Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз

Тәуелсіздігіміздің айғағы – ол біздің жетістіктеріміз. Тәуелсіз ел болу дегеніміз –  кеудеңді кере дем алып, еңсенді  көтере ұрпақтан ұрпаққа мұра болып  келе жатқан салт-дәстүріңді, әдет ғұрпыңды айқындап көрсетіп, өзіңнің өзгелермен тең екендігінді сезіну және ана  тілінде емін-еркін сөйлеуің деп  білемін. Тәуелсіздік – мағынасы зор, тамыры терең ұғым. 

Еліміз тәуелсіздігін алып, өркениет көшіне дербес мемлекет ретінде ілескеніне, азаттықтың азат таңы атқанына біршама уақыт өтті. Осы уақыт бедерінде елімізді әлем танып, әлемді біз де таныдық. Тәуелсіздік – бұл ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: – Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастап кешу арқылы қол жетізген өз мемлекттілігін құруға деген заңды құқығы. Бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс, – деп атап көрсетуінде үлкен мағына жатқаны белгілі.

Тәуелсіздіктің түп тамыры «Желтоқсан» оқиғасымен тікелей байланысты екендігіне ешкім дау айта алмасы анық. Бейбіт шеруге шығып, билік тарапынан кінәлі деп саналған жастарымыздың бір бөлігі қанды қырғында көз жұмса, ал аман қалғандары қазіргі таңда өздері аңсаған азаттықтың қызығын көруде. Уақыт емші деп өзімізді жұбатқанымызбен, қыршын кеткен бауырларымыз есімізге түскенде жан – жарасы қайта жаңғырып, қайғының айықпас дертіне шалдыққаныңды терең сезіне түсесің.

«Қазақстан қарулы күштерінің бүгіні мен ертеңі» тақырыбында жоғарғы сынып оқушыларын мемлекет үшін адал қызмет етіп, дербес еліміздің құндылықтарын қорғауға әрқашан дайын болуға тәрбиелеу. Тұғырлы тәуелсіздік еліміздің басына бақ болып қонған сәттен бері қазақ жұрты түрлі жетістіктерге қол жеткізіп, елеулі өзгерістерді басынан өткерді. Еліміздің басынан қара бұлт сейілген жылдар ата-бабаларымыздың сонау күнгі сағымдай ұшқан армандарының қайта қанат жайып, асқақтап, қомдануына және кемел болашаққа жаңа көшбасшымызбен қадам басуымызға арқау болды.

Тәуелсіздік – халқымыздың баға жетпес асыл қазынасы, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалар теңдессіз байлық. Қазіргі таңда, біз дамыған заманға бет бұруға тырысып жатырмыз. Соның бір дәлелі, еліміздің дамыған елу елдің қатарынан табылуы. Алайда, бұл күнге жетпес бұрын біз талай асуларды бағындырып, еліміздің озық мемлекеттер қатарынан көрінуге лайықты екенін сан рет дәлелдедік. Ата Заңымыздың қабылдануы ең алғашқы жетістіктеріміздің қатары деп есептеуге болады, себебі, Конституция – тәуелсіздіктің айғағы, теңдігіміздің бұлтартпас дәлелі.

Кейін, еліміз түрлі даму сатыларынан өтіп, ресми тіліміз, валютамыз біртіндеп қабылдана бастады және бұл елімізді ерекшелеп көрсететін, тарихымызды айқындайтын ұлттық құндылықтарымыз еді. Дамыған мемлекеттермен иық тірестіру бізге оңайға соқпайды. Қорытындылай келе кейінгі өскелең ұрпақтың «тәуелсіздік» атты тәтті сөздің тұңғиығында ата – бабамыздың ғасырлар бойғы аманаты мен талай – талай боздақтардың ұрпаққа қалдырған арманы жатқандығын естен шығармаса екен дейміз.

Гүлбану Іздібайқызы ЕСБОЛАЙ,
Yessenov University аға оқытушысы,
магистр, Маңғыстау облысынығ Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий