Ұстаз еңбегі – аса құнды, игілікті әрі өлшеусіз еңбек

Ұстаз еңбегі – аса құнды, игілікті әрі өлшеусіз еңбек. Әр адамның өмірінде үлкен ыждаһаттылықпен білім әлеміне жол ашып берген аяулы ұстазы болады.

Ғани БЕЙСЕМБАЕВ

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, болашақ ұрпағымыздың қандай болып өсетіні мұғалімнің адал еңбегіне, педагогикалық шеберлігіне, шыдамдылығына, сондай-ақ өз жұмысына деген сүйіспеншілігіне байланысты.

Қай заманда да ұстазға деген құрмет шексіз, ұстаздықтың шоқтығы биік. Дегенмен мұғалімнің рөлі уақыт өткен сайын өзгеріп жатқанын түсіну керек – қазіргі уақытта балалардың бойына академиялық базаны сіңіріп қана қоймай, оларды өз бетінше ойлануға, шешім қабылдауға және жауапкершілікке үйрету өте маңызды.

Балаларымыздың жетістіктері, олардың халықаралық байқаулар мен олимпиадалардағы жеңістері – мұғалімдердің кәсібилігі мен құзыреттілігінің нағыз дәлелі.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында педагог қызметкерлердің жалақысын көтеру, сондай-ақ жас ғалымдардың әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету мәселелерін қозғаған болатын. Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші білім деңгейімен өлшенетіні сөзсіз. Бұл жолда мемлекеттің білім беру жүйесін тұрақты түрде жетілдіруге, педагогтеріміздің жұмыс жағдайын жақсартуға бағытталған саясаты оң ықпалын тигізуде.

Құрметті ұстаздар, ұрпақ тәрбиелеу жолындағы қажырлы әрі адал еңбектеріңіз және қазақстандық педагогиканың үздік дәстүрлерін заманауи жаңашылдықтармен үйлестіре білгендеріңіз үшін алғысымыз шексіз!

Құрметті әріптестер, алдағы кәсіби мерекеміз Ұстаздар күнімен сіздерді шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, сарқылмас шығармашылық шабыт тілеймін!

Ғани БЕЙСЕМБАЕВ,
Ыбырай Алтынсарин атындағы ҰБА президенті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий