ҚР кәсіподақтары күні қарсаңында: Біздің күшіміз – бірлікте

Біздің өңірдегі білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы бұл бағытта ұстаздардың әлеуметтік мәртебесін арттыру, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау қызметін қарқынды жүргізуде. Бүгінде білім және ғылым саласында бір аймақтық Келісім, 779 білім мекемесін қамтыған он екі бірыңғай ұжымдық шарт, 17 еңбек ұжымында дербес ұжымдық шарт түріндегі әлеуметтік әріптестік актілері қолданыста.

Өмір дерек. Ерұлан Сәбенұлы МАҒЗЫМБЕКОВ – Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы. Білімі – жоғары. 1996 жылы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Политехниалық институтының Қаратау филиалын – экономист, 2004 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін педагог-психолог, 2010 жылы «Әулие ата» Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін заңгер мамандығы бойынша тамамдаған.

Еңбек жолын 1996 жылы Жамбыл университетінде оқытушы болып бастаған. 1996-1997 жылдары ҚР Қарулы күштерінің қатарында. 1999-2003 жылдары мемлекеттік қызметте болған. Аудан әкімдігінің бас маманы, бөлім басшысы, аудандық білім басқармасы басшысының орынбасары лауазымдарын атқарған. 2003-2008 жылдары Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы аппаратының бас маманы.

2008-2014 жылдары аппарат жетекшісі қызметтерін атқарған. 2014 жылдан бастап 2018 жылға дейін «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы» ҚБ-нің төраға орынбасары қызметін абыроймен атқарды. 2018 жылдың сәуір айынан бастап Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы.

Келісімге былтыр енгізілген қосымшалар мен өзгертулердің нәтижесінде білім беру ұйымдарындағы кітапхана қызметкерлеріне отыз бес пайыз, медицина қызметкерлеріне – 15-50%, қаржы-экономикалық қызмет мамандарына елу пайыз еңбек ақыларын арттыру құқығына қол жеткіздік. Бұл игілікті аймақ бойынша 1000-ға жуық кітапханашылар мен медицина қызметкерлері, бухгалтерлер сезінді.

Өткен жыл мен биылдың алғашқы алты айында кәсіподақтың еңбек инспекциясына сала қызметкерлерінен еңбек қатынастарына байланысты 1311 жазбаша, 14130 ауызша өтініштер түсіп, барлығы 15493 құқықтық қызмет көрсетілді. Сотқа он төрт материал әзірленіп, кәсіподақ мүшесінің құқығына байланысты 4 талап арыз, әртүрлі деңгейдегі соттарда он төрт сала қызметкеріне өкілеттік жасалды. Нәтижесінде 18 кәсіподақ мүшесінің жұмыстан заңсыз босап қалуына жол берілмеді.

Құқықтық көмек пен қолдау шаралары нәтижесінде құқықтық қызметтің экономикалық тиімділік көрсеткіші 624,5 миллион теңгені құрады. Осы экономикалық көрсеткішті есепке алу тәжірибесі енгізілген 2015 жылдан бері бұл 1 миллиард 367 миллион теңге қаржыны құрап отыр. Қалыпты дамып келе жатқан қоғамдық қатынастардың кәсіподақ ұйымдарына да жаңа талаптар қоюын жіті сезініп, кәсіподақтық оқыту сапасын арттыру, оның сала өкілдерінің қажеттіліктері мен сұраныстарына сай болуын кәсіподақтық оқытудың басым бағыттарының біріне айналдыруға күш салдық.

Оқу орталығы өз жұмысын бастаған 2013 жылдан бері бір республикалық, 4 аймақаралық, 61 стационарлы, 61 көшпелі семинарлар мен кеңестер ұйымдастырып, онда 21 мыңға жуық сала қызметкерлері мен жұмыс беруші өкілдері кәсіподақтық оқумен қамтылды. Сала өкілдері үшін республикалық басылым мәртебесіндегі «Еңбекші» төл газеті 2015 жылдан бастап шығады. Айына екі рет жарық көретін бұл газет оқырмандардың тиісті сұранысына ие болып, кәсіподақтың ақпараттық жұмысын жүргізу мен оңтайлы қоғамдық имиджін қалыптастыру бағытында жыл өткен сайын тәжірибе жинақтап келеді.

Былтырғы пандемия жағдайында қашықтан оқыту қызметін жүзеге асыруға 80 миллион теңгеге 457 бірлік ноутбук, принтер, роутер мен модемдер алынып, оның игілігін педагогтар, аз қамтылған отбасы оқушылары көруде. Салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымдары медициналық маска тіктіру, азық-түлік себетімен қамту, материалдық көмек беру сынды барлығы 71,7 миллион теңгені құрайтын қаражатқа көмек көрсетті.

2020-2021 ж.ж. барлық түрдегі сауықтыру шараларымен 5646 кәсіподақ мүшесі және оның отбасы мүшелері қамтылып, оған кәсіподақ бюджеті есебінен жалпы сомасы 191,1 миллион теңге бағытталды. Облыстық ұйым сала еңбеккерлерінің тынығуы, рухани дамуы мен кәсіби шеберлігінің ұшталуын күн тәртібінен түсірген емес. Осы ретте, білім және ғылым саласының барша өкілдері арасында дәстүрге айналып, өнер мерекесі атанған «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты фестиваль мен «Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары» атты спартакиада, кәсіподақтық турнирлер, «Ең үздік кәсіподақ көшбасшысы», «Ең үздік бастауыш ұйым», «Сала үздігі» сынды кәсіби шеберлік байқаулары, «Менің Қазақстаным!» атты патриоттық әндер мен кәсіподақтық жыр сайыстары, «Бүгінгі кәсіподаққа – белсенді жастар» атты ынталандыру айлықтары жоспарлы түрде ұйымдастырылуда.  

Дәстүрлі облыстық тамыз кеңесінде, Мұғалімдер күні кәсіби мерекесінде «Үздік инновациялық мектеп», «Үздік қала мектебі», «Үздік шағын жинақталған мектеп» «Үздік ауыл мектебі», «Үздік колледж» аталымдары бойынша жеңімпаз атанған білім беру ұйымдары мен озат ұстаздарды марапаттауға кәсіподақ бюджетінен 6 миллион теңге бөлінген. Жалпы, осы тәжірибе енгізілген алты жылда 24 білім мекемесі мен ұйымы, 106 үздік ұстазға салалық кәсіподақ қаржысынан 35 миллион теңгенің ынталандыру сыйақысы табысталды.

Біздің ұйымда еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғау ісінде саяси партиялар және үкіметтік емес ұйымдармен өзара тиімді әріптестік жүргізу тәжірибесі қалыптасқан. Бүгінгі таңда босатылған негіздегі 4 кәсіподақ көшбасшысы Тараз қалалық және аудандық мәслихат депутаты болса, жалпы өңірде білім және ғылым саласының 44 өкілі депутаттық мандатқа ие. Кәсіподақтың қаржылық қауқарын күшейте түсетін, ең бастысы сала өкілдері үшін пайдалы болатын экономикалық жобаларды жүзеге асыру туралы нақты қадамдар бар.

Осы ретте, сауықтыру, демеушілік, материалдық көмек, ынталандыру, мәдени-көпшілік шараларға бағытталатын шығындарды төмендетпестен, кәсіподақтың материалдық-техникалық негізін жасақтап, нығайтуға қол жетуде. Бүгінгі таңда кәсіподақ меншігінде өз ғимараттары, шағын көлемдегі өндірістік жабдықтары, жеке газеті, туристік саяхат ұйымдастыратын автокөліктері бар, соңғы үлгідегі қонақ үй кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Осылайша, біз тек бірлескен қимылдар мен қауымдасқан тірлік арқылы ғана оң нәтижелерге қол жеткізуге болатындығын көрсете білдік. Жаңа талаптар мен бетбұрыстар алдында біз жақсы ұйымдасқан, тәртіп пен реттілігі жоғары, іргесі берік, қандай жағдайда да көмек қолын соза алатын біртұтас ұйым ретінде әрекет ете беретін боламыз. Біздің күшіміз – бірлікте!

Ерұлан МАҒЗЫМБЕКОВ,
Жамбыл облысы білім және ғылым
қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының
төрағасы, Тараз қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий