Жауапкершіліктің жүгі жоғары

Жас ұрпақпен жұмыс жасауға құштарлық мені осы салаға алып келді. Үйренуге, үйрену арқылы үйретуге деген құлшынысым, қызық пен шыжыққа толы он жеті жылдық еңбек өтілімде басты назарымды сапалы білім беруге арнап, әрбір туындаған ойды идеяға айналдарып, оқушылармен бірге алға мақсат қойып жұмыстанып, соның нәтижесінде бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп келемін.

Жалпы алғанда, осы үдерістен түйген ойым, тұйықталған философиям – ұстаз болып қалыптасу керек. Қай пәннің мұғалімі, қай жерде ұстаздық ету – маңызды шығар. Бірақ ең бастысы – сенің ұстаздық болмысыңда, қаншалықты түсінуіңде деп ойлаймын. Себебі ұстаз тек оқытып үйретіп қана қоймайды. Өзі өмір бойы оқиды, үйренеді, яғни үздіксіз дамып отырады. Ұстаздық жолда мына деңгейге жеттім, осы шың маған жеткілікті, қартайдым дейтін уақыт белгіленбеген. Қанша уақыт ұстаз болсаң, өзіңде сонша уақыт оқушысың!

Иә, иә оқушысың. Күнде сабаққа келіп, оқушыларыңды оқытасың, үйретесің, тәрбиелейсің. Ал сабақтан соң, өзің көп нәрсеге үйреніп, өз-өзіңді тәрбиелейсің. Бала деген – қаймағы бұзылмаған сүт, мөлдірі лайланбаған су, тап-таза ақ парақ, айнадай көз алдыңда тұр. Айнаға қарайсыңда кемшіліктеріңді түзетіп, жеткен жетістіктеріңе қуанасың. Міне, осылайша жылдар зымырап өте береді. Тоқтауға уақыт жоқ, өмір атты кітаптың парақтарын солармен бірге ашасың, солармен бірге жабасың. Мүмкін ұстаздық өмірдің ғанибеті де осы болар деп ойлаймын.

Сабақ үдерісінде және сабақтан тыс уақытта мүмкіндігі болғанша уақтымды өзімді дамытуға, оқушылармен бірге ізденуді әдетке айналдырдым. Кез келген семинар, вебинар, тренинг немесе сайысқа қатысып жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуім ұтымды нәтижелердің жемісі шығар. Жетістіктерімнің ішінде ең салмақтысы өткен жылы республикалық байқауда бағымды сынап, үздік педагог атағын иеленуім болып тұр әзірге. Бірақ осыған дейін жасаған жүйелі жұмыстарым, топжаруыма септігін тигізгені сөзсіз.

Пән мұғалімдерінің арасында облыстық олимпиадада алғашқы орын, республикалық «Үздік авторлық бағдарламалар» сайысының жүлдегері, «Талантты ұстаз – ел мерейі» тақырыбындағы облыстық мұғалімдер слеті аясындағы «Көңілді старт» спорттық ойынында екінші қатардан көрініп, «Үздік мектеп музейі» облыстық сайысының «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» аталымының иегері атандым.

Облыстық «Жыл адамы» таңдауында жыл мұғалімі, «Білім, ғылым және мәдениеттің даму аспектілері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда жасаған баяндамам үшін арнайы сертификаттың берілуіндегі тәжірибелер биік белесті бағындыруыма жаңаша серпін сыйлағаны анық.  Педагог ретіндегі табыстарымды еселеуге мүдделімін. Әйтсе де шәкірттерімнің жетістіктері мені екі есе қуантады. Ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе?

Оқушы үлгі өнеге тұтатын тәлімгерін ұлағатты ұстазы санайды. Осы атақты қастерлеу, арындай таза ұстау – әрбір мұғалімнің борышы. Ол –өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Осы ізгілікті іске бар жан тәнімен беріле кіріскен кезде қандай қиындықты да жеңуге жол тауып, тығырықтан шыға алады. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады.

Өткен жылдар ішінде Төлегенов Ернұр, Төлегенова Гүлнұр, Таштиева Жасмин, Якубов Ұлықпан, Омар Данияр, Әмірхан Елтай және тағы да басқа көптеген шәкірттерім облыстық, республикалық және халықаралық байқауларда даралана білді. Аманов Нұрбол жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпазы ретінде былтыр ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарында жоғары ұпай жинап, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің география пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша грантты иеленді. Бұл мен үшін үлкен қуаныш әрине.

Ойымды қорытындылай келе барша әріптестеріме айтарым, жас ұрпақты бәсекеге қабілетті жан-жақты тұлға ретінде қалыптастыру жолында ұстаздық жауапкершіліктің туын жоғары ұстанғанымыз абзал. Әрине жетістіктер жүректі тебірентеді. Бірақ, педагогтың парасаттылығы әлдебір атағында емес, сапалы білім, саналы тәрбиесімен өлшенері хақ.

Қуат БАЙНАЗАРОВ,
№3 жалпы білім беретін мектептің
география пәні мұғалімі, “Үздік педагог – 2020”
республикалық байқауының жеңімпазы,
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий