Танымал тұлғаның дара жолы

Ұстаз… Қандай қасиетті сөз! Ұстаз – ұлағатты ұғым. Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі -ұстаз. Ұстаз бейнесі менің көз алдымда дүние есігін шыр етіп ашқанда тұрғандай сезінемін.Себебі,мені дүниеге әкелген ата-анам саналы өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздар еді. Мұғалім мамандығын таңдап, халықтың баласын тәрбиелеуде елеулі үлес қосуыма да себепкер осы ата-анам.

Ұстаз әке туралы толғану, өмір деп аталатын  таңғажайып әлемге жол сілтеген, мен үшін дара тұлға – әкемнің  аялы алақаны, мен үшін ұмытылмас сырлы мезет. Қарапайым отбасында дүниеге келген әкем Егізбаев Әбутәліп Егізбайұлы  1961 жылы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетін аяқтағаннан кейін, өзінің туып-өскен жері Сұлутөбе ауылында қырық жылдай абыроймен атқарған ұстаздық  жолында сан-мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Бала күнімнен қолына қалам ұстап, күн-түн демей шәкірттерінің жұмысын тексеріп, ертеңгі сабағына шығармашылықпен дайындалып, ерте кетіп, кеш қайтатын анам мен әкемнің еңбек жолы көз алдымда.

Ұстаз ата-анамның келесі күнгі сабаққа дайындығы барысында стол жанында отырып қағазды шимайлап, жазуды ерте үйреніп, жарыса оқып отыратын кездерім де есімде. Менің ойымша, кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнер – тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт.Математика пәнінің мұғалімі болумен қатар әкемнің бойында суретке деген құштарлық, шығармашылық ізденістің әсері болуы керек, сурет салу өнерін де қоса игеріп 1967 жылы Ресейдегі Н.К.Крупская атындағы өнер университетінің «Сурет және живопись» факультетін сырттай бітіреді.

Әкем әулеттегі жалғыз ұл болғандықтан анасы оның сыртта көп оқуына қарсы болады. Дегенмен шын ұстаз  болуды балалық шағынан армандағанәкем жан-жақты сыртта оқып, ізденіп  қиындығымен қызығы бірге жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін көп қиындықтардан өтеді. Қиын дейтінім: әр сабағыңа жете дайындалып, балаларға білім беріп қана қоймай, тәлім – тәрбие сіңіру, өмірге икемдеу, адалдыққа баулу, адамгершілік қасиеттерді бойына дарыту оңай шаруа емес.

Ұстаздық жолында талай жастардың үлкен өмірден өз орындарын табуына тікелей ықпал еткен әкеміздің өз шаңырағында ұл-қыздарының да тәрбиесіне үлкен мән беріп,барлығының жоғары білімді маман иесі атануында жол көрсете білді. Әкем білім саласында атқарған нәтижелі еңбегі үшін 1980 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталып, шәкірттермен қатар өз ұжымындағы жас мамандармен тәжірибесін бөлісіп, үнемі шеберлік сыныптар өткізген.

Өз тәжірибесін мектепте ғана емес, аудан, облыс көлемінде таратып, әрбір ұстаздың шығармашылықпен жұмыс жасап, үнемі ізденісте болуына ықпал етіп,ақылшы ұстаз бола берген әкеме 1988 жылы Қызылорда облыстық білім беру басқармасы басшысының бұйрығымен «Аға мұғалім» атағы берілді. Әрбір шәкірттің бойларындағы жасырын жатқан қабілеттерінің жан-жақты ашылуына ұйтқы бола білген әкемнің қазіргі кезде елімізге, шет мемлекеттерге танылып жүрген талантты шәкіттерінің бірі – суретші, мүсінші, ССРО суретшілер одағының мүшесі А.Кененбаевты ерекше атап айтуға болады.

Әрбір сабағында өз шеберлігімен шәкірттерінің бойына математиканы ұғындырып, бейнелеу мен сызу өнерінің қыры мен сырын үйрете білген әкем кезекті сызу пәні сабағына қатысқан тексеру құрамында болған ССРО ағарту министрлігінің өкілі жоғары бағалап, «ССРО ағарту ісінің үздігі» атағына ұсынған. Нәтижесінде 1984 жылы «ССРО ағарту ісінің үздігі» медалімен марапатталды. Аяулы әкемнің  тағы бір басқалардан дараланып тұратын қасиеттері -еңбекқорлығы, қарапайымдылығы және ешкімді бөліп-жармайтын адамгершілігі мол жан болғандығы.

Артында қалған ұрпағы, шәкірттері, жора-жолдастары еске алу мақсатында 2010 жылы Қызылорда облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен еркін күрестен «КСРО және ҚазССР ағарту саласының үздігі Егізбаев Әбутәліп Егізбайұлын еске алу» облыстық турнирі ұйымдастырылды.

Осы киелі шаңырақтың бақытын тасытып, ырыс-берекесін келтірген аяулы анам Зина Әбсәмиқызы дархан мінезді, ұлтымызға тән бүкіл игі қасиеттердің бәрін де тал бойына сіңірген, жылы жүзді, жомарт жүректі жан, ұстаз – ана. Үйдегі өздерінің ғұмырын жалғастырар балаларының тәлім-тәрбиесіне жете көңіл бөлумен қатар, халықтың баласын тәрбиелеуде де аянбай еңбек етті. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді халқымыз.

Аяулы әкемнің  бар арманы мен мақсаты халыққа қалтқысыз қызмет етуімен қатар, өзінің көзі болып табылатын ұрпақтарын жеткізу болған. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Досқа сыйлы, елге  құрметті болған  танымал тұлға, ұстаз – әкеміздің дара жолын ұл-қыздары жалғастыруда.

Сәуле ЕГІЗБАЕВА,
М. Шоқай атындағы №187 ақпараттық
технология мектеп лицейінің ағылшын
тілі пәні мұғалімі, Қызылорда қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий