Технологиялар заманындағы тағылым
Ұстаздық – ұлы жол. Осы даңғылға түсуімнің басты себебі ата-анам. Әкеге қарап ұл өсер демекші, әкем мен шешем педагогика саласының майталман мамандары болғандықтан бұл мамандықты меңгеру аса қиын болған жоқ. Дипломды жас маман кезімнен жинаған білім мен тәжірибеме сүйене отырып, бірқатар додаларда бақ сынаған сындарлы сәтте асығым алшысынан түскені бар.

2018 жылы облыстық «Үздік педагог отбасы» байқауында жан-жарым Айгерім екеуміз қатысып бас жүлдені, «Шығармашыл ұстаз» және «Үздік педагог» байқауынан бірінші орынды және 2019 жылы «Үздік жас педагог» және «Жеңімпаз ұстаз» аталымын жеңіп алдым. Роботты техникаға оқушыларды қызықтыру мақсатында және осы салаға деген ынтасын дамыту үшін әртүрлі сайыстар мен ғылыми жобаларға оқушыларды дайындап, қатыстырып келемін. Жыл сайын елімізде WRO республикалық ұлттық сайыс ұйымдастырылады.
Дүбірлі додаға әр облыс жеңімпаздарын біріктірген құрамалар катысып, жеңімпаз команда дүниежүзілік роботтар олимпиадасына жолдама алады. Олимпиаданың облыстық іріктеуінде менің дайындаған оқушыларым үздік атанып, аймағымыздың атынан республикалық турға қатысуы барысында жоғары көрсеткіштерді иеленіп келеді. Қарағанды қаласында ұйымдастырылған «Роболанд 2017» халықаралық робототехника жарысында Жаңатуған Азамат екінші орынды еншілесе, байқаудың 2018 жылғы кезеңінде 4 бірдей оқушым жеңімпаз атанды.

Биылғы жылы мектептегі робототехника үйірмесіндегі оқушыларыммен бірге жасаған «КазАвто» көлігі ерекше жоба болды. Бұл көліктің ерекшелігі ешқандай жанармайсыз, күн энергиясымен және жел генераторы арқылы қозғалатын автокөлік. Жобаның тағы бір ерекшелігі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған және карточка арқылы ашылатын есіктері еді. 2020-2021 оқу жылындағы қашықтан білім беру кезінде бұрынғы дайындығымызды тоқтатпастан «Казробоспорт» федерациясы онлайн ұйымдастырған «Су лабиринті» жарыстарына да қатыстық.
Ол жерде берілген тапсырма: Оқушылар суда жүзіп жүріп лабиринттен шығатын автономды робот жасау болатын. Нәтижесінде Шаңытпай Жасұлан мен Мұстапай Әліби бірінші және Боранбай Жасұлан мен Жұбантурлин Мейіржан екінші орынды жеңіп алды. Облысымыздың робототехника саласын кеңірек дамыту мақсатында мен де өз үлесімді қосу үшін бірқатар жұмыстар жасап келемін. Ең айрықша атап айтарым «РобоМаңғыстау» спорттық роботты техниканың жаңа жобасы.

Бұл роботты техника сайысында оқушылардың қызығушылықтарын арттыру мақсатында, ұлттық ойындарымызды заманауи технологияның табыстарымен ұтымды ұштастыруға қолымыздан келген барлық мүмкіндіктерді жұмылдырдық. Олардың қатарында баршамызға кеңінен танымал асық ату, арқан тартыс ойындары бар. Яғни оқушылардың құрастырған роботтары бір-бірімен арқан тартысатын болады. «Роботтардың асық атуы» сайысында асық ату нақты ойын ережелерінің негізінде жүргізілетін болады.
Басты мақсат робототехникалық білім бойынша ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырту. Осы сайыстың тағы бір тармағы – облысқа саяхат. Қатысушы оқушылар роботты техниканы туризм саласымен байланыстыра отырып, байырғы бабадан мұраға қалған кең байтақ жеріміздің сан салалы ерекшеліктерін зерделеуге бағытталған. Жаңа жоба соңғы төрт жылдан бері тұрақты түрде қолдаушылардың көмегімен кеңінен ұйымдастырылып жүр. Менің ойымша, жиырма бірінші ғасырдың педагогы – жаңа технологияның барлық түрлерін шебер меңгерген, рухани мықты дамыған, білікті маман болу керек.

Өйткені, қазіргі заман компьютерлік ақпараттардың көз ілеспес жылдамдықпен мың құбылған ұшқыр уақыты. Әлемдегі сан алуан өзгерістер туралы интернет арқылы әр минут сайын жаңа дерек сіңіретін жасөспірімді қарапайым дүниемен таңғалдыру, кітаптағы түрлі тақырыптарды тың мәліметтермен байыта білу әрбір мұғалім үшін оңай дүние емес. Ақылды ұстаз ешнәрсені назардан тыс қалдырмай, білімгерді биікке бағыттап, жаңашылдықа жетелейді.
Сондықтан мен ізденуден жалықпай, жоғары білімім мен тағылымды тәжірибемді толықтыруға көп көңіл бөліп, белгілі бір уақыт арнаймын. Жалықпай еңбектенген жанның жоғары нәтижеге қол жеткізері даусыз. Жас ұстаздардың жігерін жанып, санадағы сәулесінің көкжиегін кеңейту арқылы ақылы мен ойын емелдендіруге тамшыдай қосар үлесім болса, бұл да менің ұстаздық мақсатымның орындалғаны.
Марат АТАНАЗАРОВ,
Фариза Оңғарсынова атындағы №29
мектептің көркем еңбек пәні мұғалімі,
СТЕМ зертханасының маманы, роботты
техника үйірмесінің жетекшісі, Ақтау қаласы