Ұстаз – ұлағатты ұғым

Ұстаз…   Қандай  құдіретті, қастерлі  сөз!  Әр адамның  жүрегіне ерекше жылулық нұрын  себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегінде  қадір  тұтып, құрметтейтін ұғым болса, соның бірегейі – ұстаз. Ұстаз  берген тәлім-тәрбие әрбір  жанның  өміріне  қанат бітірер, қараңғыда шамшырақ  болады.

Ұстаз – жас ұрпақтың өмір жолының әрбір іргетасын қалаушы рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі. Олар сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуде. Қазақ мектебінің болашағы туралы ақын Мағжан Жұмабаев «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты», – деп айтып өткендей, тәуелсіз мемлекетіміздің тарихи әлеуметтік, мәдени рухани болмысын дамытуға, қоғамдық өмір мен ұлттық мектепті қалыптастыруда ұстаздардың еңбегі зор. Мектептің басты тұлғасы, жүрегі мұғалім.

Дербес еліміздің ертеңін ойлар білімді де саналы, Отанын, туған жерін, ұлтын сүйетін ұлтжанды парасатты азаматты тәрбиелеуде мұғалімнің еңбегі орасан зор екенін баршамыз мойындаймыз. «Ұстаз болу өз  уақытыңды  аямай, өзгенің бақытын аялау», деп қазақтың көрнекті қаламгері Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс жасасаң, еңбегің еш кетпейді деп түсінемін. Ұстаз үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Өмір бір орнында тұрмайды, үнемі алға жылжып отырады, осыған орай жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, білімін, біліктілігін арттырып отыру керек.

Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық адам бойындағы ұлы қасиет. Ұстаз мәртебесінің артуы ең алдымен ұстаз деген есімге қаншалықты лайық болуына байланысты. Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр, олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуі тиіс. «Мен болмасам, сіз барсыз, үміт еткен ұрпағым», – деп ағартушы ғалым Ы.Алтынсарин нық сеніммен айтып өткендей болашақ ұрпағымыз білімді, көзі ашық, шығармашыл болу үшін, тынбай білім алып, тынбай еңбектену керек. Сондықтан ұрпағымыз білімді болса, болашағымыз жарқын. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – дегендей әрқашан талмай еңбек етуден жалықпайық!

Айжан АБДРАХМАНОВА,
А. Қарсақбаев атындағы №41 мектеп
директорының тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий