Құрметке лайықты ұстаз

Педагогика саласы қызметкерлеріне қажетті қасиеттің бәрі өн бойынан табылатын Сүлейменова Жақсыкүлдің негізгі ұстанымы – сапалы білім, саналы тәрбие берумен қатар оқушылардың дарындылық қабілетін шыңдау, шығармашылық әлеуетін арттыру арқылы оларды патриоттық рухта тәрбиелеу. Өзгенің бақытын аялау үшін, өз уақытын аямай еңбек етіп келе жатқан ол Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты білім ордалары ұстаздарының арасында «Жылдың үздік ұстазы» атанды.

Жақсыкүл Жүрсінбайқызы былтырғы республикалық «Үздік педагог» атағын беру байқауында облыстық кезеңінің жеңімпазы танылып, 300 АЕК көрсеткішіндегі 850 000 теңгелік сыйақыны иеленді. Ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беретін майталман маман ретінде 2018 жыл «Жылдың үздік ұстазы» атағымен марапатталған болатын. Әрі облыстық әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Инновациялық идеялар жобасы» байқауы мен облыстық озық тәжірибелі педагогтер слетінің бірінші дәрежелі дипломын  жеңіп  алды.

Р.Сейтметов атындағы қалалық көркемсөз оқу шеберлері байқауына даярлаған шәкірті Құлжа Гүлім бас жүлдені иеленсе, ІV халықаралық  балалар мен жасөспірімдердің «Нұр әлем жұлдызы» жобасының қолдауындағы «Qazaqstan stars» шығармашылық байқауына қатыстырған  11- сынып оқушысы Сауқым Нұрай да топжарған еді. Ұстаз еңбегі шәкірттерінің шыққан биігімен өлшенері хақ. Кейіпкеріміз қазақ тілі пәнінің мұғалімі ретінде ақын Абайға деген құрметі мен сүйіспеншілігі Алматы қаласында ұйымдастырылған арнайы курстан кейін ерекше артып, бұл бағыттағы бұрыннан қолға алған жүйелі жұмыстарының нәтижесінде мектепте «Абай әлемі» клубын құрып, «Шамшырақ» газетін шығаруды бастады.

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті «Хәкім Абай» ғылыми зерттеу орталығының «Абай даналығы – рухани жаңғырудың темірқазығы» тақырыбындағы конференциясында тағылымды баяндама жасап, ғылыми-зерттеу институты мен  қоғамдық қорының Алғыс хатымен марапатталды. Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай аталған биылғы қыркүйек айында тіл саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін әріптесімізге қала әкімінің Алғыс хатымен және қалалық білім бөлімінің тарапынан түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, атсалысқаны үшін бірнеше Мақтау қағазы, қазақтың асыл азаматы, классик жазушы, аудармашы-журналист, драматург Т.Әлімқұловтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған облыстық іс-шарада белсенділік танытқаны үшін облыстық білім басқармасының арнайы марапатты табысталды.

Үздік ұстаздың ізденіс іздері бұқаралық ақпарат құралдарына жариялаған материалдарынан да көрініс тауып келеді. Соңғы үш жылдан бері Түркістан қаласынан шығатын жергілікті «Ұстаз» газетінің үздік авторы. Мектепте абыройлы ұстаз, білім саласындағы білікті маман болумен қатар отбасында бес ұл-қыз тәрбиелеп отырған ардақты ана. Үш жыл бұрын облыстық «Үздік оқырман отбасы» байқауына өз перзенттерімен қатысып, жаңаша идея және тың дүниелерді бөліскені үшін бас жүлдені жеңіп алды.

Қыздары: Мөлдір, Ақнұр, Гүлім мектепті үздік бітіріп, жоғары оқу орындарын да үздік дипломмен аяқтаса, ұлдары: Жеңіс пен Кемеңгер оқу озаттары. Ұл-қыздарына кішіпейілдік, көпшілдік, имандылық, алғырлық, өжеттік, еңбекқорлық, шығармашылық сияқты қасиеттер анасынан дарыған. Жақсыкүл Жүрсінбайқызы біздің білім ордасына біліктілігі мен іскерлігін арнайы байқау барысында жан-жақты дәлелдеуі арқылы биылғы көктем айында басшылық қызметке тағайындалғалы бері ұлағатты ұстаздар ұжымын ұйымшылдықпен ортақ мақсат жолында жаңаша жұмылдыруға кірісті.  

Қазыбек би атындағы № 21 жалпы
орта мектебінің ұжымы, Түркістан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий