Ұстаз – білім мен тәрбие беретін қоғамдық қайраткер, ойшыл тұлға

Қымбатты оқырман қауым! Бүгін мен үшін ерекше қуанышты күн! Себебі, «Білімді ел – Образованная страна» республикалық газеті жариялаған «#Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен!» атты әлеуметтік жобаның биылғы жаңа челленджіне қатысып қана қоймай, өзім алғаш мектеп табалдырығын аттаған туған ауылым Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылындағы Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектеп пен білім нәрімен сусындаған Ақкөл ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы білім ошағындағы парасатты педагог ұстаздарға еліміздің білім саласын барынша өзекті тақырыптармен маңызды, мазмұнды тақырыптарда ой қозғайтын республикалық газетке бір жылдық жазылу мүмкіндігін сыйлағаным көңілімді толқытты…

Мен үшін әр кез ұстазым болып қалған алғаш әріп үйреткен Жамал Алдатаева апайымыз қазір құрметті зейнеткер, ардақты ұстаз. Баланың тұңғыш ұстазы – оны мектеп табалдырығын алғаш аттағанда күтіп алып, әріп танытып, жазуға үйрететін мұғалімі деп бекерге айтпаған ғой… Жамал апайымның мейірімге тұнған қара көздері әлі есімде, қарапайым, сабырлы қалпынан бір танбай, тек күлімдеп қарсы алатын суреті дәл бүгінгідей көз алдымда…

Әдетте, «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген мағынада оқушының бойына шынайы білім-білік дағдыларын дарытып, зердесіне гылыми негіздерін тоқыта алған, бүлдіршінді майталман бағбандай мәпелеп баулып, үйренген нәрселерін өмірде, іс жүзінде қолдана білуге жаттықтыра алған сөйлеген сөзі, істеген іс, парасат-пайымы, инабаты, білімнің тереңдігі мен жан-жақтылығы арқылы шәкірттеріне ең беделді үлгі бола алған адам ұстаз бола алады. 

 

Ұстаз – адамдардың өмірге көзқарасын, сенімін қалыптастыратын, оларға өмірден өз жолын дұрыс таба білуге көмектесетін, айналасына білім-тәрбие нәрін шашып, адамгершілік нұрын төгетін қоғамдық қайраткер, ойшыл тұлға. Осындай тұлғаның бірі де, бірегейі – Иманбеков Мұхан ағайым еді.. Өкініштісі, осыдан бір ай бұрын о дүниелік болды… Дегенмен, мектептің ең білімді, ең адал, нағыз көшбасшы директоры болған парасатты ұстазымыздың бейнесі мәңгі жүрегімізде қалды…

Мектептегі бар баланы есімімен атап, әрқайсысының жеке қасиетін басынан сипап тұрып, бауырына қысып алатын келбетті ұстазымнан алған тәлімім мен тәрбием – өміріме азық болды десем артық айтқандық емес… Аса құрметті менің ұстаздарым!!! Сіздер берген білім мен тәрбиені бойына ала білген қаншама шәкірттеріңіз бүгінде әр саланың жүгенін ұстап, елдің абыройына бөленіп жүрген азаматтармен мақтанамыз! Мерекелеріңіз құтты болсын! Тәуелсіз еліміздің туы тұғырлы болсын!

Сіздерге деген ізгі ілтипат танытқан,
Меруерт Асқарбекқызы (Дуанбекова)
МЕДЕТБЕКОВА,
Шымкент қаласындағы
әдістемелік орталықтың директоры, ф.ғ.к.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий