Білім арқылы адам баласы өмірге қанаттанып, өз орнын табады

Сіздерді келе жатқан төл мерекелеріңізбен құттықтаймын. Білім мен ғылым арқылы өркениет дамиды, мәдениет гүлденеді. Білім арқылы адам баласы өмірге қанаттанып, өз орнын табады.

Гүлмира КАРИМОВА

Қоғам мен адамзат алдындағы зор еңбектеріңіз жайында Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғылымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, ұстаздарды сондай ардақтауға міндеттіміз» деген.

Сондықтан ұстаз болу – адамзат бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Ендеше, осынау ұлы ұғымға адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған ұстаздарға қандай мақтау айтсақ та артық етпейді.

Өскелең ұрпаққа білім мен ғылым нәрін беріп, ізгілік пен адамгершілікке баулып, табандылықпен еңбек етіп, алдына мақсаттар қоюға бағыт-бағдар берген ұстаз еңбегіне халық «Мұғалім – мектептің жүрегі», «Бала жанының бағбаны» деп баға берді.

Сондықтан да республикамызда ұстаздар қауымының еңбегі жоғары бағаланып, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде.

Атап айтқанда, аттестаттау нәтижелері бойынша мұғалімдерге педагогикалық шеберлік үшін 30%-дан 50%-ға дейін, білім беру ұйымдарының басшылары мен басшылардың орынбасарларына – 30%-дан 100% -ға дейін лауазымдық жалақының мөлшерінде қосымша ақы беріледі.

Мұғалімдердің өз саласындағы жетістіктері бөлек көтермеленеді. «Үздік мұғалім» республикалық байқауының жеңімпаздары «Мұғалім мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес ақшалай сыйлық, жергілікті арнайы наградалармен, белгілермен марапатталды. «Үздік мұғалім» республикалық байқауын өткізген 10 жыл ішінде 496 мұғалім осы награданы алды, ал 2020 жылы 100-ден астам мұғалімнің еңбегі өңір деңгейінде атап өтілді.

Еліміздегі ерекше жетістіктері мен айрықша қызметтері үшін 2021 жылдың наурызында алғаш рет еліміздің 26 мұғаліміне мемлекеттік награда «Қазақстан еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді.

Педагогикалық мамандықтарға түсуге талапкерлерге қойылатын талаптар күшейтілді. Қабылдау ережесіне өзгерістер енгізілді: педагогикалық мамандықтарға түсушілердің шектік балы 50-ден 75-ке дейін көтерілді. Сондай-ақ педагогикалық мамандықты таңдаған «Алтын белгі» иегерлерінің саны екі есе өсті.

Құрметті ұстаздар! Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңізді ескере отырып, қабылданған қолдау шаралары Сіздердің өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстарыңызға жаңа серпін береді деп сенім білдіремін.

Отан игілігіне қызмет етудегі, ұлтымыздың рухани құндылықтары мен қасиеттерін жарқын болашақтың кәдесіне жаратудағы, қоғамды өркендетудегі ерен еңбегіңізге жеміс пен жеңіс, табыс пен қайрат тілеймін. Арайлап атқан әр таң Сіздерге шаттық пен қуанышқа бөлеп, шәкірттеріңіздің ыстық ықыласы мен шексіз алғысына бөлене беріңіздер.

Құрметпен, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира КАРИМОВА

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий