Ұстаз – әлемдегі ең мәртебелі мамандық
Аяулы ұстаздар мен білім беру саласының ардагерлері!

Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздер Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жас ұрпаққа білім беру бойынша тапсырмалары мен міндеттемелерін орындауға зор үлес қосып келесіздер.
Ұстаз – әлемдегі ең мәртебелі мамандық. Бүгінде бұл атаулы дата шын мәнінде жалпыхалықтық мерекеге айналды. Себебі ұстазға деген құрмет, мұғалімге деген қамқорлық Қазақстан үшін елдік ұстаным әрі мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі.
Сіздердің қызметтеріңіз – қоғамдағы ең құрметті де қадірлі кәсіптің бірі. Өйткені ұстаз ғана ең жақсы адами қасиеттерді бойына сіңіре отырып, өз шәкірттерінің жүрегінде білімге деген сарқылмас ынта-ықыласты оятады.
Ұстаз ғана оқушы зердесіне асыл құндылықтарды дарытып, білімнің басты бағдары, ұрпақтың бағбаны бола алады.
Білімді ұрпақ – Мәңгілік Елдің болашағы. Мәңгілік Ел болу дегеніміз – бәсекеге қабілетті, зияткер ұлт болу деген сөз. Таным деңгейі жоғары ұрпақ тәрбиелеу – біздің ұжымның басты міндеті. Ал, жас ұрпақтың міндеті – білімді азамат атанып, ұлы Абай айтқандай, Мәңгілік Елдің «бір кірпіші болып қалану».
Құрметті Әріптестер!
Француз ойшылы Жан Жак Руссо «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау» деген екен. Олай болса үлкен жауапкершілік пен сабырлылықты талап ететін еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін!
Баршаңызды мерейлі мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға баянды бақ пен береке, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін!
Ізгі ниетпен, Гүлмира ҚАНАЙ,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор