Ауыл мұғалімі үздік ұстаз

Соңғы жылдары ұстаздарды қолдау шаралары жоғары деңгейде іске асырылып келеді. Түрлі деңгейдегі білім бәйгелерінде топ жарған оқушылардың жетістігі білімді де білікті ұстаздардың еңбегі. Биылғы жылдан бастап Президент Жарлығымен бекітілген «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы ұстаздар үшін берілетін жоғары марапат тізіміне енді.

«Педагог мәртебесі» заңы аясында педагогика саласында тұңғыш рет берілген бұл марапат өңір ұстаздары арасында біздің білім ордасындағы бірінші деңгейлі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Жәмилә Әбдінағиқызына бұйырды. Қоржынына құрметті атақты тоғытқан ұстаз 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сыйақыға да ие болды. Облыстағы жиырма екі мыңнан аса ұстаздың ішінен үздік танылған ауыл мұғалімі білім саласына отыз екі жыл еңбек сіңірген, “Білім беру ісінің құрметті қызметкері”, республикалық Білім Академиясы мен мен халықаралық АКСЕЛС қоғамының Құрмет грамоталарының иегері.

Шәкіртсіз ұстаз – тұл. Кез-келген ұстаздың арманы өзі баптаған шәкіртінің бәйгеде оза шауып жеңіс тұғырынан көру болса, Әбжан Жәмилә бұл тұрғыдан бақытты ұстаздардың бірі. Себебі, шәкірттері халықаралық АКСЕЛС қоғамы ұйымдастырған сайыстың жеңімпазы ретінде АҚШ-та білім алса, бірқатар оқушылары «Болашақ» бағдарламасы бойынша Еуропа елдерінде білімдерін шыңдап жатыр. Мұнан бөлек, оқушылары VII, IX, X және XI халықаралық олимпиадалардың алтын, күміс, қола медальдарын мойнына таққан.

Құрметті атаққа қол жеткізген ұстаздың өзі де жетістіктен кенде емес. Әріптестері арасында шет тілінің шебері атанып жүрген ол Америка Құрама Штаттарының елшілігі мен Қазақстан Білім Министрлігі ұйымдастырған ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің сайысында жүлдегері, АҚШ елінің ұстаздарымен тәжірибе алмасуға жолдама алған тәжірибелі тәлімгер.

2020 жылы Америка Құрама Штаттарының елшілігі және Қазақстанның Фулбрайт қауымдастығы ұйымдастырған ауыл мектептеріне арналған семинарда үздік кәсіби шеберлік танытқаны үшін жұмысы өте жоғары бағаланған. Тағы бір айта кетерлігі, үздік ұстаз 2016 жылы халықаралық «Наланда» олим­пиадасының үйлестірушісі қызметін атқарып, үздік ұйымдастырушы ретінде Дубайға екі жолдама жеңіп алған және осы еңбегінің нәтижесінде кейіпкеріміз қызмет ететін мектеп-лицей ұжымы «Белсенді мектеп» кубогымен марапатталған еді.

– Жоғары білімі мен білігін жетілдіруді ойлаған ізденімпаз ұстазға қазіргі ақпараттың тасқыны мен заманауи технологиялардың жаңалығы дамыған кезеңде мүмкіндік өте көп. Олай дейтінім бүгінде ұстаздардың біліктілігін арттыру үшін түрлі онлайн сабақтар шығып жатыр. Бастысы – қол қусырып қарап отырмау қажет. Егер таңның атысы кештің батысы уақыт өткізуді ойлаған педагог болатын болса, оның арты жақсылыққа апармайды, ол одан дамымайды өспейді. Сондай-ақ алдына келген оқушыдан мықты шәкірт дайындап шығармайды. Менің көбіне қорқатыным осы. Ұстаздар құр уақыт өткізбесе екен деймін. Сонда ғана талай қазақ баласы жаһан елдерінің ең биік нүктесінен қарап, қазақ еліне қызмет ететін болады, – дейді ол өз сөзінде.

Республикалық педагогикалық басылымдарда еңбектері жарияланып, «Ағылшын тілі пәні бойынша тест тапсырмалар жинағы» және «Speak English» атты таңдау курсының оқу бағдарламасы» атты әдістемелік құралдарын жарыққа шығарды. Бұл “Үздік ұстаз”, “Үздік авторлық бағдарлама” аталым иегері Жәмилә Әбінағиқызының көптеген жетістігінің бір парасы ғана. Ұлтымыздың кемел келешек иелерін ұлағаттыққа баулып, ұлтжанды ұрпақ пен білімге құштар болашақ көшбасшылар тәрбиелеуде аянбай еңбек еткен әрбір ұстаз жоғары марапатқа әбден лайық.

Е. Бозғұлов атындағы №249 мектеп
лицей ұжымы, Қызылорда облысының
Қазалы ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий