Жарқын болашақ иесі – жас маман 

«Жас келсе іске…», – деп қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев атамыз жырлап өткендей, расында ел болашағының сенімі, ертеңі, келешегі ол – жастар қауымы. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі білікті маман. Бүгінгі таңда жастар саясаты негізінде жоғарғы деңгейде білім алып, кәсіби маман атанып жүрген ұстаздар аз емес. Солардың бірі – халықаралық олимпиада жеңімпаздарын дайындаған педагог-зерттеуші Абылай Саматов. 

Тәжірибелі мұғалім Абылай Саматов білім жүйесіндегі шығармашылық еңбегі және жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін бірнеше рет «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, облыс әкімінің алғыс хаттарымен және грамоталарымен марапатталған. «Үздік педагог-2018» атағы, «Ел мақтанышы-2019» арнайы сыйлығының иегері.

Абылай Маранұлы, жалпы еңбек жолыңыз қалай басталған еді?

Менің еңбек жолым бірден ұстаздықтан басталмады. 2011 жылы университет бітірген соң, Қапшағай өнеркәсіптік компаниясында 1 ай лаборант болып жұмыс істедім. Ол жерде механикалық жұмыстар көп болғандықтан, жұмыс маған ұнамады. Басқа салада еңбектенуге бел будым.

Педагогикалық қызметім Қарағандыдан басталып, екі жыл мектеп мұғалімі болып жұмыс істедім. Одан соң Астанадағы «НұрОрда» мектебінен ұсыныс келіп түсті. Кейін 1 жыл Қостанайда қызмет етіп, отбасылық жағдайларға байланысты кеншілер шаһарына қайтып келдім. 2016 жылдан бастап Қарағандыда жұмыс жасап жатырмын. Химия пәнінің мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, биылдан бастап директорлық қызметке ауысқалы отырмын.

Ұстаз болу – сіз үшін кәсіп немесе өмірлік арман ба?

Ұстаз болуды бала кезден армандаған жоқпын, шыны керек. Бірақ жұмысқа кіріскен соң, балаға тәлім беру, сабақ жүргізу, өскелең ұрпақпен бірге жаңа белестерді бағындыру – бұның бәрі мені қызықтырып, көзімді ашқандай болды. Қазір ұстаз болу – мен үшін үлкен мәртебе, жауапкершілік және өмірлік басымдық.

Кәсіби қызметте қандай талап, міндеттерді алға қоясыз?

Мен үшін ең бірінші талап – адал жұмыс. Әр ұстаздың бойында өз жұмысына адалдық, балаларға деген сүйіспеншілік болса, ол үлкен жетістіктерге жетеді, деп ойлаймын.

Қандай жетістіктеріңізді ерекше мақтан тұтасыз?

Кез келген жетістік – мектеп, мұғалім, оқушылар мен ата-аналарының біріккен жұмысының нәтижесі. Сондықтан өзімнің емес, ұжымым мен шәкірттерімнің жеңісін ерекше бағалаймын.  

Бірінші кезекте сабақ сапасына, оқыту нәтижесіне мән бере отырып, әртүрлі озық технологияларды пайдаланамыз. 8-11 сыныптарда химияны оқытуда тиімді интерактивтік технологияларды қолданамыз. Нәтижесінде химия пәні бойынша білім сапасы «Білім-инновация» ХҚҚ-ның пәндік сынағында алдыңғы орындарға ие болып жүр.

Сонымен қатар оқу-тәрбие жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында дарынды оқушылардың жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту, ғылыми-практикалық конференцияларға баулу, оқушыларды облыстық, аймақтық, республикалық, халықаралық олимпиадаларға дайындауда қолдау көрсетіп отырамыз.

Оқушыларымыз жыл сайын академик Ә.Бектұров атындағы Халықаралық химия олимпиадасына, Д.И.Менделеев атындағы Халықаралық химия олимпиадасында, Халықаралық «Туймаада» химия олимпиадасына, басқа да көптеген жарыстарға белсенді қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді.

Тәуелсіздіктің 30-жылдығы мен кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріңізге айтар тілегіңіз?

Алдымызға келген әр бала – Қазақстанның болашағы. Оған сапалы, жан-жақты білім беру, отансүйгіштікке және адалдыққа тәрбиелеу – біздің парыз. Осы парызды абыроймен атқарып, ортақ мақсатқа жете білейік. Шығармашылық табыс, жаңа жетістік, зор денсаулық тілеймін!

Сұхбаттасқан Аида РАХИМКУЛОВА,

Қарағанды облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий