халелова Үміт «Общность проблематики творческой биографии С.Есенина и М.Макатаева» тақырыбындағы жұмысы жүлделі 1-орынға ие болды. 2021 жылы Қазақстан-Ресей мұғалімдер қауымдастығының ұйымдастыруымен ақиық ақын М.Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына арналған республикалық көркемсөз байқауында оқушыларым жүлделі орындардан көріне алды.
Дарынды оқушылармен жеке жұмыс жүргізуде жоғары нәтижелерге қол жеткіздім. Оқушыларым аудандық ғылыми жобалар сайысында жеңімпаз атанып, аудандық, облыстық пән олимпиадаларында, түрлі пәндік байқауларда жүлделі орындардан көріне білді. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәлім-тәрбие беру ісіне қосқан үлесім үшін 2010 жылы және 2015 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталдым. Сонымен қатар 2021 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» төсбелгісімен марапатталдым.
Жас ұрпаққа білім беру үшін адал қызмет етіп, алдымда отырған жеткіншектерді оқыту мен тәрбиелеудегі еңбегім, шеберлігім, еңбекқорлығым ұстаздық жолымда үлкен жетістіктерге алып келді деп ойлаймын. Еліміздің ертеңі – жастар бойына білім мен тәрбиені, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, тұлғалы азамат етіп қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп келемін.
Мектепте отыз жылдан астам мұғалім болып жұмыс істегендіктен, мен жаңадан ұстаздық мамандықты таңдаған мұғалімдерге әрқашан жауапкершілікті, тәртіпті, талапшыл болуға, мамандықты одан әрі игеруге ешқашан жалықпауға, өз бетімен жұмыс жасауға және балаларды сүю, оларға жүрегіңізді сыйлау, бірге алып жүре білу керек деп кеңес бергім келеді.
Ойымды қорытындылай келе, барша әріптестеріме айтарым, жас ұрпақты бәсекеге қабілетті жан-жақты тұлға ретінде қалыптастыру жолында ұстаздық жауапкершіліктің туын жоғары ұстанғанымыз абзал. Әрине, жетістіктер жүректі тебірентеді. Педагогтің парасаттылығы әлдебір атағында емес, сапалы білім, саналы тәрбиесімен өлшенері хақ.
Жанар Сейтқалиқызы СЫДЫҚЖАНОВА,
Қадырғали Қосымұлы Жалайыры атындағы
орта мектеп гимназияның орыс тілі мен әдебиеті
пәні мұғалімі, Алматы облысының Көксу ауданы