Букаевтардың баянды бақыты
Біздің аймақ жұртшылығы жетпіс бес жылдан бері ұстаздық қызметтерімен елге етене танылып, көпке үлгі болған үлкен шаңырақ Букаевтар отбасын ерекше құрмет тұтады. Әулеттегі алғашқы ұстаз – Букаев Жумахан Нүсіпұлы. Ол 28 жасынан мектеп директорлығына тағайындалған мықты математик.

Бұл ұлағаты ұстаздар әулетінің басты ұстанымы сапалы білім беру жүйесінің дамуына сүбелі үлес қосып, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне көңіл бөлу. Осы мақсатты көздеген қарт ұстаз аудандық білім бөлімінің басшысы, Есік педагогикалық колледжінің директоры, А.Мәлкеев атындағы мектеп интернатының, Абылай хан атындағы орта мектептің директоры қызметін абыроймен атқарып, бұл білім ордаларын тек алдыңғы қатардан көрсете білді. Нәтижесінде «Оқу-ағарту ісінің үздігі», «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы», «Үздік педагог», «Еңбек Ері» медалімен, бірнеше рет Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. Қазіргі уақытта аға буын ардагер зейнет жасында.
Әулеттің екінші ұстазы, ҚР білім беру ісінің үздігі, бар өмірін педагогика салысына арнаған мейірман мұғалім Нурланова Майра. Есік педагогикалық колледжінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен талай шәкірттерді білім нәрімен сусындатты. Еңбек жолында қаншама шәкірт тәрбиелеп, қиялына қанат бітірткен – дара жолы өнегеге толы. Ұстаздың болмысы тіпті бөлек. Майра Берекеліқызы сабырлы, білімді, ізденімпаз тәлімгер ретінде ұстаз атағын биікке көтере білді. Дарабоз тұлғаның марапаттары да бір төбе. Бұл – ұстаздық кәсіптің басты жемісі.
Қазіргі уақытта зейнеткер ұстаздарымыз отбасындағы ұрпақ жалғастырушы немерелеріне білім жолын дәріптеп, ұлттық құндылықтарға тәрбиелеуде. Осы танымал жанұяның жоғары білімді келіні Нысанбаева Айзат ұстаздық жолын Абылай хан атындағы №4 орта мектебінде жалғастырып жүрген ауданымыздағы білікті мұғалімдердің бірі. Аяулы әке жолын қуған Бибігүл Жумаханқызы біздің мәртебесі биік, мерей жоғары мектептің директоры. Ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары, табысты басшы. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс береді.
Жетекшілік жасайтын ұйымшыл ұстаздар ұжымында 127 мұғалім, 1530 оқушы бар. Бұл білім ордасы аудандағы үздік мектептердің көшбасында. Ол материалдық базаны жақсартып, тынымсыз еңбектің нәтижелі болуы жолында абыройлы істерді атқаруда. Ең батысы білім сапасының артуына үлкен мән беріледі. Жыл сайынғы бітіруші түлектердің көбі таңдаулы жоғары оқу орындарында білімдерін шыңдауда.

Оқушылары облыстық, республикалық және халықаралық пәндік олимпиадалар мен спорттық жарыстарда жүлделі орындарды иеленуде. Дарынды жастар «Мың бала», «Елбасы медалі», «Айқанат» республикалық жобаларында топжарып жүр. Сонымен қатар ұстаздарымыздың кәсіби шеберлігін шыңдауға облыстық, республикалық жарыстар мен конференцияларда іс-тәжірибесімен бөлісуіне әдістемелік көмек көрсетіп, бағыт пен бағдар беруден жалыққан емес.
Бұл, әрине, мектеп ұстаздары мен мектеп оқушыларының бойындағы қабілетті, іскерлікті көре білген жаңашыл жетекшінің көрегендігі қасиеті. Елеулі еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Білім саласындағы жемісті еңбегі үшін ол 2019 оқу жылында «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» демекші, білікті басшымызбен әрдайым мақтанамыз.
Бибігүл Жұмаханқызы «Зерттеуші мектеп» жобасы, «Үш тұғырлы тілдің» оқытылуына, деңгейлік курстар мен пәндік курстардың ұтымды ұйымдастырылуына ерекше мән беріп, қолдау көрсетеді. Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева метебімен тұрақты әріптестік байланыс орнату арқылы қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің кәсіби деңгейін арттыруға барлық мүмкіндікті жұмылдыруда.
Бұл ізденімпаз басшының баянды болашаққа бағытталған құптарлық қадамының бірі болатын. Жаңа заман талыбына сай бәсекеге қабілетті жан-жақты тұлға қалыптастырудағы ізденістердің нәтижесінде алдағы уақытта әлі талай биік белестерді бағындыра беретіндігімізге сенім мол. Букаевтар әулетін аудандағы барша әріптестердің атынан ұстаздар мерекесімен шын жүректен құттықтап, игі жақсылықтар тілейміз. Өрлеу мен өсу алға бастасын!
Тилеухан ЖУМАШЕВА,
Рахат №1 орта мектебінің қазақ тілі
мен әдебиеті пәні мұғалімі, Алматы
облысының Еңбекшіқазақ ауданы