“Қазақ хрестоматиясының” ағартушылық тағылымы

Ыбырай Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясын» құрастырғанда мұсылманның қасиетті кітабы Құранға, Мұхаммед пайғамбардың (ғалейһи-с-салам) хадистеріне, Шығыс, батыс ұлы ойшылдарының адамгершілік жайындағы ой-тұжырымдарына, қазақтың ғибрат қазынасы – бай ауыз әдебиеті мен әдет-ғұрып, салт-дәстүріне жүгініп, әсіресе, исламдық құндылықтарды басшылыққа алып отырған.

Осы ойымызды «Мұсылманшылықтың тұтқасын» еңбегінің кіріспесіндегі «Бұл кітап ішіндегі бұйрықтар қайсысы аят-хадистен, қайсысы шаһар Петербургке имам жамиғ мулла Ата-алла бен Баязид есімді молланың әр кітаптардан жинап шығарған «Ислам» деген кітабынан Һәм мұнан ғайри зор ихтибарлы кітаптардан қаралып, неше-неше рет сана саналып, теңдестіріліп жазылды. Оқығандар хайр дұғаларынан қалдырмағай еді»,-деген жолдар бекіте түскендей болды. Автор кітапты оқығандар қайыр дұғаларынан қалдырмауын өтінеді. Бұл құдайдан иман тілеп, Ислам дініне кәміл сенген кісінің сөзі. Сол кезде небәрі 43 жастағы жігіт ағасының бұл сөзі жүрек толқытып, әртүрлі ойға бастайды…

Ыбырай «Мұсылманшылықтың тұтқасын» халқына пайда келтірмек ниетпен, өздерінің дінін өздеріне түсінікті тілмен жеткізу үшін жазғанын айта келіп мұсылман болу үшін не істеу керектігін, мүсылманның мұсылманшылығы киімін киіп жүру ғана еместігін ескертеді. «Әуелі иманды болып, ол иман деген не екеніне түсініп, түсінген соң сол иман ішіндегі сөздерді шексіз шын көңілмен дұрыс деп білген кісіні мұсылман деп атайды»,-деп, сондықтан да Құдай тағаланың пенделеріне парыз еткені иман, иманнан соң дін ғылымы екенін айтып, дін ғылымы дегенді де түсіндіріп өтеді.

Түп тамырынан ажыраған ағаш көктемейді, тамыры жұлынған шөп қайта шықпайды. Адам да сол сияқты. Ата-бабалар қалдырып кеткен мәдени, рухани мұраларынан ажыраған елдің ертеңі сәулетті, дәулетті болуы екіталай. Осыны түсінген ұлы ұстаз «Қазақ хрестоматиясын» құрастырғанда балаларға руханиятымыздың негіздерінен әңгіме қозғап, тәлім- тәрбиелік мәні зор, үлгі- өнегеге, ғибратқа толы ұлттық құндылықтарымызды санасына сіңіруді ойлағаны анық. Түркілік дүниетаным – жер, аспан, тау, дала, тас, жұлдыз, ай, күн, аң-құс, мал, орман-тоғай – барлық жанды-жансыз біртұтас дүние, біртұтас әлем. Бірінсіз бірінің күні жоқ. Бәрін жаратушы бір Алла. Ыбырай да «Қазақ хрестоматиясында»:

«Жаратты неше алуан жұрт бір Құдайым,
Тең етті бәрімізге күн мен айын.
Адамның адам біткен баласымыз,
Қайсың бөлек тудың деп айырайын?!
Бәріміз бір адамның баласымыз,
Жігіттер, бір-біріңе қарасыңыз!
Өмір деген бес күндік, кетер өтіп,
Атаң барған орынға барарсыңыз!»,- дейді. Осы өлең жолдары да автордың мақсат-міндетін айқындай түседі.Ақынның бұл ойлары кітаптағы «Жаз», «Өзен» өлеңдерінде де қайталанады.

Хадисте «Кімде-кім халықтың қамын жесе, Алланың шапағатына ие болады. Алла тағаланың жер бетіндегі жаратқандарына қайрымдылықжасаңдар, сонда Алла сендерге мейрім жібереді…» делінсе, – бүкіл түркі халықтарының рухани атасы Қожа Ахмет Иассауи:
«Халқыңа қызмет ет,
Ізгілерге ізет ет,
Жаны жақсы жайсаңдарға құрмет ет».
«Ғаріп, пақыр, жетімдердің басын сипап,
Діні қатты халайықтан қаштым, міне», – деген ғибрат айтады.

Қара өлең: «Сояды халық қаласа хан түйесін,
Ойлай жүр қайда жүрсең ұлттың қамын». Оқулық жазу оңай шаруа емес. Сүйенетіндей, үлгі алатындайқазақ тілінде, тіпті бүкіл Азия халықтарында бұрын-соңды ондай кітап шықпаған. Сондықтан «Менің үнемі ұмтылған тілегім – қалай да пайдалы адам болып шығу еді. Ал қазір осыған қолым жетіп отырғанын ойласам, көңілім толық жұбаныш табады»,-депөзі айтқандай, халыққа пайдалы адам болып, қызмет етіп, өзінің ағартушылық және педагогикалық идеяларын жүзеге асыру жолында орыстың классикалық әдебиеті мен ұлы педагогтарына арқа сүйеуіне тура келді.

Сонда да тілі, діні, ділі, өскен ортасы, алған тәлім-тәрбиесі басқа Ыбырайдың Алланың ақ жолына қарай ойыса беруі заңды құбылыс. Мұны Ыбырай зерттеушілері бұрын білгенмен де ашып айта алмады. Өйткені Кеңес заманында дінге тыйым салынып, Алла, Құдай деген сөздерді айтқызбады. Ыбырайдың «Кел, балалар, оқылық» өлеңіндегі «Бір Құдайға сыйынып», «Оқысаңыз Аллалап» деген жолдардың алынып тасталуы соның бір дәлелі.

«Таһа» сүресінің 114 аятында: «О, Жаратқан Ием! Білімімді арттыр!» делінеді. Хадис: «Қытайдан болса да білім ал, себебі білімді болу әрбір мұсылман үшін міндетті…», «Білім үйрену ғибадаттан да артық және ол діннің де тірегі». Қара өлең:
«Әуелі керек нәрсе білім деген,
Білімсіз ілтипатқа ілінбеген».
«Өнер үйрен, білім қу басың жаста,
Оңайлықпен табылмас асыл тас та».
Ыбырай: Бір құдайға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық!

«Сөз басы». Хадис: «Түсініктеме: Аллаға ғибадат етуші өзін ғана ойлайды, ал ғалым бүкіл халыққа пайдасын тигізеді. Білімніңекі түрі болады: біріншісі – адамның жанына ұялайды да, оның өзіне пайдасын тигізеді; екіншісі- адамның тіліне қонып, Алла Тағаланың құдіреттілігін ғылыми негіздеп береді». Майлықожа Сұлтанқожаұлы: «Талап, білім, еңбексіз-
Қалайша тірлік жеңбекпіз?».
Ыбырай: “Оқу білген таниды
Бір жаратқан құдайды.
Танымаған құдайды
Неғылғанда ұнайды»

Хадис: «Бисмиллаһпен бастамаған әрбір істің соңы келте». Ыбырай: Істің болар қайыры
Бастасаңыз аллалап. Хадис: «Садақаның ең абзалы –бір мұсылманның білім үйреніп, оны басқа мұсылманбауырына үйреткені». Ыбырай мұны іс жүзіне асырып, бойына жинаған бар ғылым-білімін жан-тәнімен балаларға үйретті, бүкіл ғұмырын сол жолға арнады. Әдебиет-адамның жаны деп білген ол балалар санасын әдебиет арқылы да тәрбиелеуге ұмтылды. Өнер – білім өрге жетелейді. Сондықтан да Ыбырай:

«Өнер – білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден
Көзіңді ашып- жұмғанша
Жылдам хабар алғызды.
Мың шақырым жерлерге
Аты жоқ құр арбаны –
Күн жарымда барғызды,» – деп өнер-білімнің артықшылығын балаларға айдан анық етіп өлең жолдарымен жеткізді. Мектептер ашты. Онда мыңдаған бала оқыды, олар қанша балаларлың сауатын ашты?! Құранның «Тәуба» сүресінің 105 аятында: «Еңбек етіңдер! Себебі, істеріңді Алла тағала, елшісі және жалпы мұсылмандар көреді» делінеді.

Хадис: «Іс істеңдер, тырысыңдар! Әркімге талабына қарай жәрдем көрсетіледі… Әркімді сіңірген еңбегіне қарай сыйла». Қазақ мақалдары: «Еңбек түбі зейнет», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Қара өлең жолдары:
«Қонар бақ, ер жігітке бітер дәулет
Ақадал елге еткен еңбекпенен».
«Адал еңбек еткенге дәулет келер. Көңілі өсіп, көркі де сәулеттенер». Ыбырай: «Жұмыссыз жүргенбір жан жоқ. Сені де Құдай тағала босқажүруге жаратпаған, жұмыс жасауға әдеттенуге керек деді». «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш». «Мұны көріп Сатемір ойға қалды: «Құдай-тағаланың жаратқан жан-жануарының ең кішкентайы осы құмырсқа да тынбай жұмыс жұмыстап жүр; өзі ақсақ, бір тырмысып, екі тырмысып, жығылып, сонда дақоймай, ақырында мұратынажетті – тамның басына шықты».

«Сатемір хан». «Бұқара» (сиыр) сүресінің 250 аяты: «О, жаратқан Иеміз! Бізге сабырлылық бер, қадамымызды нық бастырып, кәпірлерге қарсы жорықта жеңіс бер». Түр сүресі: «Раббыңның үкімдеріне сабырлылық таныт. Себебі сен біздің көз алдымыздасың,орныңнан тұраркезде де Аллаға шүкіршілік айтып ұлықта». Жүсіп Баласағұн: «Біреу саған етсе зиян, қиянат,
Түй ішіңе, ойға сабыр ұялат».
Қара өлең: «Сабыр түбі сары алтын» деп күтемін,
Қашан келер жан-жүрек жалғасқан күн».
Шал ақын: «Қарап жүрген кісіге адам тимес,
Сабыр қып өз басыңды мықты ұстасаң».

Қазақ хрестоматиясында: «Сабыр түбі сары алтын,
Сарғайған жетер мұратқа» – деген мақал бар. Ыбырай: – «Мен жәшігімнің ішіне ауырды жеңілдететін бір шөп салдым», -деді Бәтима.  – Әй, ондай болса шөбіңнің атын айтшы, менде ауырлықты жеңілдетейін, -деді Зылиха. – Ол шөп сенің қолыңа түспей ме деп қорқамын, аты – Сабыр деген, -деді. Хадис: «Егер адамда төмендегіүш қасиет болатын болса, Алла оған ризалық білдіріп, жұмаққа жібереді, олар: әлсіздер мен кедейлерге қайырымдылық; ата-анаға мейірбандық; өзінің қоластындағылармен жақсы қарым-қатынас және мейірімділік».

«Шапағат етіп сауап жинаңдар». Қожа Ахмет Яссауи: «Мейірім қылсаң жолсыздарға жол берерсің». Қара өлең жолдары: 
«Жаман қанша кесапат жасаса да
Шарапаты жақсының болмақ үстем».
«Аралап ағайынды жүрген қандай,
Дидары жақсы ағаның жаққан шамдай.
Қара нан, ықыласпен шай берсе де,
Көңілге ләззаты бар шекер-балдай».
Ақтамберді жырау: Құлым бір ұлдай киінсе,
Көркемін көрген сүйінсе.
Ыбырай: Ей, достарым, жігіттерім,
Болмасқа болушы болма.
Қолыңнан келсе қыл қайыр.

Ыбырайдың «Шеше мен бала» әңгімесіне деқайырымдылық, мейірімділік арқау болған. – Мен балаға ақша беріп, сатып алып, құсты ұшырып қоя бердім. Менің бұл ісім сауап емес пе? Шешесі: – Әрине, сауап, бишараларға қайырлы болғаның… Көбірек жақсылық етуге шамам келсін десең, әр нәрсеге күтімді болу керек… Баласы: – Әже, сен көрсең еді, құсты қоя бергенімде әуелі қуанғаннан ұша алмады. Сонан соң құстысатқан баладан уәде алдым, екінші рет ұстама деп. Шешесі: – Қызым, жақсы іс істепсің, мінеки саған тағы да теңге. Қызы: – Алла риза болсын, әже. Шешесі:-Шырағым, қызым, әрдайым осындай рахымды бол, саған мұның үшін құдай рақым етер, -деді».

Ыбырай «Мейірімді бала» деген әңгімесінде де «Патша баланың мұнша атасына мейірімділігіне рахымы келіп, төренің күнәсін кешті дейді», – деп баланың атасына мейірімділігін айту арқылы балаларды ата-анасына қамқор, жанашыр болуға шақырады. Хадис: «Кім мұсылман бауырына жәрдем етсе және оның кем-кетігін толтырса, Аллаһ та оған жәрдем етеді. Кім бір мұсылман бауырынқиыншылықтан құтқарса, Аллаһ тағала осыған сай қиямет күні оның қиыншылықтарының бәрін жояды». Аллаһ Расулы хадисінде: «Жомарт адам Аллаһқа жақынадамдарға жақын, жаннатқа жақын, жаһаннамнан ұзақ», – делінеді.

Жүсіп Баласағұн: Дәулет бітсе менменсіме, тасыма,
Жақсылық қыл, жиылсын жұрт қасыңа.
Қара өлең: «Кең тұсау, сөзі де ұзын арқан болар,
Баласы жомарт елдің дарқан болар».
Әбубәкір: «Сахилық деген терек-ті,
Ол теректің бұтағы
Ұжмақта болса керекті». (Сахилық-жомарттық – С.О). Ыбырай. «Сол уақытта бір ақсақал… Байұлының әлгі мырзалығын көріп, разы болып, сыртынан баға берді: «Ей, құдайым, бұл балаға ұзақ жас бер, мал мен бас бер» деп, сол кісінің батасы қабыл болып, ақырында Байұлынан он екі ұл туып, бәрі де асқан бай, руға бас болды». «Мырза» деп Байұлының жомарттығын айтыпотыр – [С.О].

Ыбырай «Жомарт» деп аталатын әңгімесінде деАтымтай-жомарттың өнегелі ісін балаларға үлгі етіп көрсетеді. Хадис: «Егер сендердің жануарларға жасаған қиянаттарыңакешірім жасалса, онда көп күнәдән арылғандарың». Ыбырай: -Жоқ, әкем үйрек, қаз адал құстар, мұқтаждықта құдай тағала бұларды адамға алып, тамақ етуге бұйырды. Бірақ тірідей байлап-матап әуре ету – обал деп айтушы еді…» («Бай мен жарлы баласы»). Жоғарыдағы «Шеше мен бала» әңгімесінде Ыбырай «сауап» жайында айтса «Бай мен жарлы баласында «обал» сөзін қолданып отыр. Обал, сауапты білген бала қиянатшыл болмайды!

Исра сүресінде: Ал егер олардың (ата-аналарының – С.О) бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «уһ» деп айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен құшақ жайып, оларға былай деп дұға жаса: «О, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалаймәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр». Әмір Кейқаус: «Сені жан тәнімен жақсы көріп, тәрбиелеп жүрген ата-анаңның көңілін қалдыратындай құрттай іс жасасаң, сен ешқандай да жақсылыққа лайықты жан емессің, өйткені кім де – кім ата-ананың жақсылығын білмесе, басқа біреудің жақсылығын да бағаламайды».

Д.Бабатайұлы: Атаны бала алдады,
«Шешеге назар салмады», – десе, Ыбырай осы «Қазақ хрестоматиясына» енген «Береке кеткен елдерде» депаталатын өлеңінде: «Береке кеткен елдерде күн қысқарса керек-ті, Алатаудай атаға ұл қышқырса керек-ті… қолын қатты тигізбей, кірлі көйлек кигізбей, иісін жұпар аңқытқан, сондай сорлы анаға қыз қышқырса керек-ті»,- дегенді айтады. Екі ақынның ойы бір жерден шығып, үндесіп тұр. Бұлар берекесі кетіп, азған елдің балалары. Берекелі елдің балалары ата-анасын ардақтай білуі керек.

Кім азған елдің баласы болғысы келеді?! Екі өлеңнің астарында да тәлім-тәрбие, үгіт-насихат жатыр. «Қазақ хрестоматиясында»: «Алла разы болсын, мендей нашар балаңызды естен шығармай тұрғаныңызға ықыласыммен Құдай –тағаладан тілеймін, сіздердің еңбек қамқоршылығыңызды бізге де қызметімізбен өтеуге жазғай деп» [«Оқудағы балалардың үйіне жазған хаттары»]. 
«Үмітеткен көзімнің нұры, балам,
Жаныңа жәрдем берсін құдай-тағалам». [«Балғожа бидің баласына жазған хаты»]. Ұлы ұстаздың «Ғалым кісі»әңгімесіндеИман, Имандылық жайында әңгіме қозғалса, «Таза бұлақ»әңгімесінде «Тынбай қызмет қыл. Еш уақытта жалқауланып тоқтап қалма, сөйтсең ақырындасен де зорайып, мұратыңа жетесің», «Біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды ешкімге міндет етпе», «Бойыңды осы таза бұлақтай таза сақта, нешік бұлаққа қарасақ күн түссе күннің, шөп түссе шөптің сәулесін көресіз, көңілің сол рәуішті сыртқа ашық көрініп тұрсын» деген ақыл-кеңес айтылады.

Ұлы ұстаз «Салақтық» әңгімесінде де тазалықты ту етіп… «Құдай тағала таза жүрмеген былғаныш кісіні сүймейді,- дейді. Имандылық, көңіл тазалығы, тән, жан тазалығы Құрандада, Хадистерде де, қазақтың мақал-мәтелдерінде де жиі сөз болады. Ислам діні «Тазалық-иманның жартысы» деп, ерекше қөңіл бөліп, жан тазалығы мен тән тазалығын үнемі уағыздап отырған. 
Қожа Ахмет Яссауи: 
«Үлкен, кіші адамдардан әдеп кетті,
Қыз,келіншек, нәзік жаннан ұят кетті.
«Ұят барда иман бар» деп Расул айтты,
Арсыз қауым бүлдіріп бітті, достар».
Қазақ мақалдары:
«Тәні саудың жаны сау».
«Тазалық-саулық негізі,
Саулық-байлық негізі».

Ш.Қанайұлы:«Өлгенде имансыз құл жолда қалған,
Мен – Ғазырайыл, пенденің жанын алған,
Шүкір қыл иман айтып, Шортанбайым,
Құдайдан жетті бұйрық, келді саған». Имандылық – әдептілік! Әдепсіздік-имансыздыққа жетелейді. Әдеп – иманның бір негізі. Ыбырай «Әдеп» деп аталатын әңгімесінде: -Тақсыр, осынша жұрттың үстінен қараған әкімсіз, осы бір мұжыққа неге соншама бас ұрасыз? – деп айтты дейді. Сонда әкім: -Ешбір ілім-білім үйренбеген мұжық сонша иіліп әдептілігін көрсеткенде мен онан әдепсіз болып қалайын ба? – деді, дейді»- деп әкімнің кішіпейілділігін, сыпайылығын балаларға үлгі-өнеге етіп ұсынады.

Бұл, Әл-и имран сүресіндегі «(Ей, Мұхаммед!) өзіңе Аллаһ берген мейірімге орай сен де адамдарға сыпайы, жұмсақ қарым-қатынас көрсеттің. Егер сен дөрекі, жүрегің қатыгез болғанда, олар сенің маңыңнан безіп кеткен болар еді» деген ғибратты сөзді еске түсіреді. Имандылық, әдептілік, сыпайылық – адамзаттың көркем мінездері. Бұл – Алланың сыйы! Сондықтан да халық: «Әдептілік, ар-ұят-Адамдықтың белгісі, тұрпайы мінез, тағы, жат надандықтың белгісі» – деп мақалдайды. Қожа Ахмет Иассауй: «Диуани Хикмет» кітабында: «Құл қожа Ахмет, қырыққа келдің нәпсіңді тый», – дейді.

Шал ақын: «Ашу-дұшпан болғанда, нәпсі-жауың,
Ақыл-тұрған алдыңда асқар тауың», – деп, ашу мен нәпсіні ақылға жеңдіру керектігін насихат етеді. Нәпсіні тыю – қанағатшылдық. Ы.Алтынсариннің «Қанағат» деп аталатын әңгімесін оқып көрейікші: «Әзіреті Әліден бір кісі келіп сұрады: – Толық байлық қайтсең табылады? Әлі айтты: Қанағат ете білсең, қанша мал көп те болса, қанағаты жоқ кісі байлыққа жеттім деп тоймайды; қанша мал азда болса, барына қанағат ете білсе, бұл адамның көңіліжайлы, тынышырақ болады; Соның үшін байлық қанағатта, – деді Әзіреті Әлі».

Қазақ мақалдары: «Дүниеқор – дүниенің құлы». «Қанағатсыздық жалғыз атын сойғызар». Ыбырайдың «Қазақ хрестоматиясындағы» «Әділдік», «Петр патшаның тергелгені» әңгімелері мен ел аузынан жинаған «Әділдік көрмегені үшін бір төреге айтылған сөз», «Бір ақынның әділ төреге айтқан сөзі» өлеңдерінде де, аттары айтып тұрғандай, әділдік пен әділетсізді кайтылып, әділеттілік қашан да жеңіске жететіні паш етіледі. «Жамандыққа жақсылық» әңгімесі Ыбырайдың өзі жинап осы «Қазақ хрестоматиясы» кітабына енгізген «Жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі еді, жамандыққа жақсылық ер кісінің ісі еді» деген мақал негізіндежазылған тәрізді.

Исра сүресінде: «Жер бетінде көкірек керіп жүрме» делінсе, Қисас сүресінде: «Сізге тозақтықтарды айтайын ба? Олар – дөрекі, сараң және өркөкіректер» делінеді. Қара өлең: «Нәрсенің кісідегі кілті аспанда,
Епсіз жан екі сасар бір сасқанда.
Абайлап алды-артыңды шамалай біл,
Көп асқан жолығады бір тосқанға» .Қазақ мақалы: «Тәкәппарды Тәңірі сүймес». Ыбырай «Тәкаппаршылық» әңгімесінде басын жоғары көтерген тәкәппарлардың талайының жолы болмағанын мысалмен дәлелді жеткізіп, өркөкіректіктен сақтандырады.

Ұлы ұстаз «Өсиет өлеңдерінде» де:
«Бұзбаңыз әділдікті пұл, мал үшін,
Жиясыз оныдағы бір жан үшін.
Әзәзіл періштенің бастығы екен,
Не болды тәкәппарлық қылғаны үшін?» – деп, әділдік жасаған жанның дозақ отына жанбағанын, тәкәппарлық жасаған пенденің азап шеккенін аңыз етеді. Қожа Ахмет Иассауи: «Ғаріп, пақыр, жетімдерді расул білді,
Сол кеште Миғраж шығып, дидар көрді.
Қайтып түсіп, ғарып, пақыр халін білді
Ғаріптердің жайын ұғып келдім міне
Үмбет болсаң, ғаріптерге жақын болғын,
Аят, хадис айтқандарға құлық салғын», – десе, Ыбырай: «Қорлама кем адамды болсаң дана, Ғаріпті құдай сүйсе нендей шара?!».

«…Ұмытпа бай болдым деп бір Құдайды, Жер жұтқан қайырсыздан Қарынбайды», – деп иманды ердің құдайдан ұялатынын, ұялып иесінен (Алладан –С.О) сый алатынын ескертіп, «Жаратқан бір тәңіріңнен күдер үзбе» деген ақыл-кеңес береді. Құранда Қарынбайды (Қарунды) қайырымсыз, сараң болғандығы үшін Тәңіржер жұттырады. Қожа Ахмет Яссауйде: «Ферғауын Қарун шайтан сөзін берік тұтты, Сол себептен жер жарылды, оны жұтты», – дейді. Хадисте: «Қашанда шындықты жақта, өйткені жұмақта шыншылдық пен ізгілік қатар жүреді.

Өтірік айтудан аулақ бол, тозақтағы зұлымдықтың өзі өтірікпен тамырлас». Тағы бір хадисте: «Шындық қанша ащы болса да, Алланың аты үшін оны ауызға алып тұр» (21б.),-деп көрсетілген. Ы.Алтынсарин: «Араз бол, кедей болсаң ұрлықпенен,
Кете бар кессе басың шындықпенен!
«Араз бол, кедей болсаң ұрлықпенен…»
Хадисте: «Кім Маған бір рет салауат айтса, Аллаһ Тағала оған он рет рақмет жолдайды, оның он күнәсі кешіріліп, он дәрежесі көтеріледі».
Ыбырай: «Керексіз еш бендесін қалдырмайды,
Жаратқан бір тәңіріңнен күдер үзбе». («Араз бол, кедей болсаң ұрлықпенен…»).

Ислам дінінде тағдырға сену – парыз. Бойыңда жамандық болса да, жақсылық болса да – ол Алланың жазғаны, оны мойындау – міндет. Хадисте: «Адамға ананың құрсағында жатқанда Алла Тағала не жазса, сол болады» делінеді. Қазақ оны «маңдайға – пешенге жазғаны» дейді. «Пешене» – парсы тілінде – маңдай. Әлімсақтан, ертеден, баяғыдан, атамзаманнан деген сөздердің бір баламасы ретінде қолданылып жүрген «Бесенеден белгілі» дегендей «бесене» – осы пешене. Қазақ мақалы: «Жазымыштан озымыш жоқ». Ыбырай: «Әуелде маңдайыңа нені жазса, соны аларсың». [«Әй, жігіттер»]. Мұнафикун сүресінде [10-11]: «Барлық жанды өлімнің дәмін татады. Сіздер амалдарыңыздың сыйлығын қиямет күні аларсыздар. Сол кезде кім оттан ұзақтаталып, жаннатқа орналастырылса, міне сол мұратына жеткен болады. Бұл дүние тек қана алдамшы, өткінші бір қазық»,- делінген.

Қожа Ахмет Иассауи: 569. «Білгейсің бұ дүние барша елде
Малға да сенбе, бір күні қолдан кетер.
Ата-ана, қарындас қайда кетті ойлап көр». Қара өлең: «Барыңда қызылыңның қудай жайқа, Жұтады бәрімізді сұм қара жер». Ыбырай: «Өмір деген бес күндік, кетер өтіп, Атаң барған орынға барасыңыз!» («Өсиет өлеңдер»). Хадис: «Жақсы мен жаман жолдас әтірші мен от жағушыға ұсайды. Әтіршінің қасында болсаң жақсы иісті иіскейсің немесе жақсы иіс үстіңе жұғады, от жағушының жанына барсаң не көйлегің жанады, иә болмаса жаман иісті жұтып қайтасың» (Бухари, Зәбих, 3; Мусилим, Бирр, 146).

Халық мақалдары: «Жаманға сырыңды айтсаң, жарға жығады», «Жақсымен жолас болсаң нәсібі жұғар, жаманмен жолдас болсаң кесірі жұғар». Қара өлең: «Арғымақтан ат жақсы шабыс болса,
Ағайыннан жат жақсы, таныс болса,
Жолдас болсаң жаманмен жарға жығар,
Жазатайым аяғың шалыс болса». Шалкиіз жырау (1465-1560):
«Бір жаманмен дос болсаң,
Күндердің күні болғанда,
Бүкіл ғаламға күлкі етер». Ыбырай:
Ақылсыз жанды досым деп
Басыңды қосып сыр айтпа:
Күндердің күні болғанда
Ол жаман айғақ болар басыңа! («Ей, достарым, жігіттерім…»)

Қожа Ахмет Иассауи:
«Жақсылардың соңынан әсте қалма».
Қара өлең: «Айтайын мен бір сөзді жанамалап
Құлақ сал, жасөспірім жаңа талап.
Жаныма шапағаты тие ма деп,
Жүремін жақсыларды жанамалап».
Қазақ мақалы: 
«Жақсыға жанас,
Жаманнан адас». [«Қазақ мақалдары». 97 б.]. Ыбырай: «Жақсыдан ғапыл қалмаңыздар» [«Әй, жігіттер»].

Аюп – Әйуп – Айып пайғамбар. Құранда төрт жерде аты аталады. Дәуіт – Давид – Дауыт – Дәуіт пайғамбар. Құран кәрімде он алты жерде аты аталады. Ыбырай өлеңіндегі Дәуіттің патша болғаны да, Сүлеймен – Дәуіттің ұлы екені де шындық. Сүлеймен – Соломан – Сүлеймен пайғамбар. Дәуіттің ұлы. Құран кәрімде он алты жерде аты аталады. Қыдыр – Ілияс – Хадир – Ілияс – Ысырайлы ұрпақтарының пайғамбары. Құранда үш жерде аты аталады. Ескерту: Қыдыр әл-Хадир, Ілияс – екі адам. Алайда кейбір Шығыс елдері ауыз әдебиетінде екеуі бір кейіпкер.

«Алтынсарин баяндауында олар Ескендір патшаның қасындағылар, тірі су – мәңгі су іздеушілер ретінде суреттелген». Ескендірдің кім болғаны жайында 1895 жылы «Дала уалаяты газетінің» үшінші санында жарық көрген «Тәкаппар әскер басы турасынан» деген әңгімеде айтылады. Бұдан соң осы басылымның бесінші санында «Ескендір Зұлқарнайын өзінің дұшпандарын неменен жеңгені» деген аңыз басылған. Аңыз соңында «бұл хикая Орта Азиядағы Бетпақдалада Жизақ өзені менен Сырдарияның арасында тұрған қазақ Қалдарбайдан Д.И. Эварницкий деген жазып алыпты» деп көрсетілген.

Ал, «Ескендірдің басында қос мүйіз бар» деген аңыз алғаш қазақ әдебиетіне Дулат Бабатайұлының «Шаштараз» дастаны арқылы енсе (Дастанда Ескендірдің аты аталмайды, «Патша» деп алынған – С.О.), «Ескендір» есімі тұңғыш осы «Қазақ хрестоматиясында» аталады. Кейін 1900-1902 жылдар аралығында Абай Құнанбаев «Ескендір» поэмасын жазды. Кітаптың «Әртүрлі өлең-жырлар» атты үшінші бөлімінде балаларды қазақтың ертеден келе жатқан халық өмірі мен тұрмысын бейнелейтін, басқа халықтарда кездесе бермейтін әдебиеттің ерекше бір кең саласы айтыс өнерімен де таныстыруды көздеп «Жанақ пен баланың айтысын» беруі де Ыбырайдың тынымсыз ізденісін, талғампаздығын, көрегендігі мен кең ойлап, кең пішетіндігін аңғартады.

«Дәуіттің адасуы», «Сүлеймен және әйел патша Балегис», «Сүлейменнің парасаты», «Сүлеймен өз әкесінің тахыдында», «Әйуп» («Айұп») деген т.б. құран хикаялары кезіндеел ішінде кең тараған. «Құран кәрімнің» ішіндегі тарихи естелік тәрізді оқиғалы көркем әңгімелер. «Қазақ хрестоматиясында» «Құдай», «Құдай үшін», «Құдай рахым етер», «Құдайдан тілеп», «Құдайға», «Құдайдың», «Құдай тағала», «Жаббар Құдай», «Құдайға шүкір», «Құдай сүйсе» -46 рет, «Алла», «Аллалап», «Алла разы болсын» -8 рет, «Әділ төре», «Әдепсіздік», «Әдеп», «Әдепшілігін» 6 рет қайталанады екен. Тіпті өзге ел әдебиетінен алынған әңгімелердің өзінде «Құдай-тағала» «Алла жар болсын» деген сөздер бар.

Мысалы, орыс әдебиетінен алынған «Мұжық пен жасауыл» әңгімесінде «Алла разы болсын айтып» деген сөздер кездеседі. Бұл да Ыбырайдың әлемді жаратушы бір Құдай, «Құдай жалғыз» деген ислам дінінің қағидасын ұстануынан туындаған жайт деп ойлаймыз. Қорыта айтқанда, кітапқа енген шығармалар оқу-білімді, ғылымды, өнерді насихаттап, талаптылыққа, сабырлылыққа, не нәрсені де орнымен үнемдеп жұмсай білуге («Әке мен бала»), мейірімділікке, кемтарларға рахымды болуға, жақсылық жасауға, обал-сауапты білуге, шыдамдылыққа («Аурудан аяған күштірек»), әлсіздерді ренжітпеуге («Полкан деген ит»), шешендікке («Ізбасты», «Жиренше шешен»), батырлыққа, халық қамын ойлап, қорғаны бола білуге («Қара батыр», «Жәнібек батыр», «Қобыланды батыр мен Тайбұрыл»).

Жомарттыққа, имандылыққа, шыншылдыққа, не нәрсені де көзбен көріп, қолмен ұстап, анық-қанығына жетіп барып қана айтуға («Лұқпан әкім»), яғни ойланып сөйлеуге, («Өкініш өзекті оттай өртемеске, әр істі бастар алдын ойлап жақсы» – қазақтың қара өлеңі), кәсіпкерлікке («Қыпшақ Сейітқұл»), тазалыққа, әдептілікке, қанағатшылдыққа, әділдікке, жинақылыққа («Сараңдық пен жинақылық»), өтірік айтпауға («Өтіріктің залалы»), надандықтан аулақ болуға («Надандық»), жамандықтың өзіне жақсылық жасауға («Жамандыққа жақсылық»), («Таспен атқанды аспен ат» -қазақ мақалы), қонақжайлылыққа («Сейіт-Ахмет деген жігіттің үйіне түсірмеген құрбысына айтқан сөзі»), («Қонақ – үйдің құты» – халық мақалы), тәкәппар болмауға, жан-жануарға қамқорлық көрсетуге баулиды.

Ата-аналарымызды бабаларымыз тәрбиелесе, олар сол алған тәлім-тәрбиесі мен өмірден түйген өз тәжірбиелерін, көрген-білгенін, ұстанған қағидаларын уақытпен үндестіре түзетіп «Ұлы сөзден – ұлағат» деп, біздің құлағымызға құйды. Бұл сонау ықылым замандардан бері жалғасып, өмірлік тәжірибе жылдар өткен сайын екшеліп, еленіп, сұрыпталып, даналық, шешендік сөздерге, мақал-мәтелдерге,батырлық, ғашықтық жырларға, толғауларға, салтымыз бен дәстүрімізге, халықтың рухани мәдениетіне-педагогикасына айналды.

Ұлы ұстаздың ұлағатты сөздері мен ой-пікірлері де әлдеқашан осы қазақтың халық педагогикасына еніп, сіңісіп кеткен. Оны осы мақаладан да аңғару қиын емес. 1879 жылғы 12 желтоқсанында «Оренбургский листок» газеті «Ы.Алтынсарин дарындылық қасиеттерімен көзге түсіп, бүкіл адамдықөмір майданында ақындық қабілеттілік, таза және қуатты ойлардың таусылмас асыл қазынасымен халықтың әдебиетіне негіз болуға мүмкіндігі бар қазақ тілінде бірінші кітап шығарды»,- деп жазды.

Біз де бұл пікірді қуаттаймыз. «Қазақ хрестоматиясы» адамзатқа тән қасиеттердің барлығын дерлік қамтыған, тілімізді де, дінімізді де, ділімізді де насихаттайтын ақыл-нақыл, өсиетке толы, имандылық жолына бастайтын парасатты кітап. М.Әуезов Ыбырайдың «Қазақ хрестоматиясы» кітабына жоғары баға бере келіп А. Байтұрсыновтың «Ыбырайдың қырағат кітабын жасынан талай естігенім бар еді. Бұл уақытқа шейін қазақ балалары үшін кітапта Ыбырай кітабынан артық кітап дүниеге әлі келген жоқ.

Қазақ мектебінен кітап жазатын адам, Ыбырай кітабын жақсы білуі тиіс. Ыбырай кітабына қарап жазуы керек»,- деген пікірін келтіріп: «Ақаң орынсыз ешбір нәрсе айтпайтыны ол кісіні білетіндерге мағұлым», – дейді. «Қазақ хрестоматиясынның» жаратылыс тануға арналған екінші кітабын толық жазып шыққаны және оның мән-мазмұны жайында филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Р. Қалкеева жиі әңгіме қозғап жүр.

Ғалым «Ибрай Алтынсарин – основоположник национальной парадигмы образования» атты мақаласында «Қазақ хрестоматиясының» екінші бөлімі қалай басталатынын былайша көрсетеді: «1 класс. Сүтпен асыралатын жануарлар / млекопитающие/: а) екі қолды жануарлар / подобно человеку/; б) төрт қолды жануарлар / различные обезьяны/; в) прочие животные в описаниях / лошадь, осел, зебра и другие. Корова, коза, овцы, олень, верблюд, собака, волк, лиса, кошка, тигр, лев, медведь, слон, носорог, барсук, горнастай, бобер, сурок, мышь, суслик, крыса, хомяк, заяц, тюлень, морж, кит. 2 класс. Птицы: беркут, страус, аист, жаворонок и прочие».

Серікбай ОСПАНҰЛЫ,
Материалды редакцияға ұсынған:
Ахмет Байтұрсынов атындағы
Қостанай өңірлік университеті

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий